Дәстүрлі «5 сұрақ» айдарын жалғастыра отырып, оқырман назарына келесі ақпараттарды ұсынамыз

1.Зейнетақы шотынан үзiндi-көшiрменi салымшылар мен алушыларға жылына бiр рет конвертпен жiберудiң не қажетi бар? Мүмкiн жаппай электрондық хабарлау тәсiлiне ауысатын уақыт келген шығар?

Цифрландыру үдерiсi қазақстандықтардың өмiрiнiң барлық саласын қамтитыны сөзсiз. БЖЗҚ бұл мәселеге ерекше көңiл бөледi. 2017 жылы ақпарат алудың электрондық тәсiлi таңдалған жеке зейнетақы шоттарының саны 2016 жылмен салыстырғанда 1,9 млн бiрлiкке немесе 66 пайызға артты. Сөйтiп, 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай шамамен 4,7 млн бiрлiктi құрады. Нақты айтар болсақ, шамамен 0,8 млн адам үзiндi-көшiрменi электрондық мекенжайға алатын болса, 3,9 млн адам ақпаратты Қор сайты немесе әр түрлi операциялық жүйелерде жұмыс iстейтiн смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкiндiгiне ие болды. Бiр жыл iшiнде ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 2,4 есеге артып, 1,2 млн бiрлiктi құрады.

2018 жылдың 1 сәуiрiне қарай 5 миллионнан астам адам зейнетақы шотының жай-күйi туралы ақпарат алудың электрондық тәсiлiн таңдады. Оның iшiнде 823 мыңнан астам адам үзiндi-көшiрменi электрондық мекенжайға алатын болса, 4,2 миллионнан астам адам бұл үшiн Қор сайтын немесе ұялы қосымшасын пайдаланады. Осылайша, ақпарат алудың электрондық тәсiлiн таңдайтындар саны күннен-күнге артып келедi. Бiрақ БЖЗҚ салымшылар мен алушыларға зейнетақы шотының жай-күйi туралы ақпарат берудiң барлық тәсiлi бойынша қызмет көрсетуге дайын. Өйткенi көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету — Қордың басты мiндеттерiнiң бiрi.

2.Зейнетақы Қорынан қандай электрондық қызметтердi алуға болады?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2017 жылдың 1 шiлдесiнен бастап салымшылар мен алушыларға Қор кеңселерiне келмей-ақ негiзгi қызметтердi пайдалануға мүмкiндiк беретiн электрондық сервистердi енгiздi. Олардың iшiнде мiндеттi зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу, сондай-ақ, зейнеткерлiк жасқа толған кезде немесе 1-шi және 2-шi топтардағы мүгедектiк мерзiмсiз болып белгiленген жағдайда зейнетақы төлемдерiн тағайындау жөнiнде өтiнiш беру мүмкiндiктерiн атауға болады.

Электрондық байланыс арналары арқылы көрсетiлетiн қызметтердiң үлес салмағы 2017 жылы 45 пайыздан 52 пайызға дейiн өстi. Жоспар бойынша бұл 47 пайыз болатын.

Салымшылар мен алушылар Қордың зейнетақы қызметтерiне өз бетiмен қол жеткiзе алулары үшiн өзiне-өзi қызмет көрсету терминалымен жұмыс iстеу бойынша арнайы сервис әзiрлендi. 2017 жылдың 4-шi тоқсанында Қордың барлық 18 филиалында өзiне-өзi қызмет көрсету терминалдары орнатылды. Осы заманауи технология арқылы салымшылар мен алушылар ендi зейнетақы шотын ашудан бастап, зейнетақы төлемдерiн тағайындауға дейiнгi барлық дерлiк электрондық қызметтердi пайдалана алады.

Зейнетақы Қоры халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарына, олардың iшiнде әсiресе мүмкiндiгi шектеулi жандарға ерекше көңiл бөледi. Осылайша, 2017 жылы «Мобильдiк кеңсе» жобасы аясында 2016 жылға қарағанда 6,5 есе көп операция жүзеге асырылды. 2017 жылы Қор қызметтерiн тұтынушылардың тұрғылықты жерi бойынша 7,1 мың көшпелi шара өткiзiлiп, 189,5 мың операция жасалды.

