Зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрi — БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтары бар адам зейнеткерлiк жасқа толған кезде оның зейнетақы жүйесiне қатысқан бүкiл кезеңiндегi инфляция деңгейi ескерiле отырып, шотындағы жинақ ақша осы шотқа енгiзiлген жарналардың сомасымен салыстырылады. Егер алушының Қордағы жинақтарының инвестициялық табысты қоса есептегендегi жалпы сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, айырма сомасы төленбейдi. Ал егер инфляциядан төмен болса, «Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясы мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн есептейдi. Бұл сома бiржолғы төлем ретiнде республикалық бюджет есебiнен алушының банк шотына 10 жұмыс күнi iшiнде аударылады.

Зейнетақы жинақтарын қалыптастыру кезеңi бiрнеше ондаған жылдарға созылатыны белгiлi. Бiр жағы содан да болар, кейбiр салымшылар: «Зейнет жасына дейiн әлi талай жыл бар, оған дейiн өмiр де экономика да өзгередi, жинаған ақшамыздың жайы қалай болады?», — деп уайымдайды. Бiрақ уайымдауға еш негiз жоқ. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының (бұдан әрi — Заң) 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерiн алу құқығы туындаған кезде мемлекет зейнеткердiң жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысқан бүкiл кезеңiндегi инфляция деңгейiн ескере отырып, оның атына Қорға аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Бұл норма Заңға 2003 жылы енгiзiлген. Осылайша мемлекет жеке зейнетақы шотындағы жинақтарды сақтау кепiлдiгiн өз мойнына алды.

Бүгiнде Қазақстан әлемде зейнетақы жинақтарының сақталуына толық кепiлдiк беретiн жалғыз мемлекет. Мысалы, Германияның зейнетақы жүйесi әлемдегi ең тиiмдi жүйелердiң бiрi болып саналады. Соған қарамастан бұл елдiң зейнетақы қорлары жинақ ақша бойынша салымшылардың зейнет жасына толуына қарай 2 пайыздан астам мөлшерде ғана табыстылық мөлшерлемесiне кепiлдiк бередi. Чилиде зейнетақы активтерiн басқарушылар зейнетақы жинақтарының сақталуына таңдап алынған қор түрiне қарай кепiлдiк бередi. Дегенмен зейнетақы жинақтарының көлемi соңғы 36 ай iшiндегi орташа сараланған 2 пайыздық нақты табыстылық деңгейiнен төмен болмайды. Ал Швеция, Австралия, Израиль, Норвегия, Мексика, Эстония елдерiнде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепiлдiк тiптi берiлмейдi.

Елiмiзде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепiлдiк механизмi 2009 жылдан бастап белсендi түрде қолданыла бастады. Өйткенi бұл кезеңде қаржы дағдарысының салдарынан зейнетақы активтерiнiң табыстылығы күрт төмендеп кеткен болатын. Қаржы нарығындағы ахуалдарға қарай зейнетақы жинақтарын инвестициялаудан түсетiн табыс бiрде жоғары, бiрде төмен болуы мүмкiн. Осыған байланысты шоттағы жинақтардың сомасы мен осы шотқа нақты енгiзiлген жарналардың арасында айырмашылық пайда болады. Сондықтан салымшы зейнеткерлiк жасқа толғанда оның зейнетақы жинақтарының жалпы табыстылығы есептеледi. Бұл ретте әрине, салымшының жинақтаушы жүйеде болған бүкiл кезеңiндегi инфляция деңгейi ескерiледi. Демек қаржы нарығы мен инвестициялық табысқа қатысты қандай жағдай орын алмасын, салымшылардың жинақтары сенiмдi қорғалған. Мемлекеттiк кепiлдiк төлемi салымшыларға олар зейнетақы төлемдерiн алу құқығына ие болған кезде берiледi.

Мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн алуға кiмдер құқылы? Олар — зейнет жасына толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы өтемақыны алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлерi. Бұл ретте мұрагерлер арнайы өтiнiш және жеке басты кәландыратын құжатпен қатар мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлiк пен мұрагерлiк құқығы туралы куәлiктi тапсырады.

Мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн есептеу және төлеудi

«Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясының «Әлеуметтiк төлемдердi ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясы жүзеге асырады.

2018 жылдың қазан айында зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыруды оңтайландыру мақсатында Композиттiк қызмет iске қосылған болатын. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттiк бюджеттен берiлетiн зейнетақылар мен Қор төлемдерiн және мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн алу үшiн бiрыңғай өтiнiш пен қажеттi құжаттарды тек бiр жерге — «Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады. Айырма төлемiн алу үшiн бөлек өтiнiш берудiң қажетi жоқ. Бұрын бұл азаматтар Қордан зейнетақы төлемдерiн алу үшiн Қордың өзiне жүгiнетiн.

Айта кетелiк, Қорда зейнетақы жинақтары бар, I және II топтардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген жандар және Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн зейнетақы төлеу тәртiбi өзгерiссiз қалады. Олар зейнетақы жинақтары есебiнен төлемдерiн алу үшiн Қорға жүгiнедi. Ал мемлекеттiк зейнетақылар мен мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн алу үшiн әрине, олар да бiрыңғай өтiнiшпен Мемлекеттiк корпорацияға барады.

Мақаланы құрған күні 25.04.2019 10:42
Мақаланы жаңартқан күні 25.04.2019 10:42
Қаралым саны: 501

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Послание Президента РК Парламент Республики Казахстан Премьер-Министр Республики Казахстан Государственные символы РК Информационно-правовая система нормативных правовых актов Республики Казахстан egov.kzНАЦИОНАЛЬНОЕ БЮРО ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ МИНИСТЕРСТВА ПО ДЕЛАМ ГОСУДАРСТВЕННОЙ СЛУЖБЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН