5 сұрақ

1. Менiң әкем — мүгедек. Өздiгiнен жүрiп-тұра алмайды. Оның зейнетақы Қорына қатысты бiрқатар сұрақтары бар едi. Қордың жергiлiктi кеңсесi алыста орналасқан. Өзi бара алмайды. Ал мен күнi бойы жұмыстамын. Айтыңызшы, бұл жағдайда не iстеуге болады?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасында тұратын барлық азаматтар, шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар үшiн зейнетақы қызметтерiне бiрдей қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi.

Кiмде-кiм қандай да бiр себептермен, бiрiншi кезекте денсаулығына байланысты Қор кеңсесiне келе алмайтын болса, Қор қызметкерлерi оған өздерi барады.

Сiз әкеңiз үшiн «Мобильдiк агент» қызметiне тапсырыс бере аласыз. Бұл үшiн Қордың байланыс орталығына телефон шалу немесе Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлiмiнiң «Халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтары үшiн электрондық өтiнiш беру» нысаны арқылы өтiнiм бере аласыз. Бұл қызмет туралы мына сiлтеме арқылы толығырақ бiлуге болады: https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/mo.php.

Егер әкеңiзде электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) өзектi кiлтi бар болса, ол соның көмегiмен шарт жасаудан бастап зейнетақы төлемдерiн алуға дейiн зейнетақы қызметтерiнiң барлық дерлiк түрiн ала алады.

2. Мен аптасына 6 күн жұмыс iстеймiн. Яғни, сенбi де — жұмыс күнi. Сондықтан БЖЗҚ бөлiмшесiне келуге мүмкiндiгiм жоқ. Не iстеуге болады?

БЖЗҚ қашанда заман талабына сай қызмет атқаруға күш салады. Бүгiнде Қор негiзгi қызметтердiң барлығын қашықтықтан көрсетедi. Сондықтан салымшы өз мәселелерiн шешу үшiн Қор бөлiмшесiне келуге мiндеттi емес. БЖЗҚ қашықтықтан қызмет көрсету жүйесiн ұсынып отыр. Мысалы, байланыс орталығы және интернет бойынша керi байланыс нысаны арқылы дербес ақыл-кеңес алуға болады. Қордың байланыс орталығының менеджерi сұрағыңызды тыңдап болып, оны сол мезетте шешуi мүмкiн. Күрделi сұрақтар бойынша әрi қарай не iстеу керектiгiн түсiндiредi.

Бұдан басқа, Сiз электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегiмен Қор сайтында барлық дерлiк операцияларды жүзеге асыра аласыз. Мысалы, жеке зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерiн тағайындау жөнiнде өтiнiш беруге, жеке деректемелерге өзгерiс енгiзуге, зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсiлiн интернет байланысына ауыстыруға және берiлген өтiнiштердiң орындалу мәртебесiн қадағалауға болады.

Сонымен қатар «Жеке зейнетақы шотын ашу жөнiндегi өтiнiштiң көшiрме нұсқасын алу» және «Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен шарт жасасу» электрондық қызметтерi де iске қосылған.

3. Мен 10 жылдан кейiн зейнеткерлiк жасқа толамын. Сол кезде шамамен қанша мөлшерде зейнетақы алатынымды бiлгiм келедi. Ай сайынғы төлемнiң мөлшерi қалай есептеледi?

Қазақстан Республикасында жиынтық зейнетақы екi төлем көзiнен құралады. Олар: мемлекеттiк бюджеттен төленетiн базалық және ортақ зейнетақы, сондай-ақ БЖЗҚ-дан: мiндеттi зейнетақы жарналары және ерiктi құрамдауыш есебiнен қалыптасқан төлемдер.

2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап базалық зейнетақыны есептеу механизмi өзгертiлдi. Ендi оны тағайындағанда 1998 жылға дейiнгi еңбек өтiлi және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейiнгi жылдардағы еңбек өтiлi ескерiледi. Яғни, еңбек өтiлi көп болған сайын базалық зейнетақының мөлшерi де ұлғая түседi. Базалық зейнетақыны тағайындаумен «Азаматтарға арналған үкiмет» «Мемлекеттiк корпорациясы» коммерциялық емес акционерлiк қоғамы айналысады. Сондықтан базалық зейнетақыны тағайындауға қатысты сұрақтар бойынша корпорацияға бiрыңғай «1414» тегiн телефон нөмiрi арқылы хабарласуға немесе оның Facebook, Twitter және Instagram әлеуметтiк желiсiндегi ресми парақшасына өтiнiш жазып қалдыруға болады.

Ендi БЖЗҚ-дан мiндеттi зейнетақы жарналары және мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасатын төлемдерге келер болсақ, ай сайынғы төлемнiң мөлшерiн есепту үшiн зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттерiнiң кестесi пайдаланылады. Бұл кесте Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген. Сондықтан ай сайынғы төлемнiң мөлшерi алушының жасы мен жеке зейнетақы шотындағы қаражаттың сомасына тәуелдi. Алушының жасына қарай зейнетақы жинақтарының сомасы тиiстi коэффициентке көбейтiлiп, 12 айға бөлiнедi. Одан шыққан сома Қордан төленетiн ай сайынғы зейнетақы төлемдерi болып саналады.

Атап өту керек, жинақтар көлемдi болған сайын ай сайынғы төлемнiң сомасы да жоғары болады. Сәйкесiнше бұл төлемдер ұзақ уақыт жүзеге асырылады. Бұл құрамдауыш бойынша төлемдердiң көлемi адамның өзiне байланысты — еңбек жолында болашағыңа қанша қаражат жинасаң, зейнет жасында сондай көлемде зейнетақы аласың деген сөз. Осылайша азаматтар қазiрден бастап Қордағы жеке шоттарына зейнетақы жарналарын жиi және қомақты мөлшерде аударып тұрулары керек. Өйтпеген жағдайда зейнетақы мөлшерi аз болады. Сондықтан Қордан зейнетақы төлемдерiн алудың жаңа әдiстемесi зейнетақы жинақтарын дер кезiнде қалыптастыру керектiгiн шынайы түрде көрсетiп бередi. Яғни, төлем сомасы жинақтардың көлемiне тiкелей байланысты.

Мысалы, бiр салымшының шотында 6 млн теңге, ал басқа салымшыда бар болғаны 1 миллион теңге болса, олардың ай сайын алатын зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi де әр түрлi болады.

Қор сайтында орналасқан зейнетақы калькуляторы қазiрдiң өзiнде болашақ зейнетақының болжамды мөлшерiн есептеуге мүмкiндiк бередi. Бұл ретте аз мөлшерде болса да тұрақты негiзде аударылатын ерiктi зейнетақы жарналарының арқасында зейнетақы жинақтарының көлемiн елеулi түрде арттыруға болатындығына көз жеткiзе аласыз.

Қордың www.enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлiмiнде орналасқан зейнетақы калькуляторы (https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php) ай сайынғы жиынтық зейнетақыны (ол ортақ және базалық зейнетақыны да есепке алады) өз бетiңiзбен есептеуге мүмкiндiк бередi.

Бұл үшiн зейнетақы калькуляторының тиiстi бағандарына еңбек өтiлi (еңбек қызметiнiң басынан берi), зейнетақы жинақтарының сомасы және айлық табыстың сомасын енгiзу қажет. Бұдан басқа, «БЖЗҚ» АҚ-тың жаңа: зейнетақыны жоспарлау мәселелерi бойынша салымшылар мен алушыларға дербес кеңес беру қызметiн пайдалануға болады.

2018 жылдың сәуiрiнде Қор дербес кеңес беру қызметiн iске қосты. Бұл ретте жеке және корпоративтi зейнетақы калькуляторлары қолданылады. Бұл қызмет қазiр тұрғындар арасында танымал болып жатыр. 2018 жылдың тамыз айында «БЖЗҚ» АҚ филиалдары зейнетақыны жоспарлау бойынша 58 107 ақыл-кеңес өткiзген. Сiз осы мәселе бойынша Қордың жергiлiктi бөлiмшесiне жүгiне аласыз.

4. Мен жеке зейнетақы шотын ашуым керек. Бұл үшiн қанша ақша төлеу керек және қандай құжат қажет?

Жеке зейнетақы шоты тегiн ашылады. Мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) Заңда көзделген құқықтарды, мiндеттемелердi және жауапкершiлiктi, сондай-ақ БЖЗҚ мен мiндеттi зейнетақы жарналарының салымшысы (мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алушы) арасындағы құқықтық қатынастардың басқа да ерекшелiктерiн бекiтедi.

Егер Сiз бұған дейiн зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаспаған болсаңыз, онда жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтiнiш толтыруыңыз керек.

ЖЗШ — салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) жеке атаулы шоты. Онда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналары немесе мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары не болмаса ерiктi зейнетақы жарналары, инвестициялық табыс, өсiмпұл және басқа да түсiмдер есепке алынады және солардың есебiнен төлемдер жүзеге асырылады.

ЖЗШ ашу туралы өтiнiштi рәсiмдеу үшiн Қор кеңсесiне барған кезде мына құжаттар ұсынылады:

- жеке өзi келгенде — жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа);

- сенiм бiлдiрiлген тұлға келiп өтiнiш бiлдiрген кезде  — сенiм бiлдiрiлген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа), нотариат куәландырған сенiмхат немесе оның нотариат куәландырған көшiрмесi, салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi.

Сонымен қатар Сiз Қор сайтының мына мекенжайында орналасқан электрондық қызметтердi пайдалана отырып, жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтiнiштi бере аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/depositors/ipa/cpc.php. Бұл үшiн Сiзде электрондық цифрлық қолтаңбаның өзектi кiлтi (ЭЦҚ) немесе Жеке кабинет қолжетiмдi болуы қажет. Одан басқа, Қор сайтындағы басқа да электрондық қызметтердi пайдалануға болады. Олар: зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерiн тағайындау жөнiнде өтiнiш беру, жеке деректемелерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, интернет-хабарлау тәсiлiн таңдау және берiлген өтiнiштердiң орындалу барысын қадағалау.

Биыл қор сайтында зейнетақы шартының көшiрме нұсқасын алу және «Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен (өз пайдасына) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу» қызметi iске қосылды. Бұл сервистердi пайдалану бар болғаны бiрнеше минутты алады.

Қордың «Facebook», «ВКонтакте», «Твиттер», «Одноклассники» және «Instagram» әлеуметтiк желiлерiнде ресми парақшалары бар екенi белгiлi. Сонымен қатар Қор биыл Telegram және Whatsapp мессенджерiнде өзiнiң чатботын енгiздi. Барлық коммуникация арналары зейнетақы жүйесi және БЖЗҚ қызметi туралы қажеттi ақпараттарды алуға және қажет жағдайда жеке мәселелер бойынша Қор мамандарына жүгiнуге мүмкiндiк бередi.

Таяуда Whatsapp жүйесiнде (8-777-000-1418 нөмiрi бойынша) салымшылармен байланыс жасаудың жаңа арнасы iске қосылды. Онда қажеттi ақпараттарды телефон арқылы хабарласпай-ақ және Қор бөлiмшесiне келместен автоматты түрде алуға болады.

БЖЗҚ қолданатын ақпараттық технологиялар зейнетақы қызметтерiнiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн арттыруға септiгiн тигiзедi.

5. БЖЗҚ бөлiмшесiнде менеджер маған дербес кеңес беру қызметiн ұсынды. Мен сол кезде одан бас тарттым. Өйткенi, бұл қызметтiң ақылы, ақылы емес екендiгiн бiлген жоқпын.

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алдына сапалы қызмет көрсетуден басқа, қазақстандықтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесiне деген сенiмiн нығайту мақсаты қойылған.

2018 жылдың сәуiр айында Қор дербес кеңес беру қызметiн iске қосты. Ол тегiн көрсетiледi. Салымшылар мен алушыларға кеңес беру барысында оларды ең алдымен зейнткерлiкке шығу, ерiктi зейнетақы жарналарын төлеу, инвестициялық табыс, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепiлдiк беру және зейнетақы төлемдерiн арттыру мәселелерi қызықтыратыны белгiлi болды.

Осы және өзге де сұрақтарға Қор мамандары жан-жақты жауап бередi және болжамды зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеп, оның арттыру жолдарын көрсетедi.

2018 жылдың үшiншi тоқсанының 2 айы iшiнде Қор филиалдары 109 889 ақыл-кеңес өткiздi. Бұл 2018 жылдың екiншi тоқсанында берiлген ақыл-кеңестердiң 93 пайызын құрайды. Жоба iске қосылғаннан берi Қор филиалдары 228 406 ақыл-кеңес берiп үлгердi.

Мақаланы құрған күні 05.10.2018 15:07
Мақаланы жаңартқан күні 05.10.2018 15:09
Қаралым саны: 567

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

Послание Президента РК Парламент Республики Казахстан Премьер-Министр Республики Казахстан Информационно-правовая система нормативных правовых актов Республики Казахстан egov.kzЭКСПО 2017НАЦИОНАЛЬНОЕ БЮРО ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ МИНИСТЕРСТВА ПО ДЕЛАМ ГОСУДАРСТВЕННОЙ СЛУЖБЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН