Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды ел экономикасына тарту жолдары

Өзiн-өзi жұмыспен қамтушылардың мәселесi бүгiн пайда болған жоқ. Ол талай жылдан берi көтерiлiп келедi. Бiрақ, Елбасының сынынан кейiн бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен талқыланды. Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында мемлекет басшысы мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiн кейiнге қалдыруға тура келгендiгiн атап өттi. Бұған өзiн-өзi жұмыспен қамтушылар мен бейресми түрде жұмыс iстейтiн азаматтарды ел экономикасына тарту мәселесi себеп болған.

«Олар салық төлемейдi, жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатыспайды, қысқасын айтқанда олар көлеңкелi экономикада жүр. Мен бұл туралы кемiнде бес жылдан берi айтып келемiн. Нақты тапсырмалар да бердiм. Алайда мұнымен нақты ешкiм айналыспайды», — дедi өз сөзiнде Президент.

Өзiн-өзi жұмыспен қамтушылар кiмдер және олардың саны қанша? Оларды ел экономикасына тарту үшiн iстеу керек? Ең алдымен өзiн-өзi жұмыспен қамтушылар туралы анықтаманы зерделеп алайық. Халықаралық тәжiрибелерге сүйенер болсақ, «өз бетiнше жұмыспен қамтылу» дегенiмiз — бұл жеке адамның жұмыс берушiге емес, өзiне жұмыс iстеуi. Өзiн-өзi жұмыспен қамтушы адам — бұл әр түрлi бизнес саласында табыс табу үшiн жұмыс iстейтiн және өз iсiн өзi басқаратын адам.

Қазақстанның заңнамасында «өз бетiнше жұмыспен қамтылу — сыйақы мөлшерi тауарлар мен қызметтердi өндiруден (сатудан) түсетiн табысқа тiкелей байланысты болатын жұмыс» деп көрсетiлген. Бұл ретте меншiктi тұтыну — табыстың бiр бөлiгi ретiнде қаралады.

Тағы бiр анықтама: «Өзiн-өзi жұмыспен қамтушы — бұл табыс табу үшiн тауарлар мен қызметтердi өндiрумен (сатумен) дербес айналысатын жеке тұлға, өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң, сондай-ақ отбасылық кәсiпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн пайдаланатын жұмыс берушiлердiң ақы төленбейтiн жұмыскерлерiнiң бiрi.

Бүгiнде өзiн-өзi жұмыспен қамтушыларды екi үлкен топқа жiктеуге болады. Олар: жалдамалы еңбектi пайдаланбайтын жеке кәсiпкерлер және жалдамалы еңбектi пайдаланатын жеке кәсiпкерлер. Бiрiншi топқа өзi үшiн жұмыс iстейтiн адамдар, фрилансерлер, уақытша мердiгерлiк шарты бойынша жұмыспен қамтылған адамдар, жұмысқа орналастыру бойынша агенттiктердiң мердiгерлерi және маусымдық жұмыскерлер жатады. Ал екiншi топқа шағын және орта бизнес субъектiлерiнiң, сондай-ақ микрофирмалардың иелерiн, фирмалардың кәсiби тұрғыда қызмет көрсететiн серiктестерiн жатқызуға болады.

Адамдардың өз беттерiнше жұмыс iстеуiне әр түрлi жағдайлар себеп болады. Олар жағымды және жағымсыз сипатта болып келуi мүмкiн. Жағымды себептердiң iшiнен өз iсiнiң иесi болуға, өзiн бизнес саласында дамытуға, икемдi жұмыс кестесi бойынша еңбек етуге деген құштарлықты атап өтуге болады.

Ал жағымсыз себептерге жұмыссыз қалу, таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмау секiлдi жағдайлар жатады. Қандай себеп болмасын, өзiн-өзi жұмыспен қамтушы адам өзiнiң қазiргi шағы мен болашағына, зейнет жасындағы өмiрiне өзi жауапты болатындығын түсiнуi керек. Әрине, ертеңгi күндi ойламай, тапқан табысты бетiне қарамай бүгiн жұмсай беруге де болады. Бiрақ, өз уақтысында зейнетақы жарналарын төлеп, болашаққа сенiммен қарағанға не жетсiн!

