Болашақ жастардың қолында

Кез келген елдiң болашағы жаңа заманғы жастардың қолында екенi барлығына мәлiм. Мемлекет пен қоғамның дамуы, болашақтың жарқын болуы үшiн жастарды қолдау және ынталандыру аса маңызды. Мемлекетiмiзде «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында «Жастар тәжiрибесi» жұмыс iстеп, қоғамдағы жастардың өмiр сапасын жақсарту, жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттiк саясатты жандандыруда. Бұл — қолдарына диплом ұстап, өмiрге жолдама алған жастар үшiн таптырмас қолдау болып отыр.

Соңғы жылдары мемлекеттiк бағдарлама шеңберiнде ауданымызда тұрақты жұмысқа орналасып, бағдарламаның игiлiгiн көрiп отырған жастарымыз баршылық. Мереке Нұржұмаев сол бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандардың бiрi.

Мереке 1994 жылы Қостанай облысы, Арқалық қаласында дүниеге келген. Артынша Сандықтау жерiне ата-анасымен бiрге қоныс аударып, Балқашин №1 орта мектебiнде бiлiм алады. Мектептi аяқтап Екiбастұз қаласындағы инженерлiк техникалық институтына оқуға түседi.

Төрт жыл уақыт аралығында экономист мамандығы бойынша кәсiби бiлiм алған соң, Мереке жұмысқа орналасу мәселесiне тiреледi. Мемлекетiмiзде осындай ұтымды бағдарлама жайында бiлген жас маман, жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардың көмегiне жүгiнедi.

Кейiн «Жастар бағдарламасы» аясында 6 ай көлемiнде жұмыс жасап, мемлекеттiк қызметке өтiнiш бередi. Тестiлеудi ойдағыда тапсырып жоғарғы көрсеткiштерге қол жеткiзедi. Бiлiмiне тәнтi болған мамандар оған тұрақты жұмыс ұсынған.

Мiне, ағымдағы жылдың 4 қыркүйегiнен бастап Мереке Нұржұмаев экономика және қаржы бөлiмiне бас маман болып жұмысқа қабылданады. Жұмыс жасап жатқан мерзiм iшiнде көп нәрсе үйренiп, тәжiрибе жинақтаған мемлекеттiк қызметкер — мемлекеттiк бағдарламаның қолдауын сезiнген жас маман.

Болашаққа жол бастайтын жобаның бүгiнгi жастарға берерi мол. Ендеше болашақ ұрпақ мемлекет жасаған қамқорлықты тиiмдi пайдалану қажет. Тек әркiмнiң ынта-ықыласы болғаны қажет. Бүгiнде елiмiзде жұмыс iстеймiн дегенге бар жағдай жасалған десек артық айтқандық емес.

Мереке Нұржұмаевты келе жатқан жаңа жыл мерекесiмен құттықтап, алдағы уақытта толағай жетiстiктерi мол болсын деймiз!

04.01.2018
LANG_PROSMOTR_COUNT 142