A- A A+
«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
Жұмыс берушінің жауапкершілігі

Еңбек жолын жаңадан бастап келе жатқан жас мамандардың көпшiлiгi зейнетақыға қатысты мәселеге бас қатырып жатпайтыны рас. Бұл туралы сұрай қалсаң: «Қайдағы зейнетақы, не айтып тұрсыз?», — дейтiнi сөзсiз. Өйткенi олар үшiн бүкiл өмiр алда ғой!

Бiрақ, өмiр заңы бар емес пе, аға ұрпақ секiлдi бiз де өсемiз, есейемiз және қартаямыз.

Иә, мойын бұрып қарағанша, қамшының сабындай өмiрде зейнеткерлiк жасқа жетiп қалғаныңды бiлмей де қаласың…

Бәрiн айт та бiрiн айт, қазiргi таңда азаматтар болашақ зейнетақысы туралы жас кезiнен бастап ойлануы керек. Бұл заман талабы.

Дегенмен бұл туралы қоғамда әр түрлi пiкiрлер бар. Бiреулер: «Менi үкiмет асырайды, далада қалдырмайды», — деп ойласа, басқалар: «Дүниенi балаларыңа жина, солардың бiлiмiне жұмса. Сонда олар жақсы бiлiм алады, жақсы қызметке тұрады. Сөйтiп ата-анасын да асырай алады», — дейдi.

Ал ендi бiреулер тек өзiне ғана сенедi, жалақыларын конвертсiз, ашық түрде алады. Мiндеттi зейнетақы жарналарын тұрақты түрде төлейдi. Тiптi ерiктi зейнетақы жарналарын да төлеудi ойластырады.

Қазiргi таңда зейнетақы жүйесiнiң құрылымы үш мүдделi тарапты — мемлекеттi, жұмыс берушiнi және жұмыскердi бiрiктiредi.

Мемлекет зейнетақы жүйесiн реформалап, оған жинақтаушы құрамдауышты қоса отырып, азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысуға шақырады.

Бұл жүйеде салымшы өзiнiң бүкiл еңбек жолында мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен қанша қаржы жинаса, зейнеткерлiк жасқа толғанда сонша қаржы алады. Бұл ретте оның жинағына зейнетақы жүйесiне қатысқан бүкiл кезеңi бойынша инвестициялық табыс есептелiп отырады. Егер зейнетақы жинағының жалпы сомасы инфляция деңгейiнен төмен болатын болса айырма сомасы республикалық бюджеттен бiржолғы төлем ретiнде зейнеткерлiк жасқа толған алушының банк шотына аударылады.

Бұл ретте қаржы жинақтауда салымшыға үлкен жауапкершiлiк жүктеледi. Егер ол ресми түрде жұмыс iстеп, мiндеттi зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұратын болса, онда оның зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi бiрiншiден:

1) оның зейнетақы жүйесiне қатысу ұзақтығына;

2) жүйеге енгiзiлген зейнетақы жарналарының саны мен сомасына; 3) жинақталған инвестициялық табысқа және

4) айлық табыстың өсу қарқынына тәуелдi болады.

Мемлекет ешкiмдi ескерусiз қалдырмайды. Керiсiнше олардың қамын ойлайды. Яғни, республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлемдерiн жүзеге асырады және инфляция деңгейiн ескере отырып зейнетақы жинақтарының сақталуына кепiлдiк бередi.

Сонымен қатар жұмыс берушiге де үлкен жауапкершiлiк жүктелген. Ол мiндеттi зейнетақы жарналарын дер кезiнде және толық көлемде аударып отыруы тиiс. Ал 2020 жылдан бастап өз қаражаты есебiнен жұмыскерiнiң пайдасына жалақысының 5 пайызын оның шартты зейнетақы шотына аударуға мiндеттенедi.

«Қазақстан Республикасында зейнетақмен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес жұмыс берушiлер салымшының зейнетақы шотына мiндеттi зейнетақы жарналары және мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын аударады. Мiндеттi зейнетақы жарналары жұмыскердiң айлық табысының 10 пайызын құрайды. Ал мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары жұмыскердiң айлық табысының 5 пайызын құрайды және оларды жұмыс берушiлер өз қаражаты есебiнен зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерiнiң пайдасына төлейдi. Мiндеттi зейнетақы жарналарын (МЗЖ), мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есептеу, ұстап қалу (есебiне жазу) және аудару тәртiбi мен мерзiмi жоғарыда аталған Заңмен реттеледi.

МЗЖ және МКЗЖ дер кезiнде төлеу — жұмыс берушiнiң өз жұмыскерлерi үшiн әлеуметтiк жауапкершiлiгi ғана емес, сонымен қатар заңнама талабы.

Жұмыс берушiлер уақтылы ұстап қалмаған (есебiне жазбаған) және (немесе) аудармаған МЗЖ және МКЗЖ сомаларын мемлекеттiк кiрiс органдары өндiрiп алады немесе оларды мерзiмiн өткiзiп алған әрбiр күнге (Мемлекеттiк корпорацияға төлейтiн күндi қоса алғанда) қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесiнiң 2,5 еселенген мөлшерiнде есебiне жазылған өсiмпұлмен бiрге жұмыскерлерiнiң пайдасына агенттер аударуға тиiс.

Сондықтан БЖЗҚ азаматтарға өздерiнiң зейнетақы жинақтарының жай-күйiн және жұмыс берушi аударатын жарналардың дер кезiнде, тұрақты және толыққанды аударылуын жеке зейнетақы шотынан алынатын үзiндi-көшiрме арқылы бақылап отыруға кеңес бередi.

Үзiндi-көшiрменi алудың бiрнеше тәсiлi бар. Олар:

Қор кеңсесiне өзi келу, электрондық және дәстүрлi пошта байланысы, Қордың сайты немесе «ENPF» ұялы қосымшасы, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегiмен egov.kz электрондық үкiметi арқылы алу.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елiмiзде жинақтаушы зейнетақы жүйесiне шартты-жинақтаушы құрамдауыш, яғни жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналары енгiзiледi. Бұл үшiн Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыскерлердiң атына шартты зейнетақы шоттары ашылады. Оларға барлық жұмыс берушiлер еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебiнен жұмыскерлерiнiң пайдасына олардың айлық табысының 5 пайызын жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналары ретiнде аударатын болады. Бұл жарналардың артықшылығы сол, шартты зейнетақы шотындағы қаржы таусылып қалса да, бұл жарналардың есебiнен зейнетақы төлемдерi зейнеткерге өмiр бойына төленедi. Бiрақ, бұл үшiн шартты зейнетақы шотына жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналары 5 жыл, яғни кемiнде 60 ай тұрақты түрде аударылуы тиiс. Шартты зейнетақы шотына аударылатын жарналар жыл сайын капиталданады және қаржы құралдарына инвестицияланады.

Алғашқы жарналар 2020 жылдан бастап енгiзiле бастайды. Ал алғашқы төлемдер сәйкесiнше 2025 жылдан бастап төленедi.

Егер мiндеттi зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына кәдiмгi ақшалай қаражат жинақталатын болса, шартты зейнетақы шоттарына жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналары тек белгiленiп отырады, яғни тiркеледi. Бұл шоттағы зейнетақы жинақтары жұмыскердiң меншiгi болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды: егер салымшы (алушы) жүйеден шығатын болса оның шартты зейнетақы шотындағы қаражат басқа қатысушылар арасында үлестiрiлетiн болады.

Осылайша, зейнетақы жүйесiнiң бұл құрамдауышы ортақ және жинақтаушы жүйенiң артықшылықтарын қамтиды.

Сәйкесiнше бизнестiң өз жұмыскерлерi үшiн әлеуметтiк жауапкершiлiгi арта түседi. Ал бұл, бүкiләлемдiк үрдiс.

Парақтағы соңғы өзгерістер:: 04.09.2017 17:25
@2017 «Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
Яндекс.Метрика

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

8 (71640) 9-17-42;

sandakimat@mail.ru