+A A -A

«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM

Қазақша Русский

«Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 25 мамырдағы

№ 333-VI ҚРЗ

Осы Заң Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленген Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт және қарусыз жиналып, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеу өткiзу құқығын iске асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) бейбiт жиналыс — сипатына қарай бейбiт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерiне қатер төндiрмейтiн болып табылатын, Қазақстан Республикасының азаматтары жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу нысанында өткiзетiн жария iс-шара;

2) бейбiт жиналысқа қатысушы — бейбiт жиналысқа өз еркiмен қатысатын Қазақстан Республикасының азаматы;

3) бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орын — республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлдi органы бейбiт жиналыстар өткiзу үшiн айқындаған жалпыға ортақ пайдаланылатын орын немесе жүру маршруты;

4) бейбiт жиналысты ұйымдастырушы — бейбiт жиналыс өткiзуге бастамашы болатын, оны өткiзудi ұйымдастыратын және бейбiт жиналыс барысы мен оған қатысушыларға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы немесе кәмелетке толған азаматтарының тобы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген заңды тұлға;

5) демонстрация — қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерi (әрекетсiздiгi) бойынша пiкiрiн жария бiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының белгiлi бiр уақытта белгiлi бiр маршрут бойынша қозғалысы, бұл көлiк құралдары пайдаланыла отырып, дыбыс күшейткiш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекi үгiттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе пайдаланылмай, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

6) жергiлiктi атқарушы орган — республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкiмi басқаратын, өз құзыретi шегiнде тиiстi аумақта жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды және өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

7) жиналыс — қоғамдық маңызы бар мәселелердi және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) ұжымдық жария талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының белгiлi бiр жерде, белгiлi бiр уақытта бiрлесiп болуы;

8) митинг — қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерi (әрекетсiздiгi) бойынша пiкiрiн жария бiлдiру үшiн Қазақстан Республикасы азаматтарының белгiлi бiр жерде, белгiлi бiр уақытта бiрлесiп болуы, бұл дыбыс күшейткiш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекi үгiттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

9) өтiнiштi келiсу — жергiлiктi атқарушы орган демонстрация, шеру нысанында бейбiт жиналыс өткiзуге беретiн құжат;

10) пикеттеу — қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерi (әрекетсiздiгi) бойынша пiкiрiн жария бiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының бiр азаматының белгiлi бiр жерде, белгiлi бiр уақытта болуы, бұл қозғалыссыз және дыбыс күшейткiш техникалық құралдар пайдаланылмай, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекi үгiттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады;

11) хабарлама — бейбiт жиналысты ұйымдастырушы жергiлiктi атқарушы органға жiберетiн, белгiлi бiр жерде және белгiлi бiр уақытта пикеттеу, жиналыс немесе митинг нысанында бейбiт жиналыс өткiзу ниетi туралы алдын ала құлақтандыру;

12) шеру — қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттерi (әрекетсiздiгi) бойынша пiкiрiн жария бiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтары тобының көлiк құралдарын пайдаланбай белгiлi бiр уақытта, белгiлi бiр маршрут бойынша жүрiп өтуi, бұл дыбыс күшейткiш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекi үгiттеу құралдары пайдаланыла отырып немесе онсыз, талаптар қойыла отырып немесе онсыз жүзеге асырылады.

2-бап. Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесiнде осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, бейбiт жиналыстар бостандығы құқығы шектелмейдi.

3. Осы Заңды бұза отырып, жиналыс, митинг, демонстрация, шеру және пикеттеу өткiзуге тыйым салынады.

4. Төтенше, соғыс жағдайы немесе терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимi енгiзiлген кезде олардың қолданылу кезеңiнде бейбiт жиналыстар өткiзуге "Төтенше жағдай туралы", "Соғыс жағдайы туралы" және "Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тыйым салынуы немесе шектеу қойылуы мүмкiн.

5. Осы Заңның күшi жабық үй-жайларда iс-шаралар, ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шаралар, жергiлiктi қоғамдастықтардың жиналыстары мен жиындарын, көппәтерлi тұрғын үй пәтерлерi, тұрғын емес үй-жайлары меншiк иелерiнiң жиналыстарын, сондай-ақ құдайға құлшылық ету, дiни жоралар, рәсiмдер және (немесе) жиналыстар өткiзуге байланысты қоғамдық қатынастарға қолданылмайды, оларды өткiзу тәртiбi "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы", "Мәдениет туралы", "Дене шынықтыру және спорт туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

6. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу қағидаттары

Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу мынадай қағидаттарға негiзделедi:

1) күш қолданылмайтын сипат;

2) заңдылық;

3) мемлекеттiк қауiпсiздiктi, қоғамдық тәртiптi, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету;

4) қатысу ерiктiлiгi;

5) бейбiт жиналыстар өткiзу пайдасына презумпция;

6) тараптар жауаптылығы.

2-тарау. БЕЙБIТ ЖИНАЛЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ӨТКIЗУ ТӘРТIБI

4-бап. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру

Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыруға мыналар жатады:

1) бейбiт жиналыстарға ықтимал қатысушыларды құлақтандыру;

2) жергiлiктi атқарушы органға бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарлама немесе келiсудi алу туралы өтiнiш беру;

3) бейбiт жиналыстарды өткiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың және (немесе) ұйымдардың бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыларға медициналық және өзге де қажеттi көмек беруге құзыретi шегiнде жәрдем көрсетуi;

4) үгiттеудi Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсiлдермен жүргiзу;

5) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының мемлекеттiк кауiпсiздiктi, қоғамдық тәртiптi, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бейбiт жиналыстарға қатысушылармен түсiндiру жұмысын жүргiзуi;

6) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн, бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу мақсатында жасалатын өзге де әрекеттер.

5-бап. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы

1. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының:

1) пiкiрлерiн, талаптарын жария бiлдiруге, бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде шешiмдер қабылдауға;

2) осы Заңда белгiленген тәртiппен бейбiт жиналыстар өткiзуге;

3) осы Заңның 15-бабында белгiленген тәртiппен үгiттеу жүргiзуге;

4) мемлекеттiк органдардың және (немесе) ұйымдардың құзыретi шегiнде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге, медициналық көмектi және өзге де қажеттi көмектi ұйымдастыруға жәрдемдесу жөнiнде қолданып жатқан шаралары туралы ақпарат алуға;

5) азаматтардың талаптарына, өтiнiштерiне қол жинауды ұйымдастыруға;

6) осы Заңда көзделген жағдайларда бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде дыбыс деңгейi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетiн дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекi үгiттеу құралдарын, сондай-ақ көлiк құралдарын пайдалануға;

7) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсiрiлiм жасауға;

8) медициналық көмек көрсетуге және бейбiт жиналыстар өткiзу орнынан қауiпсiз эвакуациялауға жүгiнуге;

9) бейбiт жиналыстарды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

10) бейбiт жиналыстар өткiзуден бас тартуға;

11) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

2. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы:

1) осы Заңның талаптарын сақтауға;

2) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн құрметтеуге;

3) жергiлiктi атқарушы орган өкiлiнiң және құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарын орындауға;

4) бейбiт жиналыстарға қатысушылардан қоғамдық тәртiптi және оларды өткiзу регламентiн сақтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол бермеудi талап етуге;

5) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген жағдайларда жергiлiктi атқарушы орган өкiлiнiң, құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң талап етуi бойынша, бейбiт жиналыстарға қатысушыларға осындай талапты орындау қажеттiгi туралы ақпарат бере отырып, бейбiт жиналыстарды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

6) бейбiт жиналыстар өткiзiлу кезiнде оларға қатысушылардың қауiпсiздiгi үшiн жағдай жасауға, ғимараттардың, құрылысжайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл екпелердiң, сондай-ақ өзге де мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;

7) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының айырым белгiсiн тағып жүруге;

8) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы бейбiт жиналыс өткiзуден бас тарту туралы шешiм қабылдаған жағдайда дереу жергiлiктi атқарушы органға және азаматтарға бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желiлерi арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де тәсiлдермен ақпарат беруге, сондай-ақ үгiттеудi тоқтатуға;

9) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде оларға қатысушылардың және басқа да адамдардың өмiрiн, денсаулығын қорғауға, қоғамдық тәртiптi қорғауға және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған iшкi iстер және (немесе) прокуратура органдары қызметкерлерiнiң талаптарын орындауға, iшкi iстер органдарына қоғамдық тәртiптi қорғауды қамтамасыз етуде жәрдемдесуге;

10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асыруға мiндеттi.

3. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыға бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзуға, жаппай тәртiпсiздiктерге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға үндеуге, билiктi басып алуға немесе ұстап тұруға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге насихаттауға немесе жария үндеуге;

2) көлiктiң, инфрақұрылым объектiлерiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiне, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүлiктiң сақталуына бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбiт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркiн жүрiп-тұруына кедергi келтiретiн әрекеттер жасауға;

3) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың адам мен азаматтың өмiрiн, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн қорғау, қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенiн орындауы кезiнде олардың қызметiне кедергi келтiруге;

4) қоғамдық тәртiптi және бейбiт жиналыстарға қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жеке күзет ұйымдарын тартуға;

5) жергiлiктi атқарушы органмен келiспей киiз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға;

6) өзiмен бiрге суық, атыс қаруын және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншiгiне материалдық нұқсан келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн арнайы дайындалған немесе бейiмделген нәрселердi (заттарды, бұйымдарды) алып жүруге;

7) алкоголь өнiмiн, есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестердi таратумен және (немесе) тұтынумен айналысуға, сондай-ақ алкогольдiк, есiрткiлiк және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуға;

8) денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және (немесе) өзге де заттарды пайдалануға;

9) үгiттеу мен бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзуға, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған нышанды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынған террористiк немесе экстремистiк ұйымдардың нышанын, иллюстрациялық материалдарын пайдалануға тыйым салынады.

4. Ұйымдастырушы немесе ұйымдастырушының өкiлi болмаған кезде бейбiт жиналыстар өткiзуге жол берiлмейдi.

5. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының өкiлдерi ұйымдастырушы сияқты дәл сондай құқықтарды пайдаланады және дәл сондай мiндеттердi атқарады.

6. Мыналар:

1) сот әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған немесе сот үкiмiмен жазасын өтеу кезеңiнде түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза тағайындалған Қазақстан Республикасының азаматы;

2) жаппай тәртiпсiздiктерге қатысқаны, мемлекетке опасыздық жасағаны, тыңшылық, экстремистiк және террористiк қылмыстар, бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiн бұзғаны үшiн өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар Қазақстан Республикасының азаматы;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркеуден өтпеген заңды тұлға;

4) қызметi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған ұйым бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы бола алмайды.

6-бап. Бейбiт жиналыстарға қатысушы

1. Бейбiт жиналыстарға қатысушының:

1) пiкiрiн жария бiлдiруге;

2) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде шешiмдердi талқылауға және қабылдауға, өзге де ұжымдық әрекеттерге қатысуға;

3) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыдан және (немесе) жергiлiктi атқарушы органнан бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу жөнiнде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат алуға;

4) бейбiт жиналыстар мәселелерi бойынша келiсетiнiн не келiспейтiнiн бiлдiруге;

5) осы Заңда көзделген жағдайларда бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде дыбыс деңгейi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетiн дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекi үгiттеу құралдарын, сондай-ақ көлiк құралдарын пайдалануға;

6) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне- және фототүсiрiлiм жасауға;

7) медициналық көмек көрсетуге және бейбiт жиналыстар өткiзу орнынан қауiпсiз эвакуациялауға жүгiнуге;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

2. Бейбiт жиналыстарға қатысушы:

1) осы Заңның талаптарын сақтауға;

2) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының, жергiлiктi атқарушы орган өкiлiнiң және құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарын орындауға;

3) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн құрметтеуге;

4) қоғамдық тәртiптi және бейбiт жиналыстар өткiзу регламентiн сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол бермеуге;

5) бейбiт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркiн жүрiп-тұруына кедергi келтiрмеуге;

6) ғимараттардың, құрылысжайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл екпелердiң, сондай-ақ өзге де мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;

7) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде оларға қатысушылардың және басқа да адамдардың өмiрiн, денсаулығын қорғауға, қоғамдық тәртiптi қорғауға және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған iшкi iстер және (немесе) прокуратура органдары қызметкерлерiнiң талаптарын орындауға;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асыруға мiндеттi.

3. Бейбiт жиналыстарға қатысушыға:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзуға, жаппай тәртiпсiздiктерге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға үндеуге, билiктi басып алуға немесе ұстап тұруға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге насихаттауға немесе жария үндеуге;

2) көлiктiң, инфрақұрылым объектiлерiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiне, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүлiктiң сақталуына бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбiт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркiн жүрiп-тұруына кедергi келтiретiн әрекеттер жасауға;

3) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың адам мен азаматтың өмiрiн, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн қорғау, қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенiн орындауы кезiнде олардың қызметiне кедергi келтiруге;

4) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыда жергiлiктi атқарушы органның тиiстi келiсiмi болмаған кезде киiз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға;

5) өзiмен бiрге суық, атыс қаруын және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншiгiне материалдық нұқсан келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн арнайы дайындалған немесе бейiмделген нәрселердi (заттарды, бұйымдарды) алып жүруге;

6) алкоголь өнiмiн, есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестердi таратумен және (немесе) тұтынумен айналысуға, сондай-ақ алкогольдiк, есiрткiлiк және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуға;

7) денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және (немесе) өзге де заттарды пайдалануға;

8) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзуға, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға бағытталған нышанды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тыйым салынған террористiк немесе экстремистiк ұйымдардың нышанын, иллюстрациялық материалдарын пайдалануға;

9) бейбiт жиналыстарға қатысқаны үшiн материалдық сыйақы алуға тыйым салынады.

7-бап. Журналистiң (бұқаралық ақпарат құралы өкiлiнiң) қызметi

1. Журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) бейбiт жиналыстар өткiзiлу кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құқықтарды пайдаланады.

2. Журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) бейбiт жиналыстар кезiнде:

1) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылардың, сондай-ақ мемлекеттiк органдар, ұйымдар қызметкерлерiнiң заңды әрекеттерiне кедергi келтiрмеуге;

2) көлiктiң, инфрақұрылым объектiлерiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуi, мүлiктiң сақталуы үшiн бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбiт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркiн жүрiп-тұруына кедергi келтiретiн әрекеттер жасамауға мiндеттi.

8-бап. Мемлекеттiк органдардың құзыретi

1. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара iс-қимылы саласындағы уәкiлеттi орган бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының айырым белгiлерiнiң нысандарын әзiрлейдi және бекiтедi.

2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi өкiлдi органы:

1) бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды, бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды пайдалану тәртiбiн, олардың шектi толу нормаларын, сондай-ақ бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды айқындайды;

2) пикеттеудi өткiзуге тыйым салынған iргелес аумақтардың шекараларын айқындайды;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3. Жергiлiктi атқарушы орган:

1) бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламаларды немесе келiсудi алу туралы өтiнiштердi осы Заңның 11 және 13-баптарында белгiленген мерзiмдерде қарайды;

2) бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламаны немесе келiсудi алу туралы өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша осы Заңның 11 және 13-баптарында белгiленген мерзiмдерде бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыларға қабылданған шешiм туралы хабарлайды;

3) бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде мемлекеттiк қауiпсiздiкке, қоғамдық тәртiпке, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнген жағдайда шатырларды, киiз үйлердi, құрылысжайларды орнатудан, дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды, көлiк құралдарын пайдаланудан бас тартады;

4) осы Заңның 11 және 13-баптарында белгiленген жағдайларда және мерзiмдерде бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыға бейбiт жиналыстардың өзге өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын ұсынады;

5) бейбiт жиналыстардың нысанына және оған қатысушылардың санына қарай бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыға осы Заңға сәйкес бейбiт жиналыстар өткiзуге жәрдем көрсету мақсатында өз өкiлдерiн тағайындайды;

6) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушыларға бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу жөнiнде қолданылып жатқан шаралар туралы ақпарат бередi;

7) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыдан осы Заңның 17 және 18-баптарына сәйкес бейбiт жиналыстарды тоқтата тұруды немесе тоқтатуды талап етедi;

8) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген жағдайларда бейбiт жиналыстарды тоқтата тұрады немесе тоқтатады;

9) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының жазбаша немесе электрондық нысанда бiлдiрген, бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келiсетiнi туралы жауабы болмаған немесе келiспеген жағдайда, бейбiт жиналыстарды өткiзуден бас тарту туралы шешiм шығарады;

10) өзiнiң интернет-ресурсында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындардың тiзбесiн, сондай-ақ олардың бос-бос еместiгi туралы ақпаратты орналастырады;

11) өзiне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

4. Құқық қорғау органдарының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

9-бап. Бейбiт жиналыстарды өткiзу орны мен уақыты

1. Бейбiт жиналыстар бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарда өткiзiледi. Пикеттеудi қоспағанда, өзге орындарда бейбiт жиналыстар өткiзуге тыйым салынады.

Осы баптың 5-тармағында көрсетiлген орындарда пикеттеудi өткiзуге тыйым салынады.

2. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды айқындаған және оларды пайдалану тәртiбiн белгiлеген кезде бейбiт жиналыстардың мақсатына қол жеткiзу мүмкiндiгi, бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң орталық және өзге де бөлiктерiнде белгiлеу, ұйымдастыру ыңғайлылығы, бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың инфрақұрылым объектiлерiн пайдалану мүмкiндiгi, санитариялық нормалар мен қағидаларды сақтау, бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың, басқа да адамдардың қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.

Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, сондай-ақ облыстардың әкiмшiлiк орталықтары аудандарының орталық бөлiктерiндегi пикеттеу, жиналыстар немесе митингiлер ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындар саны үштен кем болмауға тиiс.

3. Дәл сол бiр жерде және (немесе) дәл сол бiр жүру маршруты бойынша не дәл сол бiр уақытта бейбiт жиналыс өткiзуге бiр мезгiлде бiрнеше бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы үмiткер болған жағдайда, көрсетiлген орынды пайдалану кезектiлiгiн жергiлiктi атқарушы орган бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыдан тиiстi хабарламаны немесе өтiнiштi алған уақытын негiзге ала отырып айқындайды.

4. Бейбiт жиналыстарды бейбiт жиналыстар өткiзiлетiн күнi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi уақыты бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды.

5. Пикеттеудi өткiзуге:

1) жаппай жерлеу орындарында;

2) темiржол, су, әуе және автомобиль көлiгi объектiлерiнде және оларға iргелес жатқан аумақтарда;

3) мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, қауiпсiздiгiн және халықтың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдарға iргелес жатқан аумақтарда;

4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң — Елбасының резиденцияларына iргелес жатқан аумақтарда;

5) қауiптi өндiрiстiк объектiлерге және пайдалануы арнайы қауiпсiздiк техникасы қағидаларын сақтауды талап ететiн өзге де объектiлерге iргелес жатқан аумақтарда;

6) магистральдық темiржол желiлерiнде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желiсiнде, магистральдық байланыс желiлерiнде және оларға iргелес жатқан аумақтарда тыйым салынады.

6. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бiр жерде дәл сол бiр уақытта дәл сол бiр объектiде екi және одан көп пикет өткiзуге жол берiлмейдi.

Пикеттеу ұзақтығы, бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бiр жерде дәл сол бiр объектiде күнiне екi сағаттан аспауға тиiс.

10-бап. Бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарлама

1. Пикеттеу, жиналыс, митинг нысанында бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламаны бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы жергiлiктi атқарушы органға өткiзiлетiн күнiне дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде қағаз жеткiзгiште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында бередi.

2. Хабарламаның жергiлiктi атқарушы органда тiркелген күнi бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламаны беру күнi болып табылады.

3. Бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламада:

1) бейбiт жиналыстың мақсаты;

2) бейбiт жиналыстың нысаны;

3) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкiлiнiң (болған кезде) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендiру нөмiрi, тұрғылықты жерi немесе уақытша болатын (тұратын) жерi не бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, орналасқан жерi;

4) бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орын, пикеттер үшiн — өткiзу орны;

5) бейбiт жиналыстың басталатын және аяқталатын күнi, уақыты;

6) қатысушылардың болжамды саны;

7) киiз үйлер, шатырлар мен өзге де құрылысжайлар орнату туралы мәлiметтер;

8) осы Заңда көзделген жағдайларда дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекi үгiттеу құралдарын пайдалану ниетi;

9) пикеттеудi қоспағанда, ұйымдастырушы бекiткен бейбiт жиналыстар өткiзу регламентi;

10) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкiлiнiң (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттiк нөмiрi;

11) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкiлiнiң (болған кезде) хабарламада көрсетiлген өз дербес деректерiн жинауға, өңдеуге келiсiмi;

12) бейбiт жиналыстар өткiзудi қаржыландыру көздерi;

13) бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламаның берiлген күнi және ұйымдастырушының немесе оның өкiлiнiң (болған кезде) қолтаңбасы көрсетiледi.

11-бап. Хабарламаны қарау тәртiбi

1. Жергiлiктi атқарушы орган хабарлама тiркелген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде бейбiт жиналысты ұйымдастырушыға:

1) киiз үйлердi, шатырларды, өзге де құрылысжайларды орнатпай, дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды пайдаланбай пикеттеу, жиналыс, митинг өткiзу туралы;

2) осы Заңның 14-бабында көзделген негiздер бойынша пикеттеудi, жиналысты, митингiнi өткiзуден бас тарту туралы;

3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттiк қауiпсiздiктi, сондай-ақ көлiктiң, инфрақұрылым объектiлерiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiн, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында пикеттеудiң, жиналыстың, митингiнiң орнын және (немесе) уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.

Хабарламаны қарау мерзiмi өткен соң жергiлiктi атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берiлген хабарламаға сәйкес бейбiт жиналыс өткiзедi.

2. Жергiлiктi атқарушы орган бейбiт жиналысты ұйымдастырушыға қабылданған шешiм туралы мынадай тәсiлдердiң бiрiмен:

1) қолма-қол;

2) табыс етiлгенi туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтiлiмi нысанында;

3) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы;

4) ұйымдастырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайы бойынша;

5) ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттiк нөмiрi бойынша хабарлайды.

Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнiң 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген тәсiлдермен жiберiлген жағдайда, шешiм табыс етiлгенi туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтiлiмiмен де жiберiледi.

3. Бейбiт жиналысты ұйымдастырушы бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсынысты алған күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде жергiлiктi атқарушы органға бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге өзiнiң келiсетiнi немесе келiспейтiнi туралы мынадай нысандардың бiрiмен:

жазбаша (қолма-қол);

электрондық нысанда (ұсыныс келiп түскен электрондық поштаның мекенжайына немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы);

ұсыныс келiп түскен ұялы байланыстың абоненттiк нөмiрi бойынша хабарлайды.

Бейбiт жиналысты ұйымдастырушы бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге келiскен жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган бейбiт жиналыстарды өткiзуден бас тартуға құқылы емес.

Бейбiт жиналысты ұйымдастырушының бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге келiсетiнi туралы жауабы болмаған немесе келiспеген жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган бейбiт жиналыстарды өткiзуден бас тарту туралы шешiм шығарады.

12-бап. Келiсудi алу туралы өтiнiш

1. Демонстрация, шеру нысанында бейбiт жиналыстар өткiзуге келiсудi алу туралы өтiнiштi бейбiт жиналысты ұйымдастырушы жергiлiктi атқарушы органға өткiзiлетiн күнiне дейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде қағаз жеткiзгiште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында бередi.

Өтiнiштiң жергiлiктi атқарушы органда тiркелген күнi келiсудi алу туралы өтiнiштi беру күнi болып табылады.

2. Келiсудi алу туралы өтiнiште:

1) бейбiт жиналыстың мақсаты;

2) бейбiт жиналыстың нысаны;

3) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкiлiнiң (болған кезде) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендiру нөмiрi, тұрғылықты жерi немесе уақытша болатын (тұратын) жерi не бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, орналасқан жерi;

4) бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орын және (немесе) қатысушылардың жүру маршруты;

5) бейбiт жиналыстың басталатын және аяқталатын күнi, уақыты;

6) қатысушылардың болжамды саны;

7) осы Заңда көзделген жағдайларда қоғамдық тәртiптi қорғауды, медициналық көмек ұйымдастыруды, өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жәрдемдесу шаралары, дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекi үгiттеу құралдарын, көлiк құралдарын пайдалану ниетi;

8) қажет болған жағдайда — көлiк құралдарының жалпы саны мен санаттары, маршруттың ұзындығын, басталатын және аяқталатын орнын қоса алғанда, олардың қозғалыс маршруты;

9) ұйымдастырушы бекiткен бейбiт жиналыстар өткiзу регламентi;

10) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкiлiнiң (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттiк нөмiрi;

11) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкiлiнiң (болған кезде) өтiнiште көрсетiлген өз дербес деректерiн жинауға, өңдеуге келiсiмi;

12) бейбiт жиналыстар өткiзудi қаржыландыру көздерi;

13) келiсудi алу туралы өтiнiштiң берiлген күнi және ұйымдастырушының немесе оның өкiлiнiң (болған кезде) қолтаңбасы көрсетiледi.

13-бап. Келiсудi алу туралы өтiнiштi қарау тәртiбi

1. Жергiлiктi атқарушы орган өтiнiштi қарайды және тiркелген күнiнен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде бейбiт жиналысты ұйымдастырушыға:

1) демонстрация, шеру өткiзудiң келiсiлгенi туралы;

2) демонстрацияны, шерудi дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды, көлiк құралдарын пайдаланбай өткiзудiң келiсiлгенi туралы;

3) осы Заңның 14-бабында көзделген негiздер бойынша өткiзуден бас тартылғаны туралы;

4) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттiк қауiпсiздiктi, сондай-ақ көлiктiң, инфрақұрылым объектiлерiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiн, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.

2. Жергiлiктi атқарушы орган бейбiт жиналысты ұйымдастырушыға қабылданған шешiм туралы мынадай тәсiлдердiң бiрiмен:

1) қолма-қол;

2) табыс етiлгенi туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтiлiмi нысанында;

3) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы;

4) ұйымдастырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайы бойынша;

5) бейбiт жиналысты ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттiк нөмiрi бойынша хабарлайды.

Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнiң 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген тәсiлдермен жiберiлген жағдайда, шешiм табыс етiлгенi туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтiлiмiмен де жiберiледi.

3. Бейбiт жиналысты ұйымдастырушы бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту туралы ұсынысты алған күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде жергiлiктi атқарушы органға бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге өзiнiң келiсетiнi немесе келiспейтiнi туралы мынадай нысандардың бiрiмен:

жазбаша (қолма-қол);

электрондық нысанда (ұсыныс келiп түскен электрондық поштаның мекенжайына немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы);

ұсыныс келiп түскен ұялы байланыстың абоненттiк нөмiрi бойынша хабарлайды.

Бейбiт жиналысты ұйымдастырушы бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келiскен жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган бейбiт жиналыстарды өткiзуден бас тартуға құқылы емес.

Бейбiт жиналысты ұйымдастырушының бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келiсетiнi туралы жауабы болмаған немесе келiспеген жағдайда, жергiлiктi атқарушы орган бейбiт жиналыстарды өткiзуден бас тарту туралы шешiм шығарады.

14-бап. Бейбiт жиналыстар өткiзуден бас тарту

1. Жергiлiктi атқарушы орган осы Заңның 11-бабының 1-тармағында және 13-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiмдерде бейбiт жиналыстар өткiзуден:

1) егер олардың мақсаттары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттiң қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң басқа да ережелерiн бұзу болып табылса;

2) егер бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы осы Заңның 5-бабының 6-тармағында аталған тұлға болса;

3) егер мемлекеттiк қауiпсiздiкке, қоғамдық тәртiптiң бұзылуына, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнсе;

4) егер бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушы осы Заңның 10 және 12-баптарында белгiленген, бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламаның немесе келiсудi алу туралы өтiнiштiң мерзiмдерiн бұзса;

5) осы Заңның 10-бабының 3-тармағында және 12-бабының 2-тармағында көрсетiлген ақпарат толық берiлмеген немесе бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушының немесе оның өкiлiнiң (болған кезде) қолтаңбасы болмаған жағдайда;

6) ұсынылған құжаттардың анық емес екендiгi немесе бейбiт жиналыстарды өткiзу үшiн қажеттi құжаттардың, деректер мен мәлiметтердiң Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi анықталған жағдайда;

7) егер бейбiт жиналыстардың ұйымдастырылуы мен өткiзiлуiн қаржыландыруды:

жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тiзбесiне және (немесе) терроризмдi және экстремизмдi қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тiзбесiне енгiзiлген жеке тұлғалар және (немесе) заңды тұлғалар;

қызметi Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлға;

шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдiк заңды тұлғалар жүзеге асырса;

8) осы Заңның 2-бабының 4-тармағында, 9-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларда;

9) егер қатысушылардың болжамды саны бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындардың шектi толу нормаларынан асып түссе;

10) егер осындай iс-шараларды өткiзудiң болжамды уақытында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарда басқа ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және өзге де iс-шаралардың өткiзiлуi жоспарланса, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылып жатса, бас тартады.

2. Бейбiт жиналыстар өткiзуден бас тарту туралы шешiм негiздi әрi уәждi болуға тиiс және оған Қазақстан Республикасының заңына сәйкес шағым жасалуы мүмкiн.

15-бап. Үгiттеу

1. Бейбiт жиналысты ұйымдастырушының және Қазақстан Республикасының өзге де азаматтарының:

1) осы Заңның 11 және 13-баптарына сәйкес бейбiт жиналыстар өткiзу туралы хабарламаны және келiсудi алу туралы өтiнiштi қарау немесе жергiлiктi атқарушы органның шешiмiн алу мерзiмдерi өткеннен;

2) осы Заңның 11-бабының 3-тармағына және 13-бабының 3-тармағына сәйкес бейбiт жиналысты ұйымдастырушы бейбiт жиналыстардың өткiзу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту туралы келiсiмiн бергеннен кейiн бейбiт жиналыстардың өткiзу орны және (немесе) жүру маршруты не уақыты, бейбiт жиналыстарды өткiзу мақсаттары туралы ақпаратты және оларды ұйымдастыру мен өткiзуге байланысты өзге де ақпаратты хабарлай отырып, үгiттеудi кедергiсiз жүргiзуге, осы Заңда тыйым салынбаған нышанды, иллюстрациялық материалдарды пайдалануға, сондай-ақ осы iс-шараларға қатысуға үгiттеуге құқығы бар.

2. Үгiттеу жүргiзу үшiн үндеухаттар, плакаттар мен хабарландырулар таратылуы, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де тәсiлдер пайдаланылуы мүмкiн.

16-бап. Бейбiт жиналыстар өткiзудi материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету

1. Бейбiт жиналыстар өткiзудi материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етудi оларды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылар өз қаражаты есебiнен, сондай-ақ осы бейбiт жиналыстарды өткiзу үшiн жиналған және (немесе) берiлген қаражат пен мүлiк есебiнен, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгiленбесе, жүзеге асырады.

2. Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыруды және өткiзудi:

жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тiзбесiне және (немесе) терроризмдi және экстремизмдi қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тiзбесiне енгiзiлген жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың;

қызметi Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлғаның;

шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың қаржыландыруына тыйым салынады.

3. Жергiлiктi атқарушы органның келiсiмiнсiз бейбiт жиналыстар ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарда киiз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға тыйым салынады.

17-бап. Бейбiт жиналыстарды тоқтата тұру негiздерi мен тәртiбi

1. Егер бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде оған қатысушылардың кiнәсiнан адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрмейтiн құқықтық тәртiптi бұзу орын алса, жергiлiктi атқарушы органның өкiлi бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыдан осы бұзушылықты өз бетiнше немесе өзiмен бiрлесiп жоюды талап етуге құқылы.

2. Бұзушылықты жою туралы заңды талап орындалмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның өкiлi бұзушылықты жою үшiн өзi белгiлеген уақытқа бейбiт жиналыстарды тоқтата тұрады. Бұзушылық жойылған кезде бейбiт жиналыстар өткiзу оларды ұйымдастырушы мен жергiлiктi атқарушы органның өкiлi арасындағы келiсу бойынша жалғасады.

3. Егер бұзушылық жергiлiктi атқарушы органның өкiлi белгiлеген уақыт өткеннен кейiн жойылмаса, бейбiт жиналыстар осы Заңның 18-бабында көзделген тәртiппен тоқтатылуға тиiс.

18-бап. Бейбiт жиналыстарды тоқтату негiздерi мен тәртiбi

1. Бейбiт жиналыстарды тоқтату негiздерi мыналар болып табылады:

1) азаматтардың өмiрi мен денсаулығына, қоғамдық тәртiпке және (немесе) қоғамдық қауiпсiздiкке нақты қатердiң төнуi, мүлiкке, оның iшiнде бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орынның шектi толу нормасынан асып түсу салдарынан нұқсан келтiру;

2) әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң басқа да ережелерiн бұзуға үндеулер;

3) бейбiт жиналыстарды өткiзу нысанын өзгерту;

4) осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген жағдай;

5) ұйымдастырушының бейбiт жиналыс өткiзуден бас тартуы;

6) бейбiт жиналыс өткiзу уақытының өтуi.

2. Бейбiт жиналыстарды тоқтату туралы шешiм қабылданған жағдайда, жергiлiктi атқарушы органның өкiлi:

1) бейбiт жиналыстарды ұйымдастырушыдан не оларға қатысушылардан бейбiт жиналыстарды өз еркiмен тоқтатуды талап етедi;

2) бейбiт жиналыстарды тоқтату туралы талапты орындау үшiн уақыт белгiлейдi.

3. Бейбiт жиналыстарды тоқтату туралы талап орындалмаған жағдайда iшкi iстер органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейбiт жиналыстарды мәжбүрлеп тоқтату жөнiнде қажеттi шараларды қолданады.

4. Бейбiт жиналыстарға қатысушының (қатысушылардың) осы Заңның талаптарын бұзуы оның (олардың) бейбiт жиналыстарға қатысуын тоқтатуға алып келедi және ол жойылған жағдайда, бейбiт жиналыстарды тоқтату үшiн негiз болып табылмайды.

3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

19-бап. Бейбiт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешiмдер мен әрекеттерге (әрекетсiздiкке) шағым жасау

Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

20-бап. Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа алып келедi.

21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

2. "Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., № 1-2, 19-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының

ПрезидентiҚ. ТОҚАЕВ

Мақаланы құрған күні 18.06.2020 12:15
Мақаланы жаңартқан күні 18.06.2020 12:15
Қаралым саны: 314