+A A -A

«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM

Қазақша Русский

Зейнетақы калькуляторы

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрi — БЖЗҚ, Қор) тұрғындарға көрсетiлетiн қызмет сапасын жақсарту мақсатында инновациялық қызмет iске қосылған. Соның көмегiмен әрбiр салымшы өзiнiң дербес зейнетақы жоспарын Қордың enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» — «Зейнетақы калькуляторы» бөлiмiнде жүзеге асыра алады.

Қор сайтында екi зейнетақы калькуляторы орналастырылған. Оның бiрi — «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» деп аталады. Ол таяу жылдары зейнеткерлiкке шығуға дайындалып жүрген азаматтарға арналған. Сол арқылы ай сайын берiлетiн зейнетақының болжамды мөлшерiн анықтауға болады. Екiншiсi — «Болжамдық зейнетақы калькуляторы». Сол арқылы зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтар да, бүгiнгi жас мамандар да болашақта алатын зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептей алады. Сонымен қатар бұл калькуятор зейнетақының қандай төлемдерден құралатындығын, табыстылық пен инфляция өзгерген жағдайда оның болжамды көлемiнiң қандай болатындығын көрсетiп бередi.

Болжамды калькуляторға болашақ зейнетақыны есептеу үшiн: туған күнi, жынысы, еңбек өтiлi, жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлi, жинақтардың ағымдағы сомасы және айлық жалақы мөлшерi секiлдi барлық қажеттi деректердi енгiзу қажет. Содан кейiн «Есептеу» түймешiгiн басамыз.

Бiр айта кететiн жәйт, егер болжамды калькуляторды сайттың Жеке кабинетi арқылы ашатын болсаңыз, онда нысандар автоматты түрде толтырылады. Сөйтiп «Есептеу» түймешiгiн басу арқылы анағұрлым дәл көрсеткiштерге қол жеткiзуге болады.

Егер сiз Жеке кабинетте тiркелмеген болсаңыз, болашақ зейнетақыны ағымдағы калькулятор арқылы есептеу барысында оған зейнетақы жинақтарыңыздың ағымдағы сомасын енгiзу қажет. Бұл ақпаратты: БЖЗҚ сайты, Қордың ұялы қосымшасы, электрондық үкiмет порталы және электрондық пошта секiлдi бiрнеше тәсiлмен тегiн алуға болады. Сондай-ақ салымшы Қордың кез келген бөлiмшесiне жүгiне алады. Бұл ретте жеке басты куәландыратын құжат немесе электрондық цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) өзектi кiлтi болуы керек.

Болжамды калькулятор болашақ зейнетақыны «Пессимистiк», «Реалистiк» және «Оптимистiк» деп аталатын үш сценарий бойынша есептейдi. Әрбiр сценарийде жинақтардың инфляциямен салыстырғандағы табыстылық деңгейi көрсетiледi.

«БЖЗҚ» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Кеншинбаева Аяш Хакимқызы түсiндiргенiндей, — «Есептеу барысында калькулятор салымшының тек жеке жинақтарын ғана емес, басқа да деректердi қолданады. Өйткенi зейнетақы калькуляторының мiндетi — болашақ жиынтық зейнетақының мөлшерiн есептеу.

Сонымен жиынтық зейнетақы бiрнеше төлемнен: мемлекеттiк бюджеттен төленетiн ортақ және базалық зейнетақыдан және Қордан берiлетiн зейнетақы төлемiнен құралады. Ортақ зейнетақыны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн кемiнде алты ай еңбек өтiлi бар азаматтар алуға құқылы. Базалық зейнетақының мөлшерi еңбек өтiлi мен жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлiне тәуелдi. Ал БЖЗҚ-дан берiлетiн төлемдер салымшының зейнетақы жинақтары есебiнен қалыптасады.

Ерiктi зейнетақы жарналарын аударатындардың жиынтық зейнетақысы осы жарналардың есебiнен елеулi түрде ұлғаятындығын айта кеткен жөн.

Зейнетақы калькуляторы жинақтарыңыздың қанша жылға жететiндiгiн, құрметтi демалысқа шығар алдында шамамен қанша мөлшерде жалақы алатыныңызды есептейдi, әрi жалақыны жиынтық зейнетақымен ауыстыру коэффициентiн көрсетедi».

Таяуда enpf.kz сайтының «Зейнетақы калькуляторы» бөлiмiнде «Жинақтарды өмiрдi сақтандыру бойынша компанияға аудару» деп аталатын жаңа қызмет iске қосылды. Сол арқылы өмiрдi сақтандыру бойынша компаниямен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн шоттағы зейнетақы жинақтарының ең төменгi жеткiлiктi сомасын есептеуге болады. Бұл калькулятор ең төменгi зейнетақы мөлшерiн ескере отырып, зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектiгiн есептейдi. Сiз тиiстi бағанда жынысыңызға қатысты мәлiметтi белгiлеген соң, шарт жасасуға қажеттi жас мөлшерi автоматты түрде көрсетiледi. Ол ерлер үшiн — 55 жас, әйелдер үшiн биыл — 51 жас.

Одан әрi кепiлдi мерзiмдi белгiлейсiз. Бұл осы мерзiм iшiнде сақтандыру компаниясынан төлемдердi тұрақты алып тұруға ниет бiлдiргенiңiздi бiлдiредi. Әрi қарай калькулятор ағымдағы жыл бойынша ең төменгi зейнетақы мөлшерiн ескере отырып, зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектiгiн есептейдi. Қазiргi уақытта зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн әйелдердiң шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы кемiнде 13 млн 580 мың теңге, ал ерлерде кемiнде 9 млн 710 мың теңге болуы керек. Бұл әрине, ағымдағы күнтiзбелiк жылға арналған болжамды сома. Ал нақты соманы сақтандыру ұйымынан бiлуге болады.

Айтпақшы, есептеу барысында сайтта сақтандыру ұйымдарының iс жүргiзуге қатысты шығындары есепке алынбайды. Бұл шығындардың көлемi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң 2015 жылғы 20 қазандағы №194 қаулысына сәйкес сақтандыру сыйақысы мен әрбiр сақтандыру төлемiнiң 0 пайызынан 3 пайызына дейiн құрауы мүмкiн.

Егер барлық есептеулерден кейiн, болашақ зейнетақы мөлшерi күтiлген сомадан аз болып шықса, оны ерiктi зейнетақы жарналарын аудару арқылы ұлғайтуға болады. Қазiр Қорда ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен шамамен 50 мың шот ашылған. Зейнетақыны жоспарлау деген осы. Құрметтi демалыста лайықты өмiр сүргiсi келетiн әрбiр адам, зейнет жасына дейiн қанша ақша жинау керектiгiн осы бастан бiлуi қажет.

Қор өз кезегiнде болашақ зейнетақыны қалыптастыру жолында әрбiр салымшыға дербес кеңесшi болуға тырысады және бұл үшiн барлық мүмкiндiктердi ұсынады.

«Зейнетақы калькуляторы» қызметiмен «БЖЗҚ» АҚ сайтында мына сiлтеме бойынша танысуға болады: https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php

 

Мақаланы құрған күні 04.03.2019 11:01
Мақаланы жаңартқан күні 04.03.2019 11:01
Қаралым саны: 1321