A- A A+
«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
5 сұрақ қазан

1.Ерiктi зейнетақы жарналарын кiм және қашан ала алады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құжаттар топтамасы ұсынылған соң БЖЗҚ белгiленген мерзiмде зейнетақы жинақтарын төлеудi жүзеге асырады (ерiктi зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ережеге сәйкес 10 жұмыс күнi белгiленген, бiрақ iс жүзiнде бұл бар болғаны 3-4 күндi алады).

Қажеттi құжаттардың маңызды тiзбесi, оларды БЖЗҚ-ға ұсыну тәсiлiне қарай (Қорға өзi келгенде/пошта байланысы/үшiншi тұлға арқылы жүгiнгенде), сондай-ақ төлем валютасының түрiне қарай өтiнiш бланкiлерi мен оларды толтыру үлгiлерi, сенiмхат үлгiлерi www.enpf.kzмекенжайы бойынша БЖЗҚ веб-сайтында орналастырылған.

БЖЗҚ кеңсесiне өзi келгенде алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi мен салыстырып тексеру үшiн түпнұсқасы және алушының банктiк шоты туралы мәлiметтер қажет.

Сенiм бiлдiрiлген тұлға немесе қамқоршы арқылы жүгiнгенде:

1)алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;

2)нотариат куәландырған сенiмхат немесе оның нотариат куәландырған көшiрмесi/заңды өкiлдiң куәлiгi/заңды өкiлдi тағайындау туралы анықтама;

3) сенiм бiлдiрiлген тұлғаның/заңды өкiлдiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi және салыстырып тексеру үшiн түпнұсқасы;

4) алушының банктiк шоты туралы мәлiметтер.

Пошта байланысы арқылы жүгiнгенде: БЖЗҚ белгiленген нысандағы алушы өздiгiнен толтыратын зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiш (өтiнiш бланкiсiнiң өзектi нысаны  — №3 қосымша, БЖЗҚ web-сайтындаорналастырылған), бұл ретте алушының зейнетақы төлемiн тағайындау туралы өтiнiштегi қолын нотариат куәландырады (егер нотариаттық куәландыру тұрғылықты мемлекетте жасалса);

2) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;

3) БЖЗҚ белгiленген нысанға сәйкес зейнетақы төлемдерiн жасау тәртiбi мен талаптары туралы қосымша келiсiмдi алушының өзi 2 нұсқада толтырады және қол қояды (келiсiм бланкiсiнiң өзектi нысаны «БЖЗҚ» АҚ web-сайтында орналастырылған);

4) алушының банктiк шоты туралы мәлiмет.

Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттараптарының келiсуi бойынша белгiлен едi.

2.Зейнетақы жинақтарын алу барысында түпкiлiктi сомаға қандай салық салынады?

«Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексiнiң 158, 160 және 170 — бабына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi төлем көзiнен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады.Зейнетақы төлемдерiн алушыдан Салық кодексiнде қарастырылған түзетулер мен салық шегерiмдерiн ескере отырып, 10 пайыз мөлшерiнде жеке табыс салығы салынады.Жеке табыс салығы зейнеткерлiк жасқа жеткен тұлғалардан салық шегерiмi қолданылған соң барып зейнетақы төлемдерiнен ұсталады. Салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы салынбайтын, ең төмен жалақы мөлшерiндегi салық шегерiмi республикалық бюджет туралы заңда белгiленген. Ол әрбiр табыс есептелген айда қолданылады.

Кiрiс түзетулерi қолданылмайтын адамдар үшiн жеке табыс салығы салынбайтын салық шегерiмiнiң сомасы ағымдағы қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшерiне тең. Басқа сөзбен айтқанда, биыл ең төмен жалақы мөлшерi 24 459 теңгенi құрайды. Сәйкесiнше жеке табыс салығы салынбайтын жылдық сома 293 508 теңгенi құрайды деген сөз (12 x 24 459).Мысалы, зейнетақы төлемдерiнiң жылдық сомасы 937 350 теңгенi құрайтын болса, бұл сомадан 293 508 теңгенi алып тастаймыз, сонда 643 842 теңге қалады. Мiнеки, осы 643 842 теңгеге жеке табыс салығы салынады.

