Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын өткізудің ережелері

ҚР Президентiнiң 2014 жылғы 1 тамыздағы N 873 Жарлығымен
енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар ескерiлген редакцияда

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2008 жылғы 23 қаңтардағы
N 523 Жарлығымен
бекiтiлген

Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi
«Парыз» конкурсын өткiзудiң ережелерi

1. Жалпы ережелер

1. Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi "Парыз" конкурсы (бұдан әрi — конкурс) халықтың әл-ауқатын одан әрi жақсарту үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қоғам алдындағы өзiнiң корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiгiн қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Конкурсты өткiзудiң мақсаттары:

1) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн өз қызметкерлерi үшiн, сол секiлдi тұтас алғанда қоғам үшiн де әлеуметтiк мәселелердi шешуге ынталандыру;

2) осы саладағы қолда бар оң тәжiрибенi көрсету және кеңiнен тарату.

Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi (бұдан әрi — үмiткерлер) қатыса алатын конкурс Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өткiзiледi.

2. Конкурстың жеңiмпаздарын айқындау жөнiндегi комиссияның (бұдан әрi — Комиссия) шешiмi негiзiнде лауреаттар атақтары жыл сайын мынадай:

1) шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсi;

2) iрi кәсiпкерлiк субъектiсi санаттары бойынша берiледi.

3. Үмiткерлер тұтас алғанда қоғамның және соның iшiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсi қызметкерлерiнiң әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, өздерiнiң корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiгiн растайтын әлеуметтiк бағдарламаларын ұсынуға тиiс.

Бағдарламалар мен олардың жобаларына үмiткерлер дербес және/немесе азаматтық қоғам институттарымен және жергiлiктi атқарушы органдармен әрiптестiкте жүзеге асыратын және әлеуметтiк салада оң өзгерiстерге қол жеткiзуге бағытталған iс-шаралар кiредi.

Әлеуметтiк жауапкершiлiк бәсекеге қабiлеттiлiктi арттыруға тиiс.

2. Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi "Парыз" конкурсын өткiзудiң тәртiбi

4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, жергiлiктi атқарушы органдар, Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлiгi, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасының Кәсiподақтар федерациясы конкурстың ұйымдастырушылары (бұдан әрi — ұйымдастырушылар) болып табылады.

4-1. Конкурс жыл сайын осы Ережелердiң 13-тармағында көрсетiлген номинациялар бойынша өңiрлiк және республикалық деңгейлерде өткiзiледi.

Конкурстың өңiрлiк және республикалық кезеңдерiне қатысу тегiн болып табылады.

5. Үмiткерлер материалдарды осы Ережелерге сәйкес ресiмдейдi және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергiлiктi атқарушы органдарына қағаз және электрондық жеткiзгiштерде ұсынады.

6. Конкурсқа қатысуға:

1) қызметiн кемiнде үш жыл жүзеге асыратын;

2) таратылу сатысында тұрмаған, банкрот деп танылмаған;

3) еңбек заңнамасының жойылмаған бұзушылықтары, оның iшiнде қызметкерлерге жалақы және басқа да төлемдер бойынша мерзiмi өткен берешегi жоқ;

4) қызметкерлермен ұжымдық еңбек даулары жоқ;

5) Қазақстан Республикасының аумағында саяси, кәсiподақ және дiни ұйымдарды қолдауға бағытталуға тиiс әлеуметтiк және қайырымдылық қызметтi жүзеге асыратын;

6) конкурсқа қатысуға өтiнiмiнде дәйектi мәлiметтердi көрсеткен, сондай-ақ құжаттарды толық көлемде ұсынған үмiткерлер жiберiледi.

7. Ұйымдастырушылар:

1) барлық үмiткерлер үшiн тең шарттарды;

2) коммерциялық құпияны бiлдiретiн ақпараттың құпиялылығын;

3) оларды ресми түрде жариялайтын күннен бұрын конкурстың нәтижелерi туралы мәлiметтердiң жария етiлмеуiн қамтамасыз етедi.

8. Конкурсты өткiзу мерзiмдерi:

1) қаңтар — конкурстың басталуы туралы хабарлау;

2) жыл сайын 1 шiлдеге дейiн — жергiлiктi атқарушы органдардың өтiнiмдердi қабылдауы;

3) жыл сайын 1 қазанға дейiн — жергiлiктi атқарушы органдардың әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi облыстық комиссиялардың алдын ала жасаған қорытындыларын және конкурсқа қатысуға үмiткерлердiң өтiнiмдерiн бiр данада Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне жiберуi;

4) желтоқсан — қорытындылар шығару, жеңiмпаздарды марапаттау.

