A- A A+
«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
Ерікті зейнетақы жарналары

Бүгiнде Қазақстанның зейнетақы жүйесi үш деңгейден тұратыны белгiлi. Оның құрамындағы ортақ және жинақтаушы зейнетақы құрамдауыштары өзара оңтайлы үйлестiрiлген.

Бiрiншi деңгей — бұл ортақ зейнетақы жүйесi. Онда зейнетақы төлемдерi мемлекеттiк бюджеттен жұмыс iстеушi азаматтардың салық аударымдары және басқа да түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады. Бұл зейнетақы екi құрамдауыштан тұрады. Бiрi — мемлекеттiк базалық зейнетақы. Ол барлық зейнеткерге еңбек өтiлiне немесе айлық табысына қарамастан өмiр бойына тағайындалады. Екiншiсi — еңбек өтiлiне қарай төленетiн жасына байланысты зейнетақы. Мұнда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi еңбек өтiлi ескерiледi. Бұл ретте еңбек өтiлi алты айдан кем болмауы тиiс.

Екiншi деңгей — мiндеттi жинақтаушы зейнетақы жүйесi. Мұнда Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың айлық табысының 10 пайызы мiндеттi зейнетақы жарнасы ретiнде зейнетақы Қорына аударылады. Бұдан басқа, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушiлер зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерiнiң пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарнасы ретiнде аударуға мiндеттендi.

Бұл ретте зиянды өндiрiстер мен жұмыстардың тiзiмiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

2020 жылдан бастап жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналары енгiзiледi. Сәйкесiнше Қазақстандағы барлық жұмыс берушiлер (олардың iшiнде зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерiнiң пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын аударатын жұмыс берушiлер де бар) еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебiнен қызметкерлерiнiң пайдасына жалақының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударады.

Үшiншi деңгей — ерiктi зейнетақы жарналарына (ЕЗЖ) негiзделген жинақтаушы жүйе. ЕЗЖ мөлшерлемесi, оларды зейнетақы Қорына аудару және зейнетақы төлемдерi ретiнде төлеу ЕЗЖ есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.

Сонау 1952 жылы қабылданған, Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгi әлеуметтiк қамсыздандыру нормалары туралы» Конвенциясына сәйкес орнын басу коэффициентi 40 пайызға тең болуы тиiс. Яғни, зейнетақы мөлшерi жұмыскер жалақысының кем дегенде 40 пайызын құруы керек.

Алайда зейнеткерлiкке шыққандардың барлығының бiрдей зейнетақысы жоғалтқан жалақыларының 40 пайызына жете бермейдi. Бұған зейнеткердiң зейнет жасына дейiнгi жалақысының төмен болуы, жинақтаушы зейнетақы жүйесiндегi еңбек өтiлiнiң аздығы, зейнетақы жарналарының тұрақсыз аударылуы және басқа да факторлар әсер етуi мүмкiн.

Бiрақ, осы жәйттерге қарамастан, қалайша лайықты зейнетақы алуға болады? Бұл мәселенi шешудiң бiр жолы — ерiктi зейнетақы жарналарын төлеу.

Ерiктi зейнетақы жарналары — бұл, салымшының Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз еркiмен аударатын ақшасы. Бұл ретте салымшы жарнаның сомасын өзi белгiлейдi және оны өзiнiң атына ғана емес, туған-туыстарының атына да аудара алады.

Заңды тұлғалар да жеке тұлғаның пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарының салымшылары болуға құқылы. Мысалы, жұмыс берушi осылайша қызметкерлерiнiң жұмысқа деген ынтасын арттыруға әрекет жасауы мүмкiн. Ерiктi зейнетақы жарналары ерiктi түрде жүзеге асырылады. Бұл үшiн Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасалады.

Шартта жалақы мөлшерiн немесе жалақының Қорға аударылатын пайызын көрсетудiң қажетi жоқ. Өйткенi, ерiктi зейнетақы жарналарының сомасы салымшының мүмкiндiгi мен ықыласына қарай ай сайын өзгеруi мүмкiн.

2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен барлығы 39,2 мың шот ашылған. Олардағы жинақтардың жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгенi құрайды.

Ерiктi жарналар да басқа зейнетақы жарналарымен қатар әр түрлi қаржы құралдарына инвестицияланады, сәйкесiнше оларға да күн сайын инвестициялық табыс есептеледi. Ерiктi жарналар есебiнен құралған зейнетақы жинағының басқа зейнетақы жинақтарынан айырмашылығы сол, оны зейнеткерлiк жасқа толмай жатып алуға болады.

Нақты айтар болсақ, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

Әлемдiк тәжiрибелердi зерделей келе, БЖЗҚ қазiргi таңда ерiктi зейнетақы жарналары сынды болашаққа қаражат жинау құралын белсендi түрде пайдалану мүмкiндiгiн қарастырып жатыр. Қор мамандарының есептеуiнше, аз мөлшерде тұрақсыз аударылған ерiктi жарналары есебiнен құралған зейнетақы жинағы зейнеткердiң берекелi тiршiлiгiн қамтамасыз етуге елеулi түрде септiгiн тигiзедi.

Парақтағы соңғы өзгерістер:: 28.06.2017 09:22
@2017 «Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
Яндекс.Метрика

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

8 (71640) 9-17-42;

sandakimat@mail.ru