БЖЗҚ кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерiне өткен жағдайда да республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және табысты есептеу күнiне қарай қолданыста болған бiр ең төмен жалақы мөлшерiнде салық шегерiмi қолданылады. Сәйкесiнше егер кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерiнiң сомасы ең төмен жалақыдан аз болатын болса, онда зейнетақы төлемiне жеке табыс салығы салынбайды.

3.Қазiр зейнеткерлер өздерiне тиесiлi зейнетақы жинақтарының жылдық сомасын тұрақты пайыздық сыйақы алу мақсатында банк депозитiне салу мүмкiндiгiне ие. Ал 2018 жылдан бастап олар бұл мүмкiндiктен айрылады. Сонда зейнетақы жинақтарының табыстылығы қалай болады, олар құнсызданып кетпей ме?

Қазiргi таңда зейнеткерлердiң басым бөлiгi БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерiн белгiленген кесте бойынша жылына бiр рет, яғни «жыл сайынғы»кесте бойынша алады. Ал «ай сайын» және «тоқсан сайын» алу мүмкiндiгiн пайдаланғылары келмейдi. Сәйкесiнше алушылар БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерiн зейнетақы ретiнде емес, жәй жинақталған сома ретiнде қабылдайды. Сөйтедi де жылдық соманы алып, оны балалары мен немерелерiнiң оқуларына, той-томалаққа және әр түрлi сатып алуларға жұмсайды.

Тек кейбiр зейнеткерлер ғана бұл соманы ай сайын немесе жыл сайын пайыздық сыйақы алып тұру үшiн депозитке салады. Дейтұрғанмен, депозит бойынша сыйақы ретiнде есептелген пайыздар, күнделiктi қажеттiлiк үшiн жоғары табыс әкеле қояры неғайбыл.Ал БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары тұрақты түрде инвестицияланады және табыс әкеледi.Заңға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi сенiмгерлiкпен басқарады.

ҚР Ұлттық Банкiнiң инвестициялық стратегиясы зейнетақы активтерiн әртараптандыруға бағытталған. Қазiргi таңда зейнетақы активтерi ұзақ мерзiмдi келешекте тұрақты табыс алу және тәуекелдердi төмендету мақсатында теңге және шетелдiк валютада номинирленген әр түрлi қаржы құралдарына инвестицияланады.

Қазiргi таңда зейнетақы активтерi мемлекеттiк құнды қағаздарға, ҚР эмитенттерiнiң корпоративтiк облигациялары мен акцияларына инвестицияланған. Сонымен қатар екiншi деңгейдегi отандық банктер мен шетелдiк банктердiң депозиттерiне салынады және сенiмдi шетелдiк эмитенттердiң қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалады. Инвестициялық басқару нәтижесiнде инвестициялық табысқа қол жеткiзiледi және ол салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына күн сайын есептелiп отырады. Басқа сөзбен айтқанда, зейнетақы шотынан зейнетақы төлемдерi төлене бастаса да, шотта қалған қаражат инвестицияланып, оларғатабыс түсiп отырады.

«Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлiк жасқа толған алушыларға бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi.

4.Салымшы қанша қаражат жинағандығын және шотына қандай инвестициялық табыс есептелгендiгiн қалай бiле алады?

Бұл салымшы үшiн ең басты ақпарат. Оны мынадай жолдармен алуға болады:Нақты айтар болсақ:

- салымшы зейнетақы жинағының жай-күйi туралы ақпаратты Қор кеңсесiне тiкелей өзi келгенде (республика бойынша Қордың 231 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс iстейдi);

- пошта байланысы арқылы (үзiндi-көшiрме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтiнiшiнде көрсетiлген мекенжайына жеткiзiледi);

- электрондық пошта арқылы (оны таңдаған кезде зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтiнiшiнде немесе хабарлау тәсiлiн өзгерту туралы келiсiмге қол қою кезiнде көрсеткен электрондық поштасына жолданады);

- логин мен құпия сөздi (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзiндi көшiрме» бөлiмiне кiрiп,(логин мен құпия сөздi қолдану арқылы ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға да болады)өтiнiш жасау арқылы ала алады.

- egov.kzэлектрондық үкiметi арқылы. Бұл қызмет www.egov.kz порталында «Азаматтар» категориясы — «Әлеуметтiк қамсызданлдыру» айдары — «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлiмiнде қолжетiмдi. Бұл қызметтi пайдалану үшiн электрондық цифрлық қолтаңба және электрондық үкiмет порталында тiркелу қажет.

2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 786 365 мың адам үзiндi-көшiрмелерiн өздерiнiң электрондық мекенжайларына алса, шамамен 3,7 млн адам ақпаратты сайт арқылы және әр түрлi операциялық жүйелерде жұмыс iстейтiн смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкiндiгiне ие.

Бiр миллионнан астам адам ұялы қосымшаны пайдалана бастады. Мұның барлығы тұрғындардың зейнетақы жинақтарына деген қызығушылығының арта бастағандығын көрсетедi. Ал оның көлемi тұрақты түрде артып келедi. Естерiңiзге сала кетелiк, 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,5 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергi өсiм 853 млрд теңгенi құрады.

2017 жылдың 9 айы iшiнде салымшылардың зейнетақы шоттарына үлестiрiлген таза инвестициялық табыс 462 млрд теңгеден асты. 2017 жылдың 1 қаңтарынан 30 қыркүйегiне дейiнгi кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтерiнiң табыстылығы 6,68 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция 4,2 пайыз болды.

5.Зейнетақы төлемдерiн алушы қайтыс болған жағдайда оның жинағын кiм және қалай ала алады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабының 5-шi тармағына сәйкес Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда оның отбасына немесе жерлеудi жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 52,4 еселенген мөлшерiнде (2269*52,4 = 118 895, 6 теңге) жерлеуге арналған бiржолғы төлем төлейдi. Бiрақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиiс. Айта кетелiк, жерлеуге арналған соманы Қазақстан Рееспубликасының резидентi алатын болса, оған салық салынбайды. Егер, жерлеуге арналған бiржолғы төлемнен кейiн шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерiнен (биыл бұл соманың көлемi — 31 245 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған бiржолғы төлемге қосылып төленедi.

Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және аталмыш Заңның 31-33 — баптарының 2 тармағында белгiленген тәртiпке сәйкес мұраға қалдырылады.Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады. Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi — тең үлеспен алады. Егер бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, үшiншi кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немере аға-iнiлерi, апа-қарындастары (сiңлiлерi) мұраны ұсыну құқығы бойынша алады. Мұрагерлiкке құқығы бар тұлғалардың толық тiзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көрсетiлген.Ал қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажеттi негiзгi құжаттардың бiрi, ол — мұрагерлiк құқығы туралы куәлiк. Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады.БЖЗҚ-дағы мұраға қалдырылған зейнетақы төлемдерi мысалы, мұрагерлiк құқығы туралы куәлiкте көрсетiлген үлес бойынша бiр жолғы төлем ретiнде жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы төлемдерiне 10 пайыз көлемiнде жеке табыс салығы салынады және салық заңнамасында қарастырылған түзетулер ескерiледi (алушыда жеке табыс салығы бойынша жеңiлдiк бар болған жағдайда). Бұл ретте мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алу үшiн БЖЗҚ-ға негiзгi құжаттармен қатар:

зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәлiктiң көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы;

мұрагерлiк құқығы туралы куәлiктiң түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi не мұраға берiлетiн мүлiктi бөлу туралы келiсiмнiң түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi және заңды күшiне енген сот шешiмi ұсынылады.

Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тiзiмi БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлiмiнде орналастырылған.

Парақтағы соңғы өзгерістер:: 13.11.2017 15:49
@2018 «Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
Яндекс.Метрика

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

8 (71640) 9-17-42;

sandakimat@mail.ru