«БЖЗҚ туралы маңызды сұрақтар» айдары

Бiз «БЖЗҚ туралы маңызды сұрақтар» айдарында тұрақты оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап берудi жалғастырамыз.

Азаматтарды ҚР Заңдарына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлген өзгерiстер қызықтырады. Олардың кейбiрi зейнетақы аударымдарына қатысты. Мiне бүгiн солар туралы әңгiмелейтiн боламыз.

Фрилансерлер деген кiмдер?

Жауап: Фрилансерлер — азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар атқаратын және (немесе) қызметтер көрсететiн жеке тұлғалар. Олар жұмыс орны мен жұмыс iстеу уақытын көп жағдайда өздерi белгiлейдi және тапсырыс берушiмен көп жағдайда қашықтықтан байланыс жасайды. Интернет желiсi дамығаннан берi фриланстық жұмыстар әсiресе журналистика, заң, компьютерлiк бағдарлама, дизайн, аударма салаларында кеңiнен дамыған.

1. Белгiлi бiр мекемеде еңбек келiсiм-шарты бойынша жұмыс iстейтiн, бiрақ салық агентi болып табылмайтын жеке тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық шарттар бойынша қосымша табыс алатын жұмысшылар мiндеттi зейнетақы жарналарын қалай төлейдi?

Жауап: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрi — Заң) сәйкес агенттер Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрi — БЖЗҚ, Қор) мiндеттi зейнетақы жарналарын (МЗЖ) ай сайынғы табыстың 10 пайызы мөлшерiнде төлейдi. Бұл ретте МЗЖ есептеу үшiн алынатын ай сайынғы табыс тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақының 50 еселенген мөлшерiнен аспауы тиiс.

Заңның 24-бабы, 2 тармағының 5) тармақшасына сәйкес салық агенттерi болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтердi көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кiрiстер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн жеке тұлғалар азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша алған табыстан Қорға МЗЖ төлеуден босатылады.

Бұдан басқа, Заңның 39-бабы, 2 тармағының 1-1) тармақшасында көзделгенiндей, салық агенттерi болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтердi көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кiрiстер алатын Қазақстан Республикасының азаматтары өздерiнiң ұйғаруымен Қордағы жеке зейнетақы шотына МЗЖ аудару құқығына ие. Бұл үшiн олар жарналарды екiншi деңгейдегi банктер немесе Қазпошта арқылы «Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясына «010» төлем мақсатының кодын пайдалана отырып, төлей алады. Әрi қарай Мемлекеттiк корпорация жарналарды Қорға аударады. Бұл ретте МЗЖ мөлшерi алған табыстың 10 пайызын құрайды, бiрақ республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына бекiтiлген ең төменгi жалақының 10 пайызынан кем болмауы тиiс.

Мiндеттi зейнетақы жарналарын осылайша Қорға өз еркiмен аудару жеке зейнетақы капиталын қалыптастыруға оң әсер етедi.

Атап өту керек, егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бiр тарабы салық агентi, яғни заңды тұлғалар, жеке кәсiпкерлер, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсiби медиаторлар болса, олар жеке тұлғаларға, оның iшiнде фрилансерлерге азаматтық-құқықтық шарттар бойынша төлеген табыстан МЗЖ төлейтiн агентке айналады. Бұл ретте МЗЖ алған табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ республикалық бюджет туралы заңмен тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төменгi жалақының 10 пайызынан кем емес және 50 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан жоғары емес мөлшерде белгiленедi.

2.Қазiргi кезде елiмiзде еңбек келiсiм-шарты бойынша қос қызметтi қатар атқаратын азаматтар зейнетақы жарнасын қалай төлейдi? Яғни, еңбек келiсiм-шартын жасасқан екi мекеме де зейнетақы жарнасын аударып отырады ма?

Жауап: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын осы заңда айқындалатын мөлшерлемелер бойынша салық агентi болып табылатын жұмыс берушiлер аударады. Сәйкесiнше жұмыскермен еңбек шартын жасасқан екi мекеме де БЖЗҚ-ға жұмыскердiң пайдасына МЗЖ аударуға мiндеттi.

3. Үйiнде отырып-ақ табыс табатын, ЖШС немесе жеке кәсiпкер ретiнде тiркелмеген тәуелсiз жұмысшылар салықты қалай төлейдi? Жалпы оларды қалай анықтайсыздар?

Жауап: Салық мәселесi бойынша ҚР Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк кiрiстер комитетiне жүгiнуiңiздi сұраймыз.

4. Фрилансерлер мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру аударымдарын жасауға мiндеттелген бе?

Жауап: Бұл сұрақ бойынша Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру қорына жүгiнуiңiздi сұраймыз. Бұл ретте бiздiң айтарымыз, жеке тұлғалардың барлығы бiрдей бiрыңғай жиынтық төлем (БЖТ) тәртiбiн қолдана алмайды.

Атап өту керек, БЖТ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне ендi және ол бiрнеше төлемнен құралады. Олар: жеке табыс салығы, мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына төленетiн әлеуметтiк аударым, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетiн МЗЖ және Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру қорына төленетiн әлеуметтiк аударым.

Кәсiпкерлiк қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде тiркелместен жүзеге асыратын, сондай-ақ бiр мезгiлде мынадай шарттарға сай келетiн: БЖТ төлеген; жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн пайдаланбайтын; қызметтердi салық агенттерi болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететiн және акцизделетiн өнiмдердi қоспағанда, өзiнiң жеке қосалқы шаруашылығында өсiрген ауыл шаруашылығы өнiмдерiн салық агенттерi болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткiзетiн жеке тұлғалар БЖТ төлеушiлер деп танылады.

Ал нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтердi көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кiрiстер алатын жеке тұлғалар, олардың iшiнде фрилансерлер БЖТ төлеушiлер болып табылмайды.

5. Жаңа заң қашаннан бастап күшiне енедi?

Жауап: «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 203-VI Заңы негiзiнде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына тиiстi өзгерiстер енгiзiлдi.

Заңға енгiзiлген бұл өзгерiстер БЖТ енгiзуге (ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiлдi), азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар атқарып, қызметтер көрсететiн жеке тұлғалар үшiн МЗЖ төлеу рәсiмiн оңайлатуға және МЗЖ есепке алу үшiн БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотының өтiнiш берушiлiк сипатта ашылуын жоюға бағытталған (ол 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiлдi).

Ендi жеке тұлғаның МЗЖ есепке алу бойынша БЖЗҚ-да ашылған зейнетақы шоты жоқ болса, алғашқы жарна келiп түскен кезде зейнетақы шоты Қордың ақпараттық жүйесiнде автоматты түрде ашылады.

Мақаланы құрған күні 23.01.2019 14:41
Мақаланы жаңартқан күні 23.01.2019 14:41
Қаралым саны: 388

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Послание Президента РК Парламент Республики Казахстан Премьер-Министр Республики Казахстан Информационно-правовая система нормативных правовых актов Республики Казахстан egov.kzЭКСПО 2017НАЦИОНАЛЬНОЕ БЮРО ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ МИНИСТЕРСТВА ПО ДЕЛАМ ГОСУДАРСТВЕННОЙ СЛУЖБЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН