Қарттық шақ қазыналы болсын десеңіз...

Адам баласы негiзi мектеп жасына дейiн және зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн еркiндеу өмiр сүредi екен. Одан басқа кезең әрине қарбалас тiрлiкке толы: мектепке барады, университетте оқиды, жұмыс iстейдi. Ендi мектеп қабырғасында көңiл сүйген өнермен айналысуға мүмкiндiк бар (спорт, музыка, би, сурет салу) деп айтуға болады. Студенттiк жылдары да сүйiктi iсiңмен айналысуға уақыт табылады. Бiрақ, жұмыста басқа тiрлiкке мойын бұруға уақыт табу қиын. Адам бұл кезеңде өзi үшiн емес, әйелi, бала-шағасы үшiн өмiр сүредi. Сананы тұрмыс билейдi: «Үй салсам екен, сол үйде бала-шағамаман болып, қарындары тоқ, уайымдары жоқ болып, қатарынан қалмай өмiр сүрсе екен», — деп тiлейсiң. Оның үстiне ата-анаңды, туған-туыстарыңды, дос-жарандарыңды, әрiптестерiңдi ұмытуға болмайды. Абыройыңды сақтай отырып, барлығымен лайықты қарым-қатынас жасағың келедi. Қолыңнан келсе, қамқор болуға, қолдау көрсетуге дайынсың. Ал өзiңе қарауға,тiптi уақтысында лайықты емделiп алуға да уақыт табылмай жатады. Бiтпейтiн күнделiктi қу тiршiлiк өзiңдi ұмыттырып жiбередi… Ал демалыс күндерi жаның қалайтын iспен айналысуға уақыт анда-санда табылса табылар, табылмаса ол да жоқ. Осылай өмiр шiркiн «Сiз бен бiзге бiлiнбей» өте бередi, өте бередi. Сөйтiп жүргенде шашқа ақ кiредi, бел ауырып, балтыр сыздай бастайды… Ал көңiлдегi армандар қол жетпес сағымдай болып қала бередi.

«Сонда адам тек бала кезiңде және зейнет жасыңда ғана емiн-еркiн демалып, қалаған iсiмен айналыса алады екен ғой» деген ой келедi. Тек бұл жерде баланың ата-анасы мен ата-әжесi тұрғанда ақшаның қайдан келетiнiмен iсi болмайды. Ал зейнет жасында сүйiктi iспен айналысуға уақыт табылғанымен, оған ақша табыла қояр ма екен? Белгiлi орысжазушысыВалентин Катаевтың «Кiшкентай сыбызғы мен құмыра» деп аталатын ертегiсiн бiлесiз бе? Онда сиқыршы кiшкентайқызға сыбызғы сыйлайды. Сол сыбызғыда ойнасаң, алаңқайда жапырақтардың астына жасырынған жидектердiң барлығы көрiнедi. Оларды еш қиналмай жинауға болады. Бiрақ, жинауға ыдыс жоқ. Сонда жеткiншек қыз сиқыршыға өтiнiш жасайды. Сиқыршы сыбызғының орнына кiшкентай құмыра бередi. Қыз қуанып, алаңқайға жүгiрiп шығады. Бiрақ, жидектер сыбызғының әуенi естiлмеген соң көрiнбейдi. Мiнеки, өмiрде де солай, сыбызғы болса, құмыра жоқ, құмыра болса сыбызғы жоқ. «Әттең тонның келтесi-ай»! Жұмыс iстеп жүрген кезде ақша бар, бiрақ уақыт жетпейдi, зейнетiңде уақыт бар, бiрақ, қалтаң таяз.

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi: зейнеткерлiкке шығып, қазыналы, қалталы қарт болып жүру үшiн, сүйiктi iсiңе қысылмай ақша жұмсау үшiн ерте бастан қамданып, болашаққа қор жинағанабзал. Қаншалықты көп жинасаңыз, зейнет жасында алар зейнетақы да қомақты бола түседi. Яғни, «Не ексең, соны орасың». Әрине, қалта қалың болса, спортпен айналысуға, немерелердi ертiп, концерт, театрға баруға болады. Шипажайға барып демалуға,ел аралауға мүмкiндiк табылады. Жастық шақта тартқан бейнеттiң қартайғанда зейнетiн көру үшiн болашақты бүгiннен жоспарлап, құрметтi демалысқа қаржы жинаңыз. «Тарта жесең тай қалар, тартпай жесең не қалар!?», — деп ата-бабамыз бекерге айтпаса керек-тi. Демек, зейнетақы шотыңыз тұрақты түрде жарналармен толығып тұрса,ол  — қамсыз қарттығыңыздың кепiлi! Бұл үшiн ерiктi зейнетақы жарналарының да тигiзер септiгi зор.«Ерте тұрған еркектiң ырысы артық, ерте тұрған әйелдiң бiр iсi артық» демекшi, ерте бастан қамданып, болашағының iргесiн бүгiннен бастап қалауға кiрiскен жанның болашағы да жарқын бола түсерi сөзсiз!

Мақаланы құрған күні 15.01.2018 16:30
Мақаланы жаңартқан күні 15.01.2018 16:30
Қаралым саны: 1223