5 сұрақ

1.Саламатсыз ба! Зейнетақы жинақтарымның жай-күйi туралы ақпаратты қалай алуға болады?

Жауап: Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап оның кез келген күнге қатысты сұрауы бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпаратты тегiн беруге, сондай-ақ зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiгiнiң электрондық және өзге де тәсiлдерiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Ал ақпарат алу тәсiлiн салымшы өзi таңдайды. Шоттан үзiндi-көшiрме алудың мынадай тәсiлдерi бар:

пошта байланысы арқылы  — жылына бiр рет;

таңдап алынған төлем кестесiне сәйкес электрондық пошта арқылы — (ай сайын, үш ай сайын, алты ай сайын, жыл сайын);

БЖЗҚ кеңсесiне тiкелей өзi келгенде — бұған шек қойылмайды;

интернет-хабарландыру арқылы (сайт немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы бойынша) — онлайн режимiнде — шектеусiз;

enpf.kz сайтына тiркелу жолымен оның «Жеке кабинет» арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар болса egov.kz электрондық үкiмет сайты арқылы — шектеусiз.

Егер Сiз жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйi туралы үзiндi-көшiрменi дәстүрлi пошта байланысы немесе электрондық пошта арқылы алып келген болсаңыз және ол келмей қалса, бұған тұрғылықты мекенжайыңызды немесе электрондық поштаңызды ауыстырғаныңыз және осы өзгерiстер туралы Қорға дер кезiнде хабарламағаныңыз себеп болуы мүмкiн.

Егер Сiз зейнетақы шотыңыз жайында үзiндi-көшiрме алу тәсiлiн таңдамаған болсаңыз немесе оны интернет байланысы арқылы алғыңыз келсе жеке басыңызды куәландыратын құжатпен жақын жердегi Қор кеңсесiне келiп, хабарлау тәсiлi туралы қосымша келiсiм жасай аласыз. Қор бөлiмшелерiнiң мекенжайлары мына сiлтеме бойынша қолжетiмдi: https://www.enpf.kz/kz/adresa-i-kontakty/regionalnaya-set/

Электрондық цифрлық қолтаңба бар болса оны Қор сайты арқылы да жасауға болады. Бұл операция бар болғаны бiрнеше минутты алады.

Жеке зейнетақы шотының жай-күйi туралы ақпаратты интернет арқылы алу  — қазiргi уақытта өте танымал. Ол үнемдi әрi зейнетақы жинақтарын кез келген уақытта онлайн тәртiбiнде бақылап отыруға мүмкiндiк бередi.

2.Саламатсыз ба! Мен Ресейге көшiп кетiп едiм. Бiр айдан соң, Алматыға қайтып ораламын. Сондықтан зейнетақы жинақтарымды алудың қандай жолы бар екендiгiн бiлгiм келедi. Бұл қанша уақытты алады?

Жауап: Зейнетақы төлемдерiн алушы ҚР аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кетуiне байланысты зейнетақы төлемдерiн алу үшiн Қорға жеке өзi келгенде мынадай құжаттарды ұсынады:

1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзге жағдайлар көзделмесе, шетелдiк паспорттың көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы;

2) алушының банк шоты туралы мәлiметтерi.

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңы аясында қызмет атқарады. Сондықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау жөнiндегi өтiнiштi қараған кезде мына Қағидаларды басшылыққа алады. Ол:

«Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекiтiлген, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетiн мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру қағидалары».

Соған сәйкес, егер Қазақстан азаматы, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдiк азамат немесе азаматтығы жоқ адам шетелге көшетiн болса, онда ол бiрiншi кезекте елден кетуге арналған құжаттарды рәсiмдейдi. Бұл не үшiн керек? Бұл Қазақстанда орындамаған (салық, мүлiк, сот, мерзiмдi әскери қызметтi өтеу және т. б.) мiндеттемелерiн анықтау үшiн қажет.

Бұл үшiн ол ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң (IIМ) аумақтық бөлiмшелерiне немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚО) барып өтiнiш жасайды.

Айта кетейiк, Қазақстаннан кетудi рәсiмдеуге арналған ақпараттардың барлығын ҚР Iшкi iстер министрлiгi ҚР Әдiлет министрлiгiнiң «Жеке тұлғалар» Мемлекеттiк дерекқорына жiберiп отырады.

Бұдан кейiн шетелге көшетiн азамат Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтiнiш жасайды. Өзi келiп өтiнiш жасайтын болса: шетелдiк паспортының түпнұсқасын, зейнетақы жинақтарын аударатын банк шоты туралы мәлiметтi ұсынады және өтiнiш жазады.

Айта кетелiк, құжаттарды үшiншi тұлға (сенiм артылған) немесе пошта байланысы арқылы да ұсынуға болады.

Зейнетақы Қоры құжаттарды тексеруге алған соң, өтiнiш берушiнiң шетелге көшетiндiгiн растау үшiн Мемлекеттiк дерекқорға сауал жiбередi.

Құжаттарға қатысты оң жауап алынса, ескертпелер болмаса, Қор құжаттар қабылданған немесе келiп түскен күннен бастап 10 жұмыс күнi iшiнде төлемдердi алушының өтiнiшiнде көрсетiлген банк шотына аударады. Ал егер құжаттарға қатысты жағымсыз жауап алынса немесе ескертпелер болса, зейнетақы Қоры өтiнiштi орындаудан бас тартып, алушыға бұл жайында ескертiп, себебiн түсiндiредi. Өкiнiшке қарай, бүгiнде шетелге көшкен немесе көшетiн кейбiр азаматтар құжаттарды дұрыс рәсiмдемейдi. Алдымен шетел азаматтығын алып, кейiн Қазақстанның азаматтығынан айрылады. Бұл дұрыс емес.

Ең алдымен, Қазақстанға келiп, белгiленген тәртiпте елден кетуге арналған құжаттарды рәсiмдеу қажет. Кейiн Қазақстан азаматтығынан бас тартуға болады. Бұдан кейiн егер зейнетақы жинақтары болса, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келiп өтiнiш жасай алады.

Құжаттардың барлық тiзбесiн, оларды рәсiмдеу талаптарын, сондай-ақ, өтiнiш бланкалары мен толтыру үлгiлерiн «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтынан мына сiлтеме бойынша таба аласыз:

https://www.enpf.kz/kz/uslugi/pensioneram/poryadok-oformleniya-pensionnykh-vyplat/vyplaty-v-svyazi-s-vyezdom-na-pmzh-za-predely-respubliki-kazakhstan.php

3.Саламатсыз ба! Мен өзiме зейнетақы шотын ашуым керек едi. Бұған ақша төлеу керек пе? Қандай құжат керек?

Жауап: Зейнетақы шоты тегiн ашылады. Мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) Заңда көзделген құқықтарды, мiндеттердi және жауапкершiлiктi, сондай-ақ БЖЗҚ мен салымшы (кейiннен зейнетақы төлемдерiн алушы) арасындағы құқықтық қатынастардың басқа да ерекшелiктерiн бекiтедi.

Егер Сiз бұған дейiн зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаспаған болсаңыз, жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу жөнiнде өтiнiштi толтыруыңыз қажет.

Жеке зейнетақы шоты — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) мiндеттi зейнетақы жарналары немесе мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары не ерiктi зейнетақы жарналары, инвестициялық табысы, өсiмпұл және өзге де түсiмдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдерi жүргiзiлетiн жеке атаулы шоты.

Салымшы ЖЗШ ашу жөнiндегi өтiнiштi рәсiмдеу үшiн Қор бөлiмшесiне өзi келгенде мынадай құжаттарды ұсынады:

- жеке өзi келгенде — жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа);

- сенiм бiлдiрiлген тұлға өтiнiш жасағанда — сенiм бiлдiрiлген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа), нотариат куәландырған сенiмхат не оның нотариат куәландырған көшiрмесi, салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi.

Сонымен қатар Сiз ЖЗШ ашу жөнiндегi өтiнiштi мына сiлтеме бойынша онлайн тәртiбiнде рәсiмдей аласыз:

https://www.enpf.kz/kz/uslugi/budushchim-pensioneram/otkrytie-individualnogo-pensionnogo-scheta-ips-za-schet-obyazatelnykh-pensionnykh-vznosov-opv.php

Бұл үшiн қолыңызда электрондық цифрлық қолтаңбаның өзектi кiлтi (ЭЦҚ) болуы керек немесе Қор сайтының Жеке кабинетi Сiз үшiн қолжетiмдi болуы қажет.

4.Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғанда оның жинақтары мұрагерлерге қалай берiледi?

Жауап: Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 31-33 — баптарына сәйкес мұраға қалдырылады.

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда алдымен оның отбасына немесе жерлеудi жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 52,4 еселенген мөлшерiнде (биыл ол: 2405*52,4 = 126 022 теңге) жерлеуге арналған бiржолғы төлем төлейдi. Бiрақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиiс.

Мұрагерлiкке құқығы бар тұлғалардың толық тiзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көрсетiлген. Қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажеттi негiзгi құжаттардың бiрi — мұрагерлiк құқығы туралы куәлiк.

Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. Заң бойынша, мұрагерлiктi қабылдау туралы өтiнiш, мұраға қалдырушы қайтыс болғаннан кейiн 6 айдан кешiктiрiлмей берiлуi тиiс. Егер уақыт өтiп кетсе, онда сотқа жүгiнуге тура келедi.

Барлық зейнетақы шоттарындағы жинақтар мерзiмсiз сақталады. Салымшылар қайтыс болған жағдайда мұрагерлерiне берiледi. Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тiзiмi Қопрдың www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлiмiнде орналастырылған.

5.Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй үшiн бастапқы жарна төлеу үшiн алуға бола ма? Бiз жас отбасымыз. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекаға үй алуға мүмкiндiгiмiз бар. Қазiр пәтер жалдап тұрамыз.

Жауап: Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек заң аясында ғана қызмет атқарады. Сәйкесiнше «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерi зейнеткерлiк жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген жандарға төленедi.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Яғни, ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебiнен несиенi өтеу, жылжымайтын мүлiк сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкiндiктерi қарастырылмаған.

Жалпы, Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесi тұрақты түрде дамып келедi. Салымшылардың сауалдары мен өтiнiштерiне сараптама, ал зейнетақы жарналарына мониторинг жүргiзiлуде. Актуарлық есептемелер жасалып, әлемдiк тәжiрибелерге талдау жүргiзiлiп жатыр. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзiмiнен бұрын алу туралы әңгiме қозғауға әлi ерте.

Мақаланы құрған күні 02.07.2018 09:57
Мақаланы жаңартқан күні 13.08.2018 10:32
Қаралым саны: 603