ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық қызметі

Зейнетақы активтерiнiң валюталық портфелiне қатысты жаңа стратегиялық үлестiрiм аясында зейнетақы активтерi дамушы және дамыған елдердiң облигациялары мен акцияларының ғаламдық индексiне инвестицияланатын болады. Бұл жерде индекс — тәуекел мен табыстылықтың белгiлi бiр шамаларына жауап бере алатын қаржы құралдарының жиынтығы. Оларды инвесторлар эталонды портфельдер ретiнде қолданады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi дербес басқару аясында арнайы механизм әзiрледi. Ол макроэкономикалық көрсеткiштердi талдау негiзiнде инвестициялық жағынан тартымды елдердi таңдауға мүмкiндiк бередi. Ал бұл елдер JPMorgan және Merrill Lynch компанялары әзiрлеген және қадағалайтын, дамушы елдер облигацияларының ғаламдық индексiне енген.

2017 жылы зейнетақы активтерiн инвестициялау мақсатында жүргiзiлген талдау нәтижесiнде тұрақты макроэкономикалық көрсеткiштерге және кредиттiк рейтингтерге ие 11 дамушы ел таңдап алынды. Олар Оңтүстiк-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Шығыс Еуропа аймақтарындағы мемлекеттер.

2017 жылдың қарашасында Ұлттық Банк зейнетақы активтерiн Бразилия, Мексика, Чили, Перу, Польша, Индонезия және басқа да дамушы елдер Үкiметiнiң АҚШ долларында номинирленген мемлекеттiк бағалы қағаздарына кезең-кезеңмен инвестициялау шараларын қолға алды.

2018 жылдың 1 сәуiрiне қарай зейнетақы активтерiнiң 73,29 пайыздан астамы рейтингi «ААА» -дан «BBB-»-ға дейiн болатын, тәуекелi ең төмен қаржы құралдарына, ал 15,58 пайызы ұстамды дәрежедегi тәуекелi бар (рейтингi «ВВ+» -тен «В-») қаржы құралдарына орналастырылды. Бұл ретте 849 млрд теңгенiң қаржы құралдары (инвестициялық портфельдiң 10,08 пайызы) рейтингтiк бағаға ие емес. Соған қарамастан олардың эмитенттерi алдыңғы қатарлы халықаралық агенттiктер тарапынан барабар кредиттiк рейтингтерге ие немесе инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырады және олар бойынша қаржыны қайтару жөнiнде мемлекеттiк кепiлдiк бар.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшiн байланыстар: press@enpf.kz

Мақаланы құрған күні 29.05.2018 15:22
Мақаланы жаңартқан күні 29.05.2018 15:22
Қаралым саны: 381
PAGE_COMMENT