БЖЗҚ әрдайым байланыста

Қарттық шақта қамсыз өмiр сүру үшiн қандай қарекет жасау керек? Менiң зейнетақы шотымда қанша қаржы жиналды? Зейнетақы активтерiнiң табыстылығы қандай? Бұл сауалдар зейнетақы қорына жарна жинап жүрген әрбiр азаматты толғандыратыны анық. Қазақстандықтардың осы сарындас сұрақтарға жан-жақты жауап алуға мүмкiндiгi бар. 20 маусым күнi Бiрiңғай жинақтаушы зейнетақы қорының барлық өңiрлiк филиалдарында Ашық есiк күнi өтедi. Жұртшылықпен кезектi кездесудiң тақырыбы  — «Зейнетақы жинақтары. Жеке зейнетақы шотының жай-күйi туралы хабарлау әдiстерi». Шара қарсаңында бiз Қордың Ақмола облыстықфилиалының директоры Кеншiнбаева Аяш Хәкiмқызынәңгiмеге тартқан едiк.

Сұрақ: БЖЗҚ Ашық есiк күндерiн жүйелi өткiзiп келе жатқанына екiншi жыл. Бұл шараның қажеттiлiгi неде?

-Бұл жобаны бiз былтырғы жылдың басынан бастап қолға алдық. Осы уақыт iшiнде оған республика бойынша 19 мыңнан астам адам қатысты. Зейнетақы қалай есептеледi, бұл салаға қатысты қандай заңнамалық өзгерiстер бар? Кең ауқымды түсiндiрмелiк жұмыстарға қарамастан, халықтың зейнетақы қорына қатысты сауалдары әлi де баршылық. Ашық есiк күнi жұртшылықтың зейнетақы жүйесi туралы мағлұматын кеңейтiп қана қоймай, өздерiне қатысты жеке сұрақтары бойынша мамандардан кеңес алуға мүмкiндiгi бар. Қазақстандықтардың зейнетақы тақырыбына жоғары қызығушылығын ескере отырып, Қор басшылығы шараны жүйелi түрде өткiзу туралы шешiм қабылдады.

Сұрақ: Қазақстанда қандай зейнетақы түрлерi бар? Оған кiм иек арта алады?

- Қазiргi таңда зейнетақы жарналараның үш түрi бар. Оның бiрiншiсi — мiндеттi зейнетақы жарналарын жұмыс берушi жұмыскердiң айлық табысының 10 пайызы көлемiнде аударып отырады. Екiншiсi — мiндеттi кәсiби зейнетақы жарналарын жұмыс берушi зиянды жағдайда жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң есепшотына айлық табысының 5 пайызы көлемiнде аударады. Ал, үшiншi- ерiктi зейнетақы жарнасы өзiнiң зейнет кезеңiн жоспарлап, қарттық жасындағы қажеттiлiктерiне қаражат жинауға дайын азаматтарға арналған. Жарнаның бұл түрiнiң сомасын салымшы өз ықтиярына қарай белгiлей алады. Өкiнiшке орай, азаматтардың зейнетақы жүйесiнiң қалай жұмыс iстейтiнi туралы бiлiмi бiркелкi емес. Осының салдарынан кей азаматтарымыз зейнетақы шағын дұрыстап жоспарлай алмайды, ал кейде тiптi бұл кемшiлiк олардың құқықтарының шектелуiне әкелiп жатады.Сондықтан Ашық есiк күнi аясында бiз бұл тақырыпқа ерекше тоқталып өтудi жөн санадық.

Сұрақ: Ашық есiк күнiнiң екiншi тақырыбы — жеке зейнетақы шоттарының жай-күйi туралы ақпарат алу әдiстерi. Бұл тақырыптың маңыздылығы неде?

-Бұл да өте өзектi тақырып. Себебi азаматтарды өз зейнетақы шотында қанша жарна жиналғаны, олардың қаншалықты тиiмдi инвестицияланғаны әрдайым алаңдатады. Зейнетақы қоры салымшылары мен алушыларын бұл туралы әрдайым құлақтандырып отырады. Ал соңғы жылдары ақпараттандыру тәсiлдерi айтарлықтай кеңейдi. БЖЗҚ уақыт талабына сай дамып келедi. Қашықтық арқылы қызмет көрсетуге есептелген көптеген жаңа электрондық сервис түрлерi қолданысқа енгiзiлдi. Ендi кеңсеге барып, кезекте тұрмай-ақ қызмет алып, уақыт үнемдеуге болады. Зейнетақы шотының жағдайын үйде отырып-ақ, тiптi ұялы телефон арқылы да қадағалауға болады.2017 жылы Қорды электрондық операцияларының көрсеткiшi 52 пайызға жеткен. Мұндай қызмет түрлерiн бiз одан әрi де жетiлдiре бермекпiз. Цифрландыру — сән қуу емес, бұл бiздiң өмiрiмiздi барынша қолайлы ететiн уақыт талабы. Сондықтан бiз жұртшылықты бұл мүмкiндiктермен кеңiрек таныстырмақпыз.

ЖЗШ-дан үзiндi-көшiрме алудың қандай нақты түрлерi бар? Зейнетақы рәсiмдеудi есептемегенде бұл ең көп сұранысқа ие қызмет түрi ғой.

Қазiргi таңда тек ЖЗШ-дан көшiрме алу ғана емес, БЖЗҚ-ның көптеген қызмет түрлерi электрондық нұсқаға көшiрiлген. Қор салымшылары мен алушыларына өз жарналары туралы ақпаратты қашықтықтан алуға мүмкiндiк беретiн ыңғайлы әдiстерiн ұсынып отыр. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының енгiзiлуi бұл мүмкiндiктердi одан әрi кеңейтуде. Қысқаша тоқталар болсам, қазiр мұндай ақпаратты электрондық пошта арқылы ғана емес, Қор сайтында жеке кабинет ашу арқылы, EGOV.KZ электрондық үкiметiнiң порталы арқылы да алуға болады. Android, iPhone, iPad, Windows Phone операциялық жүйелерiне есептелген мобильдi қосымша да жұртшылық арасында үлкен сұранысқа ие. Әрине, ақпарат алудың белгiлi бiр тәсiлiне жүгiну үшiн Қор кеңсесiне келiп өтiнiм жазу, электрондық цифрлық қолтаңбаға жүгiну сынды белгiлi талаптар бар. Дегенмен, бұл дәстүрлi қызмет түрлерiнен әлдеқайда қолайлы екенi анық. Осы жаңа қызмет түрлерiмен бiз жұртшылықты Ашық есiк күнiнде кеңiрек таныстырмақпыз. Сонымен қатар, азаматтарға қосымша сұрақтары бойынша жеке кеңес беруге дайынбыз. Сондықтан жұртшылықты 20 маусым күнi сағат 10:00 мен 17:00 аралығында асыға күтемiз.

-Әңгiмеңiзге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттiлiк тiлеймiз!

Мақаланы құрған күні 19.06.2018 11:48
Мақаланы жаңартқан күні 19.06.2018 11:48
Қаралым саны: 164
PAGE_COMMENT