+A A -A

«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM

Қазақша Русский

Бес сұрақ

«БЖЗҚ туралы маңызды сұрақтар» айдары

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң құрылғанына 20 жылдан асты. Осы жылдар iшiнде ол талай сыннан өттi. Бүгiнде жүйе заман талабына сай жемiстi жұмыс iстеп келедi және болашағы айқын.

«Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ — жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң барлық қаржылық және ақпараттық ағындарының бiрыңғай операторы. Оның қызметi ашықтық және айқындылық қағидаларына негiзделген.

«БЖЗҚ туралы маңызды сұрақтар» айдарында бiз тұрақты оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап беремiз.

1. Зейнетақы жинақтарын бiржола алуға бола ма?

– Қордағы зейнетақы жинақтары алушыларға заңнамада көзделген жағдайлар туындаған кезде ғана берiледi. Ең негiзгi жағдай — зейнеткерлiк жасқа толу. Өйткенi зейнетақы тағайындаудағы негiзгi мақсат — құрметтi демалысқа шыққан адамдардың күнделiктi тiршiлiгiн лайықты қамтамасыз ету.

Сонымен «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес Қордан зейнетақы төлемдерi зейнеткерлiк жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 59 жасқа толғанда) және бiрiншi немесе екiншi топтардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген жандарға төленедi. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi және мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Жасына байланысты зейнеткерлер мен I және II топтардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген адамдар төлемдердi ай сайынғы кесте бойынша алады. Өйткенi 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қордан зейнетақы төлемдерi тек ай сайын берiле бастады. Зейнетақы жинақтарын ай сайын беру — халықаралық стандарттарға сәйкес келедi және бұл Қордан зейнетақы төлемдерiн алу мерзiмiн едәуiр ұзартуға және жиынтық зейнетақының көлемiн арттыруға септiгiн тигiзедi.

Қазiр де зейнетақы жинақтарын бiржолғы төлем ретiнде алуға болатындығын айта кетен жөн. Егер зейнетақы төлемдерiн алушы өтiнiш берген күнi, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгi зейнетақының 12 еселенген мөлшерiнен аспаса, бұл сома алушыға бiр рет толығымен төленедi. Биыл ең төмен зейнетақы көлемi: 36 108 теңге. Сәйкесiнше оның 12 еселенген мөлшерi: 433 296 теңге.

Бұдан басқа, заңнамаға сәйкес ерлер 55 жасқа, ал әйелдер биыл 51 жасқа толғанда өздерi таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы ай сайын алып тұру үшiн зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл ретте әйелдердiң жасы 2027 жылға дейiн 55 жасқа жеткенше жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отыратындығын еске саламыз. Бiрақ зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшiн Қордағы зейнетақы жинағының сомасы ай сайын ең төменгi зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi төлеуге жеткiлiктi болуы керек.

Сақтандыру ұйымына аударуға қажеттi соманы зейнетақы калькуляторының көмгiмен де есептеуге болады. Ал зейнетақы калькуляторы enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» — «Зейнетақы калькуляторы» бөлiмiнде орналастырылған:

https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcInsurance/calc.php

2. Бiзге редакцияға туыстары қайтыс болған адамдар жиi жүгiнiп, сол қайтыс болған туыстарының жинақтарын қалай алуға болатындығын сұрап жатады. Осы жағын түсiндiрiп берсеңiз.

– Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары салымшының меншiгi болып табылады және өсиет бойынша, сондай-ақ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31-33 — баптарына сәйкес мұраға қалдырылады.

Мұраны қабылдау үшiн Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 6 тарауына (Мұрагерлiк құқық) сәйкес мұра ашылған жердегi нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлiктi беруге уәкiлеттi лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы немесе мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беру жөнiнде өтiнiш берiледi. Мұра ашылған күннен бастап алты айдың iшiнде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты айдың iшiнде мұра қабылдануы мүмкiн. Алты ай өткен соң, мұра ашылған жер бойынша нотариус мұрагердiң өтiнiшi бойынша оған мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беруге мiндеттi.

Егер мұрагер мұра қабылдау мерзiмiн дәлелдi себептермен өткiзiп алған болса және бұл мерзiмдi өткiзiп алу себептерi жойылғаннан кейiн алты ай iшiнде сотқа жүгiнген жағдайда осы мерзiмдi өткiзiп алған мұрагердiң өтiнiшi бойынша сот бұл мерзiмдi қалпына келтiре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады

3. Мұрагерлер үшiн құжаттарды жинап, тапсыру рәсiмiн оңайлатуға болмай ма? Өйткенi олардың табалдырық тоздырып, құжат жинауға шамасы да, жағдайы да келе бермейдi ғой?

– Бұл рәсiмдi мұрагерлер үшiн оңайлату және Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Қазақстан Республикасы нотариустарының өзара iс-қимылын оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, Республикалық нотариаттық палата, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлiк қоғамы («ҰАТ» АҚ) және БЖЗҚ арасында «Е-нотариат» Бiрыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесi мен Қордың ақпараттық жүйесiнiң өзара iс-қимылы туралы Шарт жасалды.

Ендi аталған Шарт аясында нотариустар өздерiнiң өндiрiсiндегi мұрагерлiк iстер бойынша (мұрагерлер өтiнiш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға онлайн тәртiбiнде (хат жүзiнде емес) сауалдар жолдай алады.

Қор өз кезегiнде салымшылар мен алушылар Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған немесе растаған құжаттарды ұсынған жағдайда «Е-нотариат» Бiрыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесiне сауал жолдап, салымшылар мен алушылардың Қорға ұсынған құжаттарына қатысты жасалған нотариалдық әрекеттер бойынша ресми растау құжатын алады.

Бұл қызмет нотариустарға жүгiнген мұрагерлердiң уақытын үнемдейдi.

4. Таяуда бұқаралық ақпарат құралдарында зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған салымшыны жерлеуге байланысты зейнетақы қорынан бiржолғы төлем берiлетiндiгi жарияланды. Оның көлемi қандай және қандай құжаттар жинау керек?

– Шынында, бұл мәселе таяуда бұқаралық ақпарат құралдары бетiнде талқыланды. Осы мүмкiндiктi пайдалана отырып, мына мәлiметтi айта кеткiм келедi. Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы жүйесi енгiзiлген сәттен, яғни 1998 жылдан бастап, жинақтаушы зейнетақы қорында жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор оның отбасына немесе жерлеудi ұйымдастырған адамға жерлеуге арналған бiржолғы төлем төлейдi. Бұл төлем заңнамада көрсетiлген тәртiпте және мөлшерде жүзеге асырылады. Атап өту керек, бұл төлем жаңалық емес, ол әрқашанда төленiп келдi.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының ережелерiне сәйкес зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор оның отбасына немесе жерлеудi жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңмен тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 52,4 еселенген мөлшерiнде жерлеуге арналған бiржолғы төлем төлейдi. Бiрақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиiс. 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай бұл сома 132 310 теңгенi құрады (2 525*52,4).

Егер жерлеуге арналған бiржолғы төлемнен кейiн шотта қалған ақшаның сомасы тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төменгi зейнетақы мөлшерiнен (биыл: 36 108 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған бiржолғы төлемге қосылып төленедi.

Толық ақпаратты Қор сайтынан бiле аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/recipient/heir.php

5. БЖЗҚ салымшылары Қордың қандай негiзгi ұсынымдарын есте сақтауы тиiс?

– Зейнетақы қорының қызметi туралы бүкiл ақпарат Қордың enpf.kz сайтында және бұқаралық ақпарат құралдары бетiнде, сондай-ақ БЖЗҚ-ның әлеуметтiк желiлердегi ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар Қор бөлiмшелерi республиканың барлық өңiрлерiнде, оның iшiнде Астананың барлық ауданында жұмыс iстейдi. Қор кеңселерiнде кез келген зейнетақы қызметiн алып қана қоймай, жинақтаушы зейнетақы жүйесi туралы жан-жақты ақпарат алуға болады.

Қор филиалдарында үш ай сайын Ашық есiк күнi шарасы өткiзiлiп тұрады. Онда келушiлер өздерiн қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауаптар ала алады. Бiз алушыларға зейнетақы жарналарының Қорға уақытылы және толық көлемде аударылуын қадағалап отыруға кеңес беремiз. Бұл үшiн әр түрлi ыңғайлы тәсiлдердi пайдалануға болады. Мысалы: Қор базасына тiркелген жеке сәйкестендiру нөмiрi мен парольдiң немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көемегiмен enpf.kz сайтының Жеке кабинетi, Қордың ұялы қосымшасы, сондай-ақ Қорға ұсынылған жеке электрондық мекенжай.

Қазiр жас маман жұмысқа орналасқан жағдайда, Қорға алғашқы зейнетақы жарнасы келiп түскен сәтте, зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. Яғни, жаңа салымшыға зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу үшiн Қор кеңсесiне барудың қажетi жоқ. Тек өзiнiң зейнетақы шотының жай-күйiн, жарналардың тұрақты аударылуын қадағалап отырса болғаны. Өйткенi Қордан төленетiн болашақ зейнетақы төлемiнiң қандай болатындығы Қорға жарналардың уақытылы және толық көлемде аударылуына тiкелей байланысты.

Бүгiнде базалық зейнетақының көлемi жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлiне тiкелей тәуелдi. Бұдан басқа зейнетақы аударымдары банктер үшiн клиенттерге несие рәсiмдеу барысында маңызды көрсеткiш болып саналады.

Зейнетақы жинақтары әрбiр салымшының меншiгi. Шоттағы зейнетақы жинақтары сенiмдi қаржы құралдарына инвестицияланады, сәйкесiнше шоттарға күн сайын инвестициялық табыс есептелiп отырады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қор салымшыларының зейнетақы шоттарына 917,1 млрд теңге көлемiнде инвестициялық табыс есептелдi. Бұл жерде әрбiр салымшының шотына есептелетiн табыстың сомасы сол шоттағы жинақтардың көлемiне тәуелдi.

Мақаланы құрған күні 04.03.2019 11:09
Мақаланы жаңартқан күні 04.03.2019 11:09
Қаралым саны: 1159