Егер бiр шағын фирмада немесе шағын және орта бизнес субъектiсiнде жұмыс iстейтiн болсаңыз, еңбек шартын жасасуға ұмтылыңыз. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi қоластындағы қызметкерлерi еңбек шартынсыз жұмыс iстейтiн мыңдаған жұмыс берушiнi анықтады. Яғни, бұл жұмыскерлер жалақыны «конвертпен» алады деген сөз. Бұл жағдай оларды түптеп келгенде тығырыққа әкеп тiреуi мүмкiн.

Бiрiншiден еңбек шартын жасасу — бұл тұрақты түрде жалақы алып тұрудың, тиiстi еңбек жағдайларын сақтаудың, зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдардың дер кезiнде төленуiнiң кепiлi.

Екiншiден, бұл еңбек өтiлi мен жұмыскердiң бiлiктiлiгiн растаудың айқын жолы.

Егер жұмыскердiң пайдасына зейнетақы жарналары төленбейтiн болса, онда ол зейнеткерлiк жасқа толғанда зейнетақы жинақтары жоқ болғандықтан Қордан зейнетақы төлемдерiн ала алмайды. Өкiнiшке қарай, кейбiр отандастарымыз еңбек құқығы және әлеуметтiк кепiлдiктер туралы бiле бермейдi. Ниетi бұзық жұмыс берушiлер мұны өз пайдасына пайдаланады.

Егер сiздiң жұмыс берушiңiз зейнетақы аударымдарын жасамаса не iстеу керек? Әрбiр жұмыскер жұмыс берушiден бұл жарналарды Қорға қаншалықты толық көлемде және уақтылы аударып отырғандығы туралы мәлiмет беруiн талап етуге құқылы. Егер жұмыс берушi зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аудармайтын болса, жұмыскер салық органдарына шағына алады. Жұмыс берушiлердiң зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отыру жауапкершiлiгi осы салық органдарына жүктелген. Дейтұрғанмен, бұл мәселе бойынша еңбек инспекторына жүгiнуге болады. Өз кезегiнде еңбек инспекторы жұмыс берушiге келiп, оған ықпал ету шарасын қолдана алады.

Азаматтарды толыққанды экономикалық өмiрге тарту — маңызды және стратегиялық мемлекеттiк мiндет.

Өткен жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi өткiзген жұмыстардың нәтижесiнде 560 мың жалдамалы жұмыскер өздерiнiң жұмыс берушiлерiмен еңбек шартын жасасқан. Одан басқа, шамамен 1 млн адам өздерiнiң жалдамалы жұмыскер екендiктерiн мәлiмдеген. Бiрақ, олар өкiнiшке қарай зейнетақы және әлеуметтiк аударымдарды жасамаған.

2018 жылдың 1 қаңтарына қарай БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 10,12 млн бiрлiктi құрады. Бұл ретте тек 5,9 млн шотқа жарналар ең болмағанда жылына бiр-ақ рет түседi. Ал бұл санның тек үштен бiрiне ғана зейнетақы жарналары жылына 9 реттен 12 ретке дейiн түсетiндiгiн атап өткен жөн.

1991-2001 жылдар аралығында жұмыс орындарының қысқаруы салдарынан өзiн-өзi жұмыспен қамтушылардың саны 8,7 есеге өстi. Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлердiң саны экономикалық тұрғыдан белсендi тұрғындардың шамамен 71 пайызын, өзiн-өзi жұмыспен қамтушылардың 24 пайызын, жұмыссыздардың 5 пайызын құрайды. Салыстырып қарайтын болсақ, шет мемлекеттерде өзiн-өзi жұмыспен қамтушылардың пайыздық үлесi экономикалық тұрғыдан белсендi тұрғындардың: Австралияда — 10,3%, Германияда — 10,8%, Канадада — 8,6%, Францияда — 9,7%, Жапонияда — 11,5%, Ұлыбританияда — 15,4%, АҚШ-та — 6,5 %-ын құрайды.

Өзiн-өзi жұмыспен қамтушылар санының артып кетуi мынадай мәселелердi тудырады:

- көлеңкелi экономиканың жоғары деңгейi — 27% (ҚР Ұлттық экономика министрлiгiнiң Статистика комитетi);

- бейресми жұмыстардың болуы;

- табыстарды жасыру;

- өзiн-өзi қамтушы азаматтардың әлеуметтiк қорғансыздығы.

Өзiн-өзi жұмыспен қамтушылардың мәселесi ауқымды әлеуметтiк сипатқа ие және Қазақстан экономикасының құрылымына тiкелей байланысты. Сондықтан ол бiр министрлiктiң немесе бiр зейнетақы қорының өкiлеттiгi аясында шешiлмейдi. Бұл ретте өзiн-өзi жұмыспен қамтушыларға қатысты ұсынылатын бастамалар әлеуметтiк және экономикалық саладағы министрлiктер мен мекемелердiң жұмысында көрiнiс табуы тиiс. Яғни, бұл жүйелiк мәселе және ол жүйелi тұрғыда шешiлуi тиiс. Ең алдымен еңбекке қабiлеттi азаматтарды толыққанды экономикалық өмiрге тартудың тиiмдi мемлекеттiк саясатын әзiрлеу қажет. Сонымен қатар, жастарды және 40 жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесiн ескеру керек. Қазiр тиiстi ұсыныстар БЖЗҚ-да, депутаттық корпуста және Үкiметте әзiрленiп жатыр. Бұл мәселедегi басты мiндет — ынталандырушылық сипаттағы шараларды қабылдау.

БЖЗҚ өз кезегiнде зейнетақы жарналары түспейтiн жеке зейнетақы шоттарын өңдеу науқанын қолға алу туралы бастама көтердi. Осылайша, 2015-2017 жылдар аралығында ашылған, бiрақ содан берi бiрде-бiр рет жарна түспеген, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар, бiрақ 2017 жыл барысында жарна түспеген шоттар сәйкестендiрiлдi. Ал өңiрлiк желi қызметкерлерi осы шоттардың иелерiне жоспарлы түрде телефон шалу жұмысын бастады. Ондағы мақсат — оларға зейнетақы шоттарына зейнетақы жарналарының түспейтiндiгiн хабарлау және қолданыстағы зейнетақы заңнамасы, болашақ зейнетақыны жоспарлау және жұмыспен қамту мәселесi бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзу.

Қазiргi уақытта әр түрлi қиын жағдайға тап болған адамдар үшiн пайдалануға болатын бiрқатар мүмкiндiктер қарастырылған. Олар:

 — әлеуметтiк жұмыс орны;

- кәсiптiк оқыту;

- жастар тәжiрибесi;

- қоғамдық жұмыстар;

- кәсiпкерлiк бастамаларға қолдау көрсету;

- ауылдар мен қалаларда азаматтарға шағын несиелер беруге кепiлдiк беру;

- мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға бюджет тарапынан көмекқаржы бөлу.

Жоғарыда келтiрiлген бағыттар бойынша толыққанды мәлiметтердi Қордың www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» — «Жұмыссыздарға» бөлiмiнен оқып бiлуге болады.

Бүгiнде елiмiзде үш деңгейлi зейнетақы жүйесi жұмыс iстейдi. 2040 жылдан кейiн зейнеткерлiкке шығатын қазақстандықтар ортақ зейнетақы төлемдерiн алмайтын болады. Олар базалық зейнетақыға және Қордағы зейнетақы жинақтарына ғана үмiт арта алады. Бұл ретте жалпы еңбек өтiлi 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда базалық зейнетақының мөлшерi ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

Сондықтан БЖЗҚ-ның стратегиялық мiндеттерiнiң бiрi — тұрғындар арасында тұрақты негiзде ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзу.

Қалай болғанда да жинақтаушы зейнетақы жүйесiне, әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiне қатысу — заман талабы.

Мақаланы құрған күні 16.04.2018 12:06
Мақаланы жаңартқан күні 16.04.2018 12:06
Қаралым саны: 726