«Ұлы Дала рухы» фестивалі ұйымдастырылады

Орталық коммуникациялар қызметiнде Ұлттық спорт түрлерiнен Астана қаласының 20 жылдығына арналған республикалық «Ұлы Дала рухы» фестивалiне орайластырылған баспасөз-конференциясы өттi. Баспасөз-конференциясына Мәдениет және спорт министрлiгi Спорт және дене шынықтыру iстерi Комитетi төрағасы Серiк Жарасбаев пен Ұлттық Спорт түрлерi қауымдастығы Президентi Бекболат Тiлеухан қатысты.

«Мәдениет және спорт министрлiгi Астананың 20-жылдығын мерекелеу аясында бiраз ауқымды спорттық шараларды қолға алды. «Ұлы Дала рухының» ерекшелiгi — фестиваль елiмiздiң барлық өңiрiн қамтиды. Астана орталық болады, үш айдан соң, ақтық жарыстар Елордасында ұйымдастырылады», дедi Серiк Маратұлы. Ұлттық Спорт түрлерi Қауымдастығының Президентi Бекболат Тiлеухан, Ұлы Дала рухымен қатар, Астананың туған күнiне арналған «Астана кубогы» бәйгесi туралы тiлге тиек еттi.

«Биыл Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу кең ауқымда қолға алынды. Жыл басында «20 жылдыққа-20 iс-шара» атты кампания жұмысын бастағанбыз. Осы жоба бойынша бiраз шараларды өткiздiк. Сондай-ақ, Астананың туған күнiне «Астана кубогы» ат жарысын жоспарладық. Бұл бәйге екi қашықтық бойынша өтедi. Аламан — 25 шақырым, екiншi бәйге — 16 шақырым. Астана кубогын сарапқа салуға республикамыздың барлық облыстары, Астана , Алматы қалаларының атбегiлерi 2 жүйрiктен қоса алады», дедi Бекболат Тiлеухан. 4 шiлде күнi басталып, 16 қыркүйек күнi аяқталатын жастар арасындағы фестиваль бәсекесiне республика бойынша 7073 спортшы қатысады. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге iлу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресi, тоғызқұмалақ, асық ату түрiнен өтетiн жарыстар командалық тәртiпте жүргiзiледi. Үш айдан астам уақытқа созылатын бұл фестиваль II кезеңге бөлiнген. I кезең аймақтық iрiктеу жарыстары. Алғашқы кезең бәсекесi төрт аймақта өтедi. 4 шiлде күнi Қазмедиа орталығында фестивальдiң ашылу салтанаты және жеребе тарту рәсiмi болады. Осы жеребе бойынша өтетiн Республикамыздың Оңтүстiк, Шығыс, Батыс және Солтүстiк аймақтарындағы жарыстардың салтанатты ашылуы әр мерзiмге белгiленген. Атап айтқанда, 13-15 шiлде күндерi Шымкент қаласында Оңтүстiк аймақ, 27-29 шiлде күндерi Ақтөбе қаласында Батыс аймақ, 13-15 тамыз күндерi Павлодар қаласында Шығыс аймақ, 17-19 тамыз күндерi Астана қаласында Солтүстiк аймақ жарыстарының салтанатты ашылуы өткiзiледi. Сондай-ақ, көкпар, қазақ күресi, тоғызқұмалақ, асық ату спорт түрлерiнiң iрiктеу бәсекелерiн аймақтық өңiрлерде, ал, аударыспақ, жамбы, теңге, бәйге спорт түрлерiнiң iрiктеу бәсекелерiн Астанада өткiзу жоспарланған. Аймақтардағы iрiктеу жарыстары 31 тамызда мәреге жетедi. Елiмiздегi 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздiк шыққан командалар фестивальдiң II кезеңiне өтедi. Астана қаласында 11-16 қыркүйек күндерi аралығында өтетiн II кезеңге 250 жуық спортшы қатысады деп күтiлуде.

03.07.2018
LANG_PROSMOTR_COUNT 51