9. Жергiлiктi атқарушы орган:

1) конкурсты өткiзу жөнiндегi облыстық iс-шаралар жоспарын әзiрлейдi және бекiтедi;

2) үмiткерлердiң өтiнiмдерiн бағалау үшiн құрамына облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың ұлттық кәсiпкерлер палатасының, кәсiптiк одақтардың аумақтық бiрлестiктерiнiң өкiлдерi кiретiн сараптамалық жұмыс тобын құрады;

3) конкурсты өткiзу тәртiбi туралы ұйымдарды хабардар етудi ұйымдастырады.

10. Конкурсқа қатысу үшiн үмiткерлер жергiлiктi атқарушы органдарға материалдарды екi данада ұсынады, оларда:

1) осы ережелерге қосымшаға сәйкес толтырылған өтiнiм;

2) үмiткердiң өз қызметiнiң деңгейiн өзiн-өзi бағалауын және корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiгi бойынша нақты нәтижелерiн бiлдiретiн есебi болады;

Үмiткердiң есебiнде:

заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы;

ұйымдық құрылымы; өзге де қосымша ақпарат;

3) есепке қосымша (ұжымдық шарттың көшiрмесi және өзге де құжаттар);

4) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi белгiлеген және оның интернет-ресурсында орналастырылған нысанда толтырылған сауалнама болуы тиiс.

11. Үмiткердiң мүмкiндiктерi мен қызмет нәтижелерiн сипаттайтын өлшемдердi конкурсты ұйымдастырушылар айқындайды.

11-1. Жергiлiктi атқарушы орган тиiстi мемлекеттiк органдардан конкурсқа қатысуға өтiнiмдерде үмiткерлер келтiрген мәлiметтердiң дәйектiлiгiн растайтын ақпаратты сұратады және үмiткерлердi осы Ережелердiң 6-тармағында көрсетiлген талаптарға сәйкестiгi тұрғысынан тексередi.

Үмiткерлерге қойылатын талаптарға сәйкессiздiктер анықталған кезде конкурсқа қатысуға өтiнiмнiң қабылданбағаны туралы жазбаша хабарлама жiберiледi.

11-2. Сараптамалық жұмыс топтары осы Ережелердiң 11-тармағында көрсетiлген критерийлердiң негiзiнде үмiткерлердiң өтiнiмдерiн бағалауды жүргiзедi және сараптамалық қорытындылар дайындайды.

11-3. Әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi облыстық комиссиялар сараптамалық жұмыс топтарының қорытындылары негiзiнде облыс бойынша алдын ала қорытынды жасайды.

12. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi облыстық комиссиялардың алдын ала қорытындыларын қарағаннан кейiн түпкiлiктi қорытынды жасап, оны және үмiткерлердiң материалдарын Комиссияның қарауына ұсынады.

13. Комиссия ұсынылған материалдардың негiзiнде жеңiмпаздарды анықтайды және мынадай номинациялар бойынша конкурстың лауреаттары атақтарын беру туралы шешiм қабылдайды:

1) «Үздiк әлеуметтiк жауапты кәсiпорын».

Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкiндiгi шектеулi адамдарды әлеуметтiк бейiмдеуге және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтiк бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтiк төлемдердi төлеудi, кадрларды кәсiптiк даярлау мен қайта даярлау жүйесiн ұйымдастыру, мүмкiндiгi шектеулi адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) iске асыратын үмiткерлердiң қызметi қаралады;

2) «Еңбектi қорғау саласындағы үздiк кәсiпорын».

Бұл номинацияда еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң денсаулығын сақтауға мүмкiндiк беретiн еңбек жағдайларын жасайтын үмiткерлердiң қызметi қаралады;

3) "Үздiк ұжымдық шарт".

Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердiң еңбек және әлеуметтiк құқықтарын едәуiр жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

4) "Экологияға қосқан үлесi үшiн".

Бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын iске асыруда ерекше көзге түскен үмiткерлердiң қызметi қаралады.

13-1. Гран-при — конкурстың жоғары наградасы жұмыста және корпоративтiк әлеуметтiк және экологиялық жауапкершiлiк қағидаттарын iске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткiзген үмiткерге берiледi.

14. Конкурс лауреаттарына тиiстi диплом, эмблема және айрықшалық белгiсi (мүсiнше) берiледi.

15. Конкурс лауреаттарын марапаттау рәсiмi жыл сайын, салтанатты жағдайда өткiзiледi.

16. Конкурсты өткiзу туралы, оған үмiткерлердiң әлеуметтiк мәселелердi шешуде қол жеткiзген жетiстiктерiн, конкурс жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмдерiн бұқаралық ақпарат құралдарында жария ету, сондай-ақ лауреаттар тiзiмiн жариялау Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат агенттiгiнiң жәрдемдесуiмен жүзеге асырылады.

16-1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары конкурстың өңiрлiк кезеңiн өткiзу процесiн жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жария етудi және конкурстың республикалық кезеңiне қатысуға ұсынылатын үмiткерлердiң тiзiмiн жариялауды қамтамасыз етедi.

16-2. Ұйымдастырушылар және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары конкурс жеңiмпаздарының үлгiсiнде әлеуметтiк жауапкершiлiктiң үздiк тәжiрибелерiн таратуды ұйымдастырады.

17. Конкурс лауреаттары осы атақ берiлгеннен кейiн үш жыл бойы конкурс эмблемасын жарнамалық мақсаттарда пайдалану құқығын алады. Белгiлi бiр номинация бойынша конкурс лауреаты атағын алғаннан кейiн екi жыл iшiнде осы атақты алуға қайталап ұсынуға жол берiлмейдi.

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2008 жылғы 23 қаңтардағы
N 523 Жарлығымен
бекiтiлген

Бизнестiң әлеуметтiк
жауапкершiлiгi жөнiндегi
"Парыз" конкурсын өткiзу
ережелерiне
ҚОСЫМША

Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi
«Парыз» конкурсына қатысушының
өтiнiмi
Тiркеу нөмiрi ____________

1. Заңды (жеке) тұлғаның атауы ______________________________________

Тiркеу орны бойынша мекенжайы _______________________________________

Орналасу орны бойынша мекенжайы _____________________________________

2. Ұйымның басшысы __________________________________________________
                                   (тегi, аты, әкесiнiң аты)

3. Байланыс телефондары (телефондары, электрондық пошта мекенжайы

және факс нөмiрi) ___________________________________________________

4. Құжаттар ұсынылған номинация (астын сызыңыз):

Үздiк әлеуметтiк жауапты кәсiпорын;

Еңбектi қорғау саласындағы үздiк кәсiпорын;

Үздiк ұжымдық шарт;

Экологияға қосқан үлесi үшiн.

5. Iрi, орта, шағын кәсiпкерлiк субъектiсi (астын сызыңыз)

6. Сала _______________________________________________________

7. Қызметкерлерiнiң саны ______________________________________

8. Заңды (жеке) тұлғаның қызметi туралы қысқаша сипаттама (немен

айналысады) ______________________________________________________

9. Заңды (жеке) тұлғаның алған наградалары __________________________

10. Өтiнiмге сауалнама тiркелген және қосымша _______ парақта

11. Ұсынған материалдар мен көрсеткiштер дұрыс

Қолы

Мөрi

Күнi

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2008 жылғы 23 қаңтардағы
N 523 Жарлығымен
бекiтiлген

Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi
"Парыз" конкурсының лауреаттары атақтарын беру жөнiндегi комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi "Парыз" конкурсының лауреаттары атақтарын беру жөнiндегi комиссия (бұдан әрi — Комиссия) орталық мемлекеттiк органдардың, қызметкерлердiң республикалық бiрлестiктерiнiң және жұмыс берушiлердiң республикалық бiрлестiктерiнiң басшылары қатарынан құрылады.

Комиссияның лауазымдық құрамын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi

2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

2. Комиссияның мiндеттерi мен құқықтары

3. Комиссияның мiндеттерi:

1) бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi "Парыз" конкурсының лауреаты атағына үмiткерлердiң (бұдан әрi — үмiткерлер) материалдарын қарау;

2) үмiткерлердi бағалауды жүргiзу және iрiктеу;

3) конкурстың жеңiмпаздарын (бұдан әрi — конкурс лауреаттары) анықтау болып табылады.

