+A A -A

«Сандықтау ауданы әкімінің аппараты» MM

Қазақша Русский

Қоян бағып та қоңдануға болады

Жастар жылында ел еңсесiн көтеруге айтарлықтай септiгi тиiп жатқан демеудiң бiрi — «Zhas Project» бағдарламасы. Жолсапарға шыққанда осы бағдарлама арқылы алға ұмтылған жастарды көрiп, көңiл демдедiк. Қолынан келiп жатса, кәсiптiң жаманы жоқ. Қоян бағып та қоңдануға болады екен.

Бiркелдi, ұқыпты жасалған торлардың арғы жағында жыпырлаған үй қояндары астарына көпiрте салған, хош иiсi көкiрегiңдi керетiн көк шөптiң үстiнде жатыр екен. Алдарындағы кiшкентай ыдыстарға салынған арпаны қаужап қояды. Iрi, еттi тұқым. Петровка селосының тұрғыны Иван Штаховский орта мектептi бiтiргеннен кейiн өмiрден өз жолын iздеп, сан кәсiптiң жалына жармасып көрдi. Алдынан жұмыс үркiп, босағасына береке байланған замандастарына қарап қызығатын. Қолынан iс келгенiмен, бастапқы қаражатың болмағаннан кейiн бiр шаруаны тиянақтап бастап кету қиын екен. Жаз ортасында селодағы құрбыларынан мемлекет тарапынан жастарға жап-жақсы қамқорлық жасалып жатқандығын естiген. «Zhas Project» бағдарламасы. Аудан әкiмдiгiне барып, мән-жайын бiлдi. Түбегейлi түйсiнген кезде жерден жетi қоян тауып алғандай қуанған. Қоян демекшi, бұрын да үй қояндарын бағып көрген. Ешқандай қиындығы жоқ, әрi бұл өңiрде таңсық дүние.

Бағдарлама бойынша алғашқы 500 000 теңге қолынан тиген соң үй қояндарына арнап үйшiктер жасады. Қолынан көп нәрсе келетiн Иван торларын өзi тоқып, атқан оқтай түп-түзу қылып бекiттi. Бұрын қурай басып жатқан үй орнындай жерге қоян қорасын салып жатыр. Ендi төбесiн жауып алса, баспананың жайы шешiлгелi тұр.

–Калифорния қояндары,–дейдi жас кәсiпкер Иван,–отыз бас аналық тұқым сатып алдым. Әрқайсысы 7000 теңгеден. Iсiм оңғарылып кетсе, аналық үй қояндарының санын екi мыңға жеткiзбекшiмiн. Бағдарламаның тәртiбiне сәйкес, бұл iске көмекшiлер берiледi екен де, олардың әрқайсысына стипендия төленедi. Қандай тамаша?! Шын мәнiнде бұл ауыл-селолардың еңсесiн көтеретiн бастама. Мысалы, бiздiң селодағы бiлiм ошағында қазiр 40 бала ғана бар. Өйткенi, жастардың бәрi аудан орталығына, Нұр-Сұлтан қаласына кәсiп iздеп көшiп жатыр. Ендi осындай бағдарлама арқылы село жастары қол қусырып қарап отырмай, пайдалы кәсiппен айналысатын болса, қоныс аудармай, тұрақтап қалмай ма? Жастар қалса, мектептегi бала саны да көбейедi. Мұндағы жалғыз табыс табатын жер, мектеп қана ғой. Мектеп жабылмаса, мұғалiмдер де, ата-аналар да орнығып отырады. Демек, бағдарлама жалғыздың емес, жалпының жағдайын ойлайтын, шарапаты мол дүние.

Кәсiпкердiң айтуына қарағанда, қолындағы қояндарға әрқайсысы 350-400 келiлiк екi бума шөп, жарты тоннадай арпа қажет. Ал, қоянның көбеюi тез. Етiн сатуда да ешқандай қиындық тумайтын түрi бар. Өйткенi, ат тұяғы жететiн жердегi сауда сөрелерiнде қоян етi сатылып жатқан жоқ. Бұл өзi адам ағзасына өте пайдалы, жеңiл ет болып есептеледi. Қоян бағудағы өз тәжiрибесi бар, оның үстiне әлеуметтiк желiден көрiп үйренгенi бар, жас кәсiпкер қазiр алдымнан әлдебiр қиындық шығар деп отырған жоқ. Өзiнiң айтуына қарағанда, үй қояндары суықтан қорықпайды, тек өңмеңiңнен өкпек жел соғып тұрмаса болды.

–Алдағы уақытта басқа қояндарды сатып алып, тұқымын жетiлдiремiн. Сөйтiп, өз алдыма жаңа қоян тұқымын шығаруды армандаймын,–дейдi жас кәсiпкер,–табысым толымды болуы үшiн қоян етiн сатып қана қоймай, оның терiсiн де илеп, бас киiм, ұлтарақ, қолғап, бөкебай, тағы басқа күнделiктi қажеттi заттарды дайындағым келедi. Қазiр осындай дүниелер жасауды ептеп үйренiп жүрмiн. Бiздiң Балкашин төңiрегi табиғаты тамаша өңiр ғой. Егер жергiлiктi жерде туризм дамып, алыстан ат арылтып меймандар келiп жатса, қоян етiнен қуырдақ жасап берсем де, iсiм оңға баспай ма?..

Жас кәсiпкердiң жанға жағымды пiкiрiне ден қойдық. Әсiресе, аталмыш бағдарламаның ауыл тұрғындарын атамекендерiнде тұрақтандырып, өңiрдiң өңiн кiргiзуге септiгiн тиетiндiгiн дәл айтып тұр емес пе?!

24.10.2019
97