2018 жылы күшіне енетін зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер туралы

Зейнетақы жүйесi — әлеуметтiк тақырып. Ол халықтың барлық әлеуметтiк топтарын қамтиды. Сондықтан зейнетақы заңнамасындағы өзгерiстердiң мән-мағынасын Қазақстан Республикасының әрбiр азаматына жеткiзу өте маңызды.

2018 жылдан бастап әйелдердiң зейнеткерлiкке шығу жасын ұлғайту және базалық зейнетақыны есептеуге қатысты өзгерiстер күшiне енедi. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi еңбек өтiлi, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейiнгi еңбек өтiлi ескерiлетiн болады. Бұдан басқа, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берiлетiн зейнетақы төлемдерiн есептеу тәртiбi мен оларды алу кестесi де өзгерiске ұшырайды.

2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекiтiлген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесiн одан әрi жаңғыртудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасына (бұдан әрi — Тұжырымдама) сәйкес зейнеткерлiк жасқа толуға және I, II топтардағы мүгедектiк мерзiмсiз болып белгiленуiне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерiн алу барысында зейнетақы жинақтарының бүкiл сомасын бiржола алуды жою жоспарланған болатын. Бұл ретте жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерiнен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бiр рет толығымен төленедi. Ал егер алушы зейнетақы төлемдерiн алу үшiн зейнетақы Қорына жүгiнген күнi оның зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерiнен асатын болса, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерi тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады.

Айта кету керек, Тұжырымдаманың бұл нормалары зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның ережелерiне 2015 жылы енгiзiлген болатын. Ал 2017 жылдың қыркүйегiнде 2018 жылдың қаңтарынан бастап күшiне енетiн Ережелерге тиiстi өзгерiстер енгiзiлдi.

Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерi тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады.

Егер Қорға жүгiнген күнi зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерiнен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкiндiк бар екендiгiн тағы да еске саламыз. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгенi құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленедi. Қорыта келе айтар болсақ, БЖЗҚ-дан төленетiн ай сайынғы зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi Үкiмет Қаулысымен бекiтiлген, Зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеудi жүзеге асыру әдiстемесiне сәйкес, зейнетақы төлемдерiнiң жылдық сомасының он екiден бiр бөлiгi ретiнде (12/1) айқындалады. Әдiстеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасын, алушының тиiстi жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентi ескерiледi. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентi — зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзiмiн есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретiн көрсеткiш. зейнетақы төлемдерiн алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиiстi коэффициентке көбейтiлiп 12-ге бөлiнедi. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бiрақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 54 пайызынан төмен болмайды.

2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап мемлекеттiк бюджеттен төленетiн базалық зейнетақы еңбек өтiлi мен жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлiн ескере отырып тағайындалады. Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртiбi өзгередi.

Бүгiнде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14 466 теңге көлемiнде төленедi (ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердiң 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi еңбек өтiлi және жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлi 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбiр жыл үшiн оның көлемi 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшерi ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

Ал ортақ зейнетақыға қатысты айтар болсақ, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi еңбек өтiлi жоқ немесе ол алты айдан төмен болған азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Яғни, 1980-1982 жылдардан кейiн туған азаматтарға 1998 жылға дейiнгi еңбек өтiлi бойынша ортақ зейнетақы төленбейдi.

Дегенмен, бұл азаматтар мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгi кепiлдiктерiн алуға құқылы (бұл бүгiнгi базалық зейнетақы). Бiртiндеп ортақ құрамдауыш келмеске кетедi, сәйкесiнше 2030 жылға дейiн және одан кейiн жинақтаушы құрамдауыштың үлесi бiртiндеп арта түседi.

Зейнетақы жүйесiн жаңғыртуда басты мiндет — оны нығайту және зейнетақы төлемдерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру.

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы зейнетақыны әр түрлi төлем көздерiнен берiлетiн төлемдер жиынтығы ретiнде қарайды. Бұл төлем көздерi: мемлекеттiк бюджеттен төленетiн зейнетақылар (ортақ зейнетақы) және салымшының өзiнiң зейнетақы жинақтары (жинақтаушы құрамдауыш, БЖЗҚ-дан төлемдер). Бұл жердегi басты мақсат — зейнет жасындағы азаматтарды тұрақты негiзде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету.

БЖЗҚ зейнетақы төлемдерi салымшы өтiнiш жасаған күннен бастап белгiленiп, таусылғанша жүзеге асырылатындығын тағы да еске салады. Зейнетақы төлемдерiн алу құқығы туындаған кезде Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына дер кезiнде жүгiну қажет.

«БЖЗҚ» АҚ-ға ұсыну тәсiлiне қарай (кеңсеге өзi келген кезде/пошта байланысы арқылы/электрондық цифрлық қолтаңба пайдалана отырып «БЖЗҚ» АҚ веб-сайты арқылы/үшiншi тұлға арқылы) зейнетақы жинақтарының төлемiн ресiмдеуге қажет барлық құжат тiзбесiн, оларды ресiмдеуге қойылатын талаптарды, өтiнiштердiң бланкiлерiн, сенiмхаттардың үлгiлерiн, кеңселердiң мекенжайларын, жұмыс тәртiбiн және байланыс телефондарын www.enpf.kz «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтынан таба аласыз. Онда ақпарат үнемi жаңартылып тұрады, сондай-ақ байланыс орталығының 1418 телефонына хабарласа аласыз (Қазақстан аумағында қоңырау шалу тегiн).

Азаматтардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерiн алу құқығын дер кезiнде жүзеге асыруға мүмкiндiктерi болу үшiн БЖЗҚ 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсаны күндерi жұмыс iстейтiн болады.

«БЖЗҚ» АҚ 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсаны күндерi барлық операциялық бөлiмшелердiң таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейiн жұмыс iстейтiндiгiн хабарлайды. Басты мақсат — БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерiн алу құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейiн туындаған немесе туындайтын салымшылардың осы төлемдердi рәсiмдеу құқығын жүзеге асыру.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшiн байланыстар: press@enpf.kz

Мақаланы құрған күні 07.12.2017 11:11
Мақаланы жаңартқан күні 07.12.2017 11:11
Қаралым саны: 1032