4. Комиссияның:

1) мемлекеттiк органдармен және өзге де ұйымдармен, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасауға;

2) Комиссия мiндеттерiн iске асыруға қажеттi қосымша материалдарды конкурсты ұйымдастырушылардан сұратуға және алуға құқығы;

3) Комиссияға жүктелген мiндеттердi жүзеге асыруға қажеттi өзге де құқықтары бар.

3. Комиссияның қызметiн ұйымдастыру

5. Комиссия құрамына:

1) Комиссияның төрағасы;

2) Комиссия төрағасының орынбасары;

3) Комиссияның хатшысы;

4) Комиссияның мүшелерi кiредi.

6. Комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, отырыстарда төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады. Конкурста көзделген эмблеманы, диплом мен айрықшалық белгiсiн (мүсiнше) Комиссияның төрағасы бекiтедi.

7. Комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Комиссия мүшелерiнiң қарауына ұсынады.

8. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

Комиссияның жұмыс органына мынадай функциялар:

1) конкурстар өткiзудiң мерзiмдерi мен шарттары туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен конкурсты ұйымдастырушылардың веб-сайттары арқылы хабардар ету;

2) әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi облыстық комиссиялардың алдын ала қорытындыларын қарау, түпкiлiктi қорытынды жасау, оны және үмiткерлердiң материалдарын Комиссияның қарауына ұсыну;

3) Комиссия отырыстарын дайындау және ұйымдастыру;

4) конкурс лауреаттарын марапаттау рәсiмiн ұйымдастыру;

5) конкурс лауреаттарының тәжiрибесiн таратуға жәрдемдесу жүктеледi.

9. Комиссия конкурсты ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi тиiстi жылға арналған iс-шаралар жоспарын жыл сайын айқындайды және бекiтедi.

10. Комиссияның отырыстары қажеттiлiгiне қарай, бiрақ жарты жылда кемiнд е бiр рет өткiзiледi. Комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан кезде оның отырысы заңды деп есептеледi.

11. Лауреаттар атақтарын беру туралы шешiмдi Комиссия ашық дауыс беру арқылы қабылдайды және ол үшiн Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi. Шешiм отырыс хаттамасымен ресiмделедi және оған қатысып отырған Комиссия мүшелерiнiң барлығы қол қояды.

Комиссияның шешiмi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

12. Конкурс материалдарында қамтылған және бағалау барысында алынған ақпарат құпия болып табылады әрi оларды үмiткердi бағалаудан басқа, өзге мақсаттарға оның жазбаша келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды.

13. Комиссияның қызметiн тоқтату туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды.

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2008 жылғы 23 қаңтардағы
N 523 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi «Парыз»
конкурсының лауреаттары атақтарын беру жөнiндегi комиссияның
лауазымдық құрамы

Қазақстан Республикасының Президентi  — төраға
Әкiмшiлiгiнiң Басшысы

Қазақстан Республикасының Еңбек және  — төрағаның орынбасары
халықты әлеуметтiк қорғау министрi

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты  — комиссия хатшысы
әлеуметтiк қорғау министрлiгi Еңбек және
әлеуметтiк әрiптестiк департаментiнiң
директоры

Комиссия мүшелерi:

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi

Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрi

Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрi

Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрi

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрi

Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрi

Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң төрағасы (келiсiм бойынша)

Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң төрағасы (келiсiм бойынша)

Қазақстан Республикасының ұлттық кәсiпкерлер палатасы басқармасының басшысы (келiсiм бойынша)

Қазақстан Республикасы Кәсiподақтар федерациясының төрағасы (келiсiм бойынша)

Қазақстан кәсiпкерлерi форумының президентi (келiсiм бойынша)

Қазақстанның тауар өндiрушiлерi мен экспорттаушылары одағының президентi (келiсiм бойынша)

© Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Мақаланы құрған күні 16.05.2019 15:48
Мақаланы жаңартқан күні 16.05.2019 15:48
Қаралым саны: 188

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Послание Президента РК Парламент Республики Казахстан Премьер-Министр Республики Казахстан Информационно-правовая система нормативных правовых актов Республики Казахстан egov.kzЭКСПО 2017НАЦИОНАЛЬНОЕ БЮРО ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ МИНИСТЕРСТВА ПО ДЕЛАМ ГОСУДАРСТВЕННОЙ СЛУЖБЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН