A- A A+
«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
Бес сұрақ тамыз

Зейнетақы жүйесiндегi жаңа қызметтер…

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметi секiлдi, отандық зейнетақы жүйесi де тұрақты дамып жатыр. Редакция БЖЗҚ қызметкерлерiмен бiрге өз оқырмандарына жаңа сервистер туралы маңызды 5 сұраққа жауаптар әзiрледi.

Мен зейнетақы шотын ашуым керек. Оны БЖЗҚ кеңсесiне бармай-ақ ашуға бола ма?

2017 жылдың 30 маусымынан бастап БЖЗҚ веб-сайты арқылы мiндеттi зейнетақы жарналарын есепке алу үшiн жеке зейнетақы шотын ашу жөнiнде өтiнiш беруге болады. Бұл қызметтер сайттың «Электрондық қызмет көрсету» бөлiмi және Жеке кабинетiнде қолжетiмдi.

Жеке зейнетақы шотын ашу жөнiнде өтiнiш беру үшiн электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) маңызды кiлтiн алу жеткiлiктi. Жеке зейнетақы шотын ашу бойынша өтiнiш беру рәсiмi мейлiнше қарапайым — ЭЦҚ арқылы авторланып, ұсынылған өтiнiш нысанының мiндеттi бағандарын толтырса жеткiлiктi. Бiр ай iшiнде бұл қызметтi (2017 жылғы 31 шiлдедегi жағдай бойынша) 27 адам пайдаланып үлгерген.

Бұдан басқа, әлеуеттi салымшы үшiншi бiр тұлғаның атына сенiмхат рәсiмдеп, өзiнiң орнына БЖЗҚ кеңсесiне барып тиiстi өтiнiшке қол қоюға қатысты оған барлық құқықты бере алады.

Айта кетелiк, сенiм артылған тұлға Қор кеңсесiне өтiнiш жасауға барғанда жеке басын куәландыратын құжатты, нотариат куәландырған сенiмхат немесе сенiмхаттың нотариат куәландырған көшiрмесiн және салымшының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесiн ұсынуы қажет.

Зейнетақы калькуляторын қалай пайдалануға болады?

«БЖЗҚ» АҚ сайтындағы зейнетақы калькуляторы болжамдық сипатқа ие. Таяу жылдары құрметтi демалысқа шығатын адамдардың алатын зейнетақы төлемдерiнiң сомасын дәл есептеу үшiн қосымша ақпараттар қажет. Дегенмен, осы калькулятордың көмегiмен болашақ зейнетақының неден құралатындығын және оның мөлшерiн қалай алдын-ала жоспарлауға болатындығын түсiнуге болады.

Калькуляторды Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» — «Зейнетақы калькуляторы» бөлiмiнен табуға болады.

Болжамды зейнетақыны есептеу үшiн ұсынылған нысанды толтыру қажет. Оған салымшының жынысы мен туған күнiнен бөлек, шоттағы зейнетақы жинақтарының сомасы, ерiктi жарналардың мөлшерлемесi, шегерiмдерге дейiнгi жалақы сомасы, 1998 жылға дейiнгi еңбек өтiлi мен жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлi енгiзiледi.

Егер 1998 жылғы дейiнгi еңбек өтiлi немесе ерiктi жарналар жоқ болса тиiстi бағанға «0» деген санды енгiзу керек.

Зейнетақы калькуляторы арқылы жинақтаушы, ортақ, базалық және ерiктi зейнетақы төлемдерiн есептеуге болады. Бұл есеп белгiлi бiр шамалар бойынша жорамалдарға негiзделген. Олар: инвестициялық табыстылық пен жалақының өсiмi. Есептеу нәтижесi оптимистiк, реалистiк және пессимистiк деп аталатын үш сценарий бойынша көрсетiледi.

Есептеудегi «Ауыстыру коэфициентi, яғни соңғы жалақыдан зейнетақы үлесi %-бен» деп аталатын соңғы жолға баса назар аударған жөн.

1952 жылы қабылданған Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтiк қамсыздандырудың ең төменгi нормалары туралы» конвенциясына сәйкес ауыстыру коэффициентiнiң нормасы 40% болуы тиiс. Яғни, зейнетақы жұмыскердiң еңбекақысының 40%-ынан кем болмауы тиiс.

Егер ауыстыру коэффициентi «стандарттан» немесе өзiңiз күткен зейнетақы төлемдерiнен төмен болатын болса, онда зейнетақы жарналарының көлемi мен жиiлiгiн арттыруды және ерiктi зейнетақы жарналарын төлеудi ойластырған абзал.

Алдағы уақытта базалық зейнетақы төлемдерiнiң зейнетақы жарналарын жинақтау өтiлiне байланысты есептелетiндiгi туралы естiдiм. Осыны толығырақ түсiндiрiп берсеңiз.

Бүгiнде елiмiзде зейнеткерлердiң барлығы бiрдей 14 466 теңге көлемiнде базалық зейнетақы төлемдерiн алады. Бiрақ, 2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап мемлекеттiк базалық зейнетақы төлеудiң жаңа тәртiбi енгiзiледi. Мұнда базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi салымшының зейнетақы жүйесiне қатысу мерзiмiне байланысты тағайындалады. Бұл жерде 1998 жылға дейiнгi еңбек өтiлi де ескерiлетiн болады.

Егер қатысу мерзiмi жоқ немесе 10 жылға дейiн болса, онда базалық зейнетақы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбiр жыл үшiн оның көлемi 2 пайызға ұлғайтылып отырады, ал 35 жыл және одан көп болатын болса, онда базалық зейнетақының мөлшерi ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң мөлшерiне тең болады және одан асырылмайды.

Жаңа енгiзiлiмнiң арқасында еңбек өтiлi жоғары адамдар үшiн базалық зейнетақы төлемдерiнiң көлемi екi есеге дейiн артуы мүмкiн. Бұл зейнетақының өсуiне септiгiн тигiзерi сөзсiз.

Осылайша, адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысуға ынталандыру көзделiп отыр. Яғни, зейнетақы жинақтарының көлемi өскен сайын, болашақта алатын зейнетақының мөлшерi де арта түседi.

Зейнетақы төлемдерiн тағайындау жөнiндегi өтiнiштi БЖЗҚ кеңсесiне келмей-ақ, оның ресми сайты арқылы жолдауға бола ма?

2017 жылғы 30 маусымнан бастап зейнеткерлiк жасқа толуға (ерлер 63 жас, әйелдер 58 жас) немесе 1-шi және 2-шi топтардағы мүгедектердiң мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленуiне байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштi БЖЗҚ веб-сайты арқылы жолдауға болады.

Жаңа сервистi зейнеткерлiк жасқа толған немесе I және II таптардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген салымшылар Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» — «Зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiш беру» бөлiмi арқылы пайдалана алады. Бұл үшiн зейнетақы Қорында олардың мiндеттi және мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының болуы шарт. Одан бөлек, зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы қолданыстағы (бұған дейiн Қорға ұсынылған) өтiнiш болмауы керек.

Бұл операцияны жүзеге асыру үшiн электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) маңызды кiлтiн алу жеткiлiктi. Одан басқа, зейнетақы төлемдерiн тағайындау жөнiнде өтiнiштi беру үшiн Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютада (теңге) екiншi дәрежелi банкте немесе «Қазпочта» АҚ-та ашылған, 20 саннан тұратын банк шоты туралы мәлiметтi және екiншi дәрежелi банктiң деректемелерiн көрсету қажет. Ұсынылған нысанды толтырып болған соң өтiнiшке ЭЦҚ арқылы қол қойылады.

«БЖЗҚ» АҚ-та тiркелген зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштiң орындалу мәртебесiн Қордың ресми сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлiмiндегi «Зейнетақы жинақтарын төлеуге және (немесе) сақтандыру ұйымына аударуға өтiнiштiң орындалуын бақылау» қызметi арқылы тексеруге болады.

Бұл қызметтi пайдалану үшiн ЭЦҚ кiлтi немесе ЖСН (жеке сәйкестендiру нөмiрi) мен пароль керек.

Зейнетақы жинақтары мұраға қалдырыла ма?

Жеке зейнетақы шоттарындағы ақшалар салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) меншiгi болып табылады және ол қайтыс болған жағдайдың өзiнде БЖЗҚ-да мерзiмсiз сақталады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31, 32, 33 баптарына сәйкес бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар толық көлемде және заңнамада белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

Одан басқа, Заңға сәйкес, салымшы немесе зейнетақы төлемдерiн алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына немесе жерлеудi жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 52,4 еселенген мөлшерi шегiнде жерлеуге арналған бiржолғы төлем төленедi. Бiрақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиiс. Егер, жерлеуге арналған бiржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейiн алушының зейнетақы шотында қалған қаражаттың сомасы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен зейнетақы мөлшерiнен аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған бiржолғы төлемнiң сомасына қосылып төленендi.

Сонымен қатар, «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» ҚР Салық кодексiнiң 158, 160 және 170- баптарына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi төлем көзiнен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Сондықтан аталмыш кодекстiң 158-бабының 1-тармағына сәйкес алушының БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi түрiндегi табысына Салық кодексiнде көзделген түзетулер мен салықтық шегерiмдердi ескере отырып 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады.

Қайтыс болған салымшының (алушының) мұрагерi оның зейнетақы жинақтарын алу үшiн БЖЗҚ кеңсесiне өзi келiп, сондай-ақ пошта байланысы немесе сенiм артылған адам арқылы өтiнiш бере алады.

Мұрагер өтiнiшке қоса мұрагерлiк құқығы туралы куәлiктiң түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi не мұраға берiлетiн мүлiктi бөлу туралы келiсiмнiң түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi және заңды күшiне енген сот шешiмiн ұсынуы тиiс.

Ұсыну тәсiлiне қарай құжаттардың тiзiмi Қор сайтының «Қызметтер» — «Алушыларға» — «Зейнетақы төлемдерiн рәсiмдеу тәртiбi» — «Алушының қайтыс болуына байланысты БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi» бөлiмiнде қолжетiмдi.

Құжаттар пакетi Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ұсынылған соң, БЖЗҚ құжаттарды қабылдаған немесе олар келiп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде зейнетақы жинақтарын төлеудi жүзеге асырады.

Парақтағы соңғы өзгерістер:: 21.08.2017 16:20
@2017 «Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM
Яндекс.Метрика

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

8 (71640) 9-17-42;

sandakimat@mail.ru