Балуандар бақ сынайды

Орталық коммуникациялар қызметiнде қазақ күресiнен «Қазақстан Барысы» Республикалық турнирiне арналған баспасөз маслихаты өттi. Шараға «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының директоры Еркiн Мұхамеджанов, "Қазақстан Барысы" қорының төрағасы Арман Шораев және меценат Оралбек Ботбай қатысты.

«Айта кетейiк, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң жүлдесi үшiн, Елорданың 20 жылдығына арналған қазақ күресiнен «Қазақстан Барысы» Республикалық турнирi 1 шiлде күнi Астанадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтетiн болады. Осымен сегiзiншi рет өтетiн беделдi бәсекеге елiмiздiң 14 облысы, Алматы мен Астана қалаларынан және әскерилер арасында iрiктеуден өткен, 35 үздiк балуан қатысады. Оның iшiнде былтырғы турнирдiң жеңiмпазы қатысушылар сапына iрiктеусiз қосылады. «Қазақстан Барысы» турнирiнiң әр жылдағы жеңiмпаз және жүлдегерлерi бүгiнде халық арасында өте танымал, бүгiнгi күннiң батырына айналған. «Қазақстан Барысы» турнирi 1 шiлде күнi 12:00-де басталып, балуандардың жеребе тарту рәсiмi өтедi, ал тартысты белдесулер жетi сағатқа созылады. Бiрақ шара бағдарламасында тек спорттық сайыс қана емес, сонымен қатар ұлттық би мен ән шырқалып, жарық пен музыканың керемет шоуы қарастырылған», дедi Арман Шораев.

«Қазақстан Барысы» турнирiнiң боз кiлемi бұрын бес жыл бойы «Сарыарқа» республикалық велотрегiнде төселсе, былтырдан бастап 2015 жылы бой көтерген «Барыс Аренада» өтуде. Заманауи спорт кешенiне 11 мыңға жуық көрермен сыйады. Жетiжылдық тәжiрибеге сүйене отырып, ұйымдастыру комитетi трибуналар бұл жолы да көрерменге толады деп жоспарлауда. Дәстүр бойынша жанкүйерлер арасында су жаңа автокөлiк Renault Logan ойнатылады. Қазiргi уақытта билеттер сатылымғы шықты. «Меломан» дүкендер желiсiнен және kassir.kz сайтынан 500 теңгеден бастап 5000 теңге арлығында сатып алуға мүмкiндiк бар. «Қазақстан Барысы» турнирiнiң жүлде қоры да қомақты. Жеңiмпаз атанған балуанға алтын белбеу және алтыннан құйылған «тайтұяқ» табысталады. Екiншi және үшiншi орынға сәйкесiнше күмiс және қола белбеу. Сонымен қатар, ақшалай жүлделер келесiдей. Әр белдесудегi жеңiске — 100 000 теңге, III орын — 1 800 000 теңге, бапкерiне — 900 000 теңге, II орын — 5 500 000 теңге, бапкерiне — 1 800 000 теңге, I орын — 25 000 000 теңге, бапкерiне — 3 500 000 теңге берiледi.

29.06.2018
LANG_PROSMOTR_COUNT 236