Жас маман – жарқын болашақ кепілі

«Дипломмен ауылға» мемлекеттiк бағдарламасы жастарға, жастардың болашағы үшiн жасалған үлкен мүмкiндiк. Бiздiң ауданымызда да осы бағдарламаның шапағатын көрген жастардың саны жыл санап еселенуде. Осындай жас маманның бiрi — Асаинова Диана Қайратқызы.

Диана Қайратқызы Құмдыкөл ауылының тумасы. Мектеп табалдырығын аттап, «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша Көкшетау медициналық колледжiне тегiн оқу жолдамасына ие болып, студент атанады. Оқуын абыройлы аяқтап, қолына дипломын алып, мемлекеттiк бағдарламаның шарты бойынша елге келiп, алғашқы еңбек жолын Веселое селосында бастайды.

Бiршама уақыт еңбек етiп, тәжiрибесiн шыңдаған Диана, Хуторок ауылына жұмысқа орналасып, бүгiнгi күнi аталмыш ауылдың беделдi дәрiгерi болып еңбек етiп келедi. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен-ақ өзiнiң туып өскен жерiне қызмет етудi көздеген екен. Осы тұста «Дипломмен ауылға» мемлекеттiк бағдарламасы оған көп септiгiн тигiзедi.

2016 жылы бағдарлама бойынша көтерме жәрдемақы мен баспаналы болу үшiн пайызсыз несиеге өтiнiш бередi. Бүгiнгi таңда мемлекеттiк бағдарлама аясында Диана Қайратқызы көптен күткен баспанасына қол жеткiзiп отыр.

Қазiргi уақытта заман талабына сай қызметiн абыроймен атқарып жүрген Диана дәрiгер — «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шарапатын көруде.

Мемлекетiмiзде жастарға қолдау көрсетiп, олардың жағдайын жасап жатқан осындай бағдарламалар елiмiздiң болашағы үшiн ұтымды қадам екенi анық.

Жас маман баспаналы болды. Осы қуанышымен құттықтап, шаңырағы шаттыққа толсын деймiз.

29.12.2017
LANG_PROSMOTR_COUNT 104