2018 жылдың 1 сәуiрiне қарай Қор сайтында электрондық сервистер iске қосылғалы берi оларды 20 мыңға жуық (нақты: 19 194) адам пайдаланып үлгердi. Олардың iшiнде 2298 салымшы онлайн тәртiбiнде жеке зейнетақы шотын ашса, 987 алушы зейнетақы төлемдерiн тағайындау жөнiнде өтiнiш берген. Сондай-ақ 11 754 адам жеке деректемелерiне өзгерiстер енгiзсе, шамамен 4155 салымшы зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсiлiн интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған.

3.Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесiн енгiзерде Чили елiнiң моделi негiзге алынғаны белгiлi. Бұл ретте Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметi қалай тексерiледi? Ол халықаралық стандарттарға сай ма?

«БЖЗҚ» АҚ өз қызметiнде ашықтық қағидасын ұстанады. Қорда жыл сайын тәуелсiз сарапшылардың күшiмен сыртқы аудит жүргiзiледi.

2018 жылдың наурыз айында «БЖЗҚ» АҚ Сапа Менеджментi Жүйесi бойынша (СМЖ) сертификациялық аудиттен сәттi өттi. Мақсат — оның ISO 9001:2015 халықаралық стандартының зейнетақы қызметтерiн көрсету саласындағы талаптарына сәйкестiгiн растау. Аудиттi алдыңғы қатарлы TÜV Thüringen e.V (ТЮФ Тюринген, Германия) еуропалық компаниясының халықаралық аудиторлары жүргiздi. Аудит барысында TÜV Thüringen e.V. сарапшылары БЖЗҚ-ның Сапа менеджментi жүйесi толық көлемде нәтижелi екендiгiн, Қорда оны лайықты деңгейде қолдауға және одан әрi дамытуға барлық жағдай жасалғандығын атап өттi. Сондай-ақ, қорытынды есептемеде TÜV Thüringen e.V. аудиторлары БЖЗҚ-ның ISO 9001 негiзiнде Сапа Менеджментi Жүйесiн енгiзуге және оны тұрақты қолдауға, Қордың инфрақұрылымын жақсартуға және IT-технологияларды кеңiнен пайдалануға ұмтылып жатқандығын көрсеттi. Бұл ретте IT-технологиялар iшкi бизнес-үдерiстердi, сондай-ақ қызметкерлердiң бiлiктiлiгi мен құзыреттiлiгiн айқындау үшiн де қолданылады.

Одан басқа, БЖЗҚ-ға әр түрлi байланыс арналары арқылы келiп түсетiн өтiнiштердi талдауда заманауи бағалау әдiстемелерi қолданылатындығын айта кеткен жөн. Тәуелсiз аудиторлар бұл механизмдi жоғары бағалады. Мысалы, 2017 жылы қашықтықтан байланыс жасау арналары — байланыс орталығы, Қор сайтындағы «Керi байланыс» және «Онлайн чат» нысаны арқылы, қағаз жүзiнде, «Пiкiрлер мен ұсыныстар кiтабы» және әлеуметтiк желiлер арқылы азаматтардан Қорға 405 мыңнан астам өтiнiш келiп түскен. Оларға 1-3 күн iшiнде жауаптар қайтарылды.

Аудит нәтижесi бойынша ISO 9001:2015 стандартының талаптарына қатысты бiрде-бiр сәйкессiздiк, ауытқушылық анықталған жоқ. Соның арқасында «БЖЗҚ» АҚ TÜV Thüringen e.V. компаниясынан халықаралық сертификат алды. Сертификат алғанға дейiн Қорда сапа менеджментi жүйесiн қалыптастыру және енгiзу бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Халықаралық стандарттарға сәйкестiгiмiздi растау — бiздiң дұрыс бағытта келе жатқанымызды бiлдiредi. Салымшылар мен алушыларға лайықты дәрежеде қызмет көрсете отырып, олардың ризашылығына ие болу бiз үшiн өте маңызды. Қол жеткiзiлген нәтижелер — бұл көрсетiлетiн қызметтердi дамыту және олардың сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бiр көрiнiсi. Қолданыстағы Сапа менеджментi жүйесi бизнес-үдерiстердiң тиiмдiлiгiн және Қордың ашықтығын арттырады.

4.БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерi Латын Америкасы елдерiне инвестицияланғанын естiдiм. Бұл қаншалықты қауiпсiз? Табыстылық бойынша қандай мәлiмет бере аласыздар?

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi зейнетақы активтерiн дербес басқару аясында арнайы механизм әзiрледi. Ол макроэкономикалық көрсеткiштердi талдау негiзiнде инвестициялық жағынан тартымды елдердi таңдауға мүмкiндiк бередi. Ал бұл елдер JPMorgan және Merrill Lynch компанялары әзiрлеген және қадағалайтын, дамушы елдер облигацияларының ғаламдық индексiне енген. 2017 жылы зейнетақы активтерiн инвестициялау мақсатында жүргiзiлген талдау нәтижесiнде тұрақты макроэкономикалық көрсеткiштерге және кредиттiк рейтингтерге ие 11 дамушы ел таңдап алынды. Олар Оңтүстiк-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Шығыс Еуропа аймақтарындағы мемлекеттер.

2017 жылдың қарашасында Ұлттық Банк зейнетақы активтерiн Бразилия, Мексика, Чили, Перу, Польша, Индонезия және басқа да дамушы елдер Үкiметiнiң АҚШ долларында номинирленген мемлекеттiк бағалы қағаздарына кезең-кезеңмен инвестициялау шараларын қолға алды.

2018 жылдың 1 сәуiрiне қарай зейнетақы активтерiнiң 73,29 пайыздан астамы рейтингi «ААА» -дан «BBB-»-ға дейiн болатын, тәуекелi ең төмен қаржы құралдарына, ал 15,58 пайызы ұстамды дәрежедегi тәуекелi бар (рейтингi «ВВ+» -тен «В-») қаржы құралдарына орналастырылды. 2017 жылы БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд теңге болды. Бұл ретте Қордың зейнетақы активтерiнiң табыстылығы 7,92 пайызды құрады. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейi 7,1 пайыз болғаны белгiлi.

Табыстылық деңгейi зейнетақы активтерiн бiрiктiру кезеңiнен (2014 ж.) бастап, 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейiнгi аралықта орта есеппен инфляция деңгейiнен жоғары болды. Бұл кезеңде зейнетақы активтерiнiң табыстылығы 43,24 пайызды, ал инфляция деңгейi 41,76 пайызды құрады. Қосымша айта кетелiк, бизнес-үдерiстердi оңтайландыру, тиiмсiз шығындарды қысқарту, жаңа электрондық қызметтердi енгiзу және олардың үлесiн арттыру бойынша жүргiзiлген жұмыстар Қорға зейнетақы активтерiнен алынатын комиссиялық сыйақының шамасын 2018 жылға айына 0,0225 пайыздан 0,015 пайызға дейiн қысқартуға мүмкiндiк бердi. Осылайша, 2018 жылы зейнетақы активтерiнен алынатын комиссиялық сыйақының шамасы 33 пайызға азайтылады.

5.БЖЗҚ сайтында зейнетақы калькуляторы орналасқан. Салымшылар мен алушылар оны қаншалықты жиi пайдаланады?

Тұрғындар арасында дербес зейнетақы жоспарын жасау мәденитiн қалыптастыру мақсатында Қор сайтында зейнетақы калькуляторы орналастырылды. Сол арқылы салымшылар өздерiнiң болашақ зейнетақысын болжамды түрде есептей алады. 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтiк даму стратегиясына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақыны дербес жоспарлау бойынша әрбiр салымшы үшiн кәсiпқой кеңесшiге айналуы тиiс. Осы мiндеттердi орындау үшiн 2018 жылы сәуiрде Қор дербес кеңес беру қызметiн iске қосты. Осы қызмет аясында жеке және корпоративтiк зейнетақы калькуляторы қолданылады.

«БЖЗҚ» АҚ филиалдары екi апта iшiнде (2-14 сәуiр аралығы) зейнетақыны жоспарлау мәселелерi бойынша 8 728 ақыл-кеңес өткiздi. Бұл ретте консультациялардың басым бөлiгi Алматы қалалық филиалы (1 860) мен Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалында (1 491) өткiзiлдi.

2017 жылы enpf.kz сайтын ашып қарау саны 20,8 миллион бiрлiктен асты.

2018 жылы сапалы қызмет көрсетуден басқа, Қор алдына тұрғындар арасында зейнетақыны жоспарлау мәдениетiн дамыту мақсаты қойылды. Осы мақсатқа қол жеткiзу үшiн қазақстандықтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.

Мақаланы құрған күні 16.05.2018 16:31
Мақаланы жаңартқан күні 16.05.2018 16:31
Қаралым саны: 230
PAGE_COMMENT