Зейнетақының сақталуына мемлекет кепіл

Зейнетақы жинақтарының сақталуы — әрбiр қазақстандықты толғандыратын келелi мәселелердiң бiрi. Бүгiнгi салымшылардың басым бөлiгi ондаған жылдардан кейiн зейнетке шығатынын ескерсек, жұртшылықтың алаңдаушылығын түсiну қиын емес. Қарттық шағына қаржы жинауға асықпайтын кей отандастырмыз да өз бейқамдығын ақтау үшiн «Зейнетақымыздың сақталатынына кiм кепiл?» деген сылтау айтады. Шын мәнiсiнде Қазақстан азаматтардың зейнетақы жинақтарының зейнетке шығу сәтiндегi инфляция деңгейiн ескере отырып сақталуына кепiлдiк беретiн бiрден –бiр елдердiң санатында екенiнен халықтың көпшiлiгi бейхабар .

Мiндеттi жинақтаушы зейнетақы жүйесi жұмыс iстейтiн Жапония, Чехия, Словакия сынды елдермен салыстырмалы түрде алатын болсақ, оларда зейнетақы жинақтарына инвестициялық табыс мүлде қарастырылмаған. Бұл елдердегi басқарушы қорлар жарналардың номиналды, яғни нақты жиналған сомасының сақталуына ғана кепiлдiк бередi. Бұл дегенiңiз инфляция есепке алынбайды, инвестициялық табыс нольге тең деген сөз. Басқаша айтқанда, адам қорға қанша жарна аударса, ақырында қолына сонша қаржы тиедi.

Словенияда басқарушылардың шектi табысы мемлекеттiк облигациялардың орташа табыстылығының 40 пайызынан кем болмауы заң жүзiнде бекiтiлген. Чилиде басқарушы қорлардың табыстылығы әркелкi, бiрақ алдыңғы 36 айдағы шынайы табыстылықтың орташа көрсеткiшiнiң 2 пайызынан кем болмауы тиiс. Германияда зейнетақы қорлары зейнетке шыққан күнге 2,25 пайыз табыстылыққа кепiлдiк бередi. Венгрияда зейнетақы қорларының инвестиция табыстылығы мемлекеттiк облигациялар табыстылығының 15 пайызынан кем болмауы кепiлдендiрiлген. Ал Австрия, Швеция, Эстония, Израиль, Мексика және Норвегия сынды елдерде зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттiк кепiлдiк мүлде қарастырылмаған.

Өзге елдердегi жағдайды қысқаша шолып шықтық. Ал бiздiң елiмiзде зейнетақы жүйесi қалай жұмыс iстейдi? Зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесiн Қазақстан осыдан 15 жыл бұрын қолға алды. Сол шақта салымшылардың нақты аударылған зейнетақы жарналарының зейнетке шыққан сәттегi инфляция деңгейiн ескере отырып сақталуына мемлекет кепiл болатыны құқықтық тұрғыда негiзделдi. Заң тiлiмен айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңында «Мемлекет салымшыларға мiндеттi зейнетақы жарналарының (МЗЖ), мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жинақтарының (МКЗЖ) нақты салынған мөлшерiнiң зейнетақы алу құқығы туындаған сәттегi инфляция деңгейiн ескере отырып, сақталуын қамтамасыз етедi».

2013 жылы Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуы да бiрiншi кезекте салымшылардың мүддесiн қорғауға бағытталған болатын. Бұған дейiн жұмыс iстеген жеке зейнетақы қорларының бiрқатары активтердi тиiмсiз басқарғандықтан, салымшылардың есепшоттарындағы табыс көрсеткiшi нольден төмен түсiп кеткен. Жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшылардың мүддесiнен олардың қожайындарының мүдделерiн жоғары қойды.

Қазiр салымшылардың жинақтары бiрiңғай оператордың жауапкершiлiгiнде. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және бiрегей акционерi — Қазақстан Республикасының Үкiметi. Қордың мемлекеттiк акциялар пакетi Ұлттық Банктiң сенiмдi басқаруына берiлген. Зейнетақы активтерiн Ұлттық Банк Ұлттық қорды басқару жөнiндегi кеңеспен бiрлесiп басқарады. Салымшылардың зейнетақы жарналары диверсификациялау негiзiнде тәуекел мен табыс арақатынасын сақтай отырып, түрлi қаржы құралдарына салынады. Зейнетақы активтерiнiң 40 пайыздан астамы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құнды қағаздарына, қалғаны — инвестициялық декларацияға сәйкес ел iшiндегi, шет елдердерi квазимемлекеттiк компаниялардың, екiншi деңгейдегi банктердiң құнды қағаздарына, корпоративтiк облигацияларға, басқа да қаржы құралдарына салынады.

Нарық заңдылығына сәйкес, инвестициялаудан түскен табыс инфляция деңгейiнен жоғары болуы да, төмен болуы да мүмкiн. Осыған орай жарна мен инфляция деңгейiн есептегендегi табыстың жиынтығынан тұратын шынайы зейнетақы жинақтары мен салынған зейнетақы жарналарының арасында айырмашылық туындайды. Егер инвестициялық табыс инфляциядан төмен болса, айырма сомасы азамат зейнетке шыққан шақта төленедi.

Мемлекеттiң кепiлдiгiн алу құқына зейнеткерлер зейнет жасына толған сәтте ие болады. Сонымен қатар, мұндай кепiлдiк I и II топтағы мүгедектiк мерзiмсiз болып белгiленген азаматтарға, Қазақстаннан тысқары елдерге тұрғылықты өмiр сүруге кеткендерге, мiндеттi кәсiби зейнетақы жинақтарын аударып тұрған шет елдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға елден бiржола кеткен шақта берiледi. Мемлекеттiк кепiлдiкке құқы бар азамат қайтыс болса, оған тиесiлi өтемақы мұрагерлерiнiң еншiсiне өтедi.

Мемлекет кепiлдiгiн алу үшiн «Азаматтарға арналған Үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының әлеуметтiк төлемдер жөнiндегi ведомствоаралық есептеу орталығына тұрғылықты мекен-жайы бойынша арыз жазу керек. Әрбiр алушыға тиесiлi сома арнайы жасалған әдiстеме бойынша жеке есептелiп, оның банк шотына аударылады.

Айырма сомасы (мемлекеттiк кепiлдiк) мемлекеттiк бюджет есебiнен төленедi. Оның мөлшерi азаматтың зейнетақы төлемдерiн алу құқы туындаған сәтке инфляция деңгейiн ескере отырып нақты аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары мен БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының арасындағы айырманы құрайды.

Егер инвестициялық табыс көлемi инфляцияның рұқсат етiлген деңгейiнен артық болса, онда салымшыға мемлекеттiк кепiлдiк төленбейдi. Қалған жағдайларда салымшылар өздерiне тиесiлi өтемақыны алады. Осылайша, Қазақстанда қазiргi күнi азаматтардың зейнетақы жинақтарын сақтаудың барлық мүмкiндiктерi қарастырылған. Тек 2017 жылы мемлекеттiк кепiлдiк ретiнде 12,7 млрд теңге төлендi. Мұндай кепiлдiк тiптi өте дамыған елдерде жоқ екенiн ескере отырып, көптеген сарапшылар Қазақстанның зейнетақы жүйесiн әлемдегi озық үлгiлердiң санатына қосып отыр.

Өздерiнiң Зейнетақымен қамту саласындағы құқықтары, мүмкiндiктерi, зейнетақы жинақтарының көлемi, шоттарының жай-күйi туралы бiлгiсi келетiн азаматтар үшiн БЖЗҚ әрбiр тоқсан сайын Ашық есiк күндерiн өткiзiп тұрады. Сонымен қатар, Қордың сайты, әлеуметтiк желiлердегi аккаунттары, байланыс орталығы арқылы да кеңес алуға болады. Жұртшылыққа зейнетақы жүйесiнiң жұмысын кеңiрек түсiндiру үшiн Қор мамандары кәсiпорындар мен мекемелерде көшпелi таныстырылымдар өткiзiп тұрады. Бұл шаралар Қор жұмысының сапасын көтеруге, ашықтығын қамтамасыз етуге, осы арқылы қазақстандықтардың зейнетақы жүйесiне деген сенiмiн арттыруға бағытталған.

Мақаланы құрған күні 19.03.2018 15:28
Мақаланы жаңартқан күні 19.03.2018 15:28
Қаралым саны: 355
PAGE_